БАС МҮФТИ ИСЛАМ ЛИГАСЫНЫҢ ӨКІЛІМЕН КЕЗДЕСТІ

0
225

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Дүниежүзілік Ислам Лигасы Бас хатшысының халықаралық істер жөніндегі өкілі Әбдел Әзиз бен Ахмад Сархан мырзамен кездесті.

Кездесуде екіжақты ынтымақтастықты арттыру мәселелері сөз болды. Тараптар әлемдік сын-қатерлерге үн қатудың маңызын талқылап, мұсылман үмбетінің ауызбіршілігін нығайту жөнінде пікір алмасты.

Бас мүфти өткен айда Сауд Арабиясына жасаған сапарында Мекке қаласында Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы шейх, доктор Мұхаммед ибн Абдулкарим әл-Иссамен кездескенін жеткізіп, арада қалыптасқан достық байланысты әрі қарай дамытуға әрқашан ниетті екенін атап өтті.

«Мәртебелі Бас хатшыны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырдым. Құрметті Бас хатшы бұл ұсынысымды қолдайтынын жеткізіп, игі ниетін білдірді. Біздің мақсатымыз – әлемде болып жатқан жанжалды, дінаралық қақтығыстарды болдырмауға үлес қосу. Бұл бағытта біз ортақ мақсаттар үшін күш біріктіруіміз керек» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты арттыруға уағдаласты.