ШҚО: Кореялық ғалым – мұражайда

0
397

Оңтүстік Корея астанасы Сеулдегі Донгук университетінің профессоры, Әлеуметтік ғылымдар колледжінің президенті, жаһандық мәдени зерттеулер жөніндегі Корей қауымдастығының президенті Ким Джун Гван Шығыс Қазақстан облысына сапары аясында «Халифа Алтай» мешітіндегі «Ислам мәдениеті» мұражайын аралап көрді.

Мешіттің наиб имамы Дәулет Қабидолдин құрметті қонақтарға мұражайды аралатып, таныстырды. Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен ашылған бұл мұражай ұлттық және ислам жәдігерлеріне толы болуымен ерекше. Мұражайды аралау барысында наиб имам: «Біз тарихы бай, келешегі кемел ұлтпыз. Рухани жаңғыру аясында осы «Ислам мәдениеті» мұражайының мешітте ашылуы ұлтымыздың тарихи санасын жаңғыртып, мешіттердің мәдени-ғылыми орталыққа айналуына өз ықпалын тигізеді» деп, мұражай ашудың маңызы жайлы айтып өтті.

Ол сонымен қатар мұражайда ислам тарихымен қатар сонау сақ, ғұн дәуірінен бастап ұлтымыздың тарихынан мол мағлұмат беретін мұралар бар екендігіне тоқталып, бүгінгі таңда жастар, оқушылар, әр мемлекеттен келген туристер, басқа облыстардан қонақтар келіп тамашалап, тарихымыздан мол мағлұмат алып жатқандығын айтты.

Мұражайды аралаған Ким Джун Гван мырза қазақ халқының бай тарихына қатысты жәдігерлер мен көне жазбалардың замануи электронды нұсқасын тамашалап, мұражайды жоғары бағалады.