Әлеуметтік желі – радикализмнің басты ошағы

0
802

Кез-келген әлемдік дәстүрлі діндердің негізгі міндеті – адамзаттың бойына ізгілік, мейірімділік, махаббат сезімдерін қалыптастыру және сол арқылы қоғамда тыныштық пен бейбітшілікті орнатып, тұрақтылықты сақтау және Жаратушы мен адамдардың арасында өзара байланыс орнату болып табылады. Десек те, кейбір топтар діннің мұндай құндылықтарын сырып қойып, дінді өз мүдделеріне пайдалану үшін өзге арнаға бұруға тырысып отырады. Оған дәлел ретінде соңғы уақыттардағы әлемде Ислам дінін ұстанушы мұсылмандардың арасынан діни фундаменталды, радикалды көзқарастағы адамдардың шығуы. Әрине, мұндай адамдар шынайы, дәстүрлі Исламды ұстанушылардың арасынан емес, жоғарыда айтқанымыздай белгілі бір мүддеге жетуі үшін Исламның құндылықтары мен алғы шартарын өзгертіп, теріс діни идеялогияны таратқан, сол идеялогияның құрбаны болған адамдардан шығады. Өкінішке орай, мұндай теріс пиғылды діни идеялогиялардың құрсауына ілінгендердің арасында өз еліміздің азаматтары да бар. Мұның басты себептерінің бірі – ғаламтор мен әлеуметтік желілердегі кереғар діни уағызшылардың әсері екені баршамызға белгілі.

Біз, қарапайым адамдардың немесе дәстүрлі дінді ұстанып жүрген кейбір адамдардың бойына қалайша діни фундаменталистік, радикалистік көзқарастар қалыптасатынын анықтау мақсатында дін мамандарына жүгініп, пікірлерін білген болатынбыз. Жалпы, кез-келген жат пиғылды діни идеялогиялық топтардың құрсауына түсетіндер негізінен — дінге жаңадан келген, діни сауаты төмен адамдар. Яғни, кез-келген діни ақпараттар мен мәліметтердің рас-өтірігіне көз жеткізе алмайтын, оны талдауға діни білімі жетпейтін және  дінге шынайы, күмәнсіз сенген адамдар. Деструктивті діни топтар осындай қарапайым дін ұстанушы адамдарды өз қатарына тарту барысында арнайы түрлі психологиялық теорияларды қолданады.

Бүгінгі күнде елімізде кез-келген кереғар діни таптардың діни идеологиясын емін-еркін таратыуына барынша тосқауылдар қойылған. Соның нәтижесінде олардың мешіттерде, көшелер мен қоғамдық орталарда өздерінің діни идеологияларын насихаттауы әдеуір тиылған. Десе де, қазіргі ғаламтор мен ақпараттық қоғамның дамыған кезеңінде олардың барлық іс-әрекеттеріне бірдей тойтарыс беру мүмкін емес. Себебі, кереғар діни ағымды  насихаттаушы уағызшылар әлемнің түкпір-түпкірінде отырып ғаламтор мен әлеуметтік желілерде өздерінің кереғар діни идеологиялары мен радикалдық көзқарастарын барынша кеңінен жаюға тырысып бағуда.

Бүгінгі жастардың басым көпшілігі кез-келген діни ақпараттар мен мәліметтерді алуда ғаламтор мен әлеуметтік желілерге жүгінетінін ескерсек, алаңдаушылық пен мазасыздануға негіз болады. Жоғарыда  айтып өткендей, дінге енді қызығып, рухани қажеттілігін қамтамасыз еткісі келген жастар ғаламтордан дін жайлы ақпараттар іздеу барысында кереғар діни ағымды насихаттаушы уағызшыларды тыңдап, оның дұрыс-бұрыстығына мән бермей, ажырата алмай кереғар діни ағымның құрығына бірден түсіп жататыны анық. Соның салдарынан дәстүрлі Исламнан жырақтанып, мешіттегі имамдарды тыңдамай, оларға қарсы шығып, бірте-бірте оның бойында радикалды көзқарас қалыптаса бастайды. Мұндай келеңсіз жайттардың алдын алу мақсатында, жастардың ғаламтордан дұрыс діни ақпараттар мен мәліметтерді алуға шақыру бағытында халық арасында түрлі кездесулер ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Дегенмен, баланың дұрыс тәлім-тәрбие алуына бірінші кезекте ата-ананың жауапкершілігі мен міндеті алдыңғы орында тұрады. Сондықтан да, өз ұлының қайдан діни ақпарат алып жатқанын және кімнен діни білім мен құлшылық жасауды үйреніп жүргенін қадалағап отыруы шарт. Егер де ата-анасының діннен хабары болмай немесе түсінбеген жағдайда, дінге қызығушылық танытқан баласын мешіт имамына немесе теолог мамандарға апарып кеңес алуы қажет. Себебі, қазіргі ғаламтор мен әлеуметтік желілердің дамыған заманында түрлі жат ағымдардың жетегінде кетуі әбден мүмкін.

Б.Жүнісов,
Шымкент қаласының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығының» әлеуметтанушысы