«Яссауи дүниесі» рухани орталығы ашылды

0
411

Бүгін ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2023 жылға арналған бағдарлық баяндамасына орай, Шымкент орталық мешітінде «Яссауи дүниесі» атындағы көне түркі кітаптарды оқыту орталығы ашылды. Аталмыш шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы арнайы қатысып, өкілдік жанындағы  имамдардың діни білімін арттыру һәм қайта даярлауға арналған курс жұмысымен танысып, ұстаздар мен қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, аталмыш «Яссауи дүниесі» атындағы көне түркі кітаптарды оқыту орталығының жетекшілік ету жұмысы дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміровке тапсырылды. Курс барысында   Құран, ақида, фиқһ  дәрістерімен бірге көне түркі тілінде жазылған Ханафи Мәзһабына негізделген бабалардың («Ғибадат исламия», «Устаз аууал», «Диуани хикмет», «Сопы Аллаяр») кітаптары тереңдетіліп оқытылады. Курс бағдарламасы 12 күнге  арналған. Тағылымдамадан өткен дін қызметкерлеріне арнайы сертификат табысталады. Курста Шымкент орталық мешітінің ұстазы, әйгілі Әл-Азһар университетінің түлектері Нұрсұлтан қари Мемедалиев, Дәулет Түленов, Ақтөре Тұрапбай және «Астана» медресесінің түлегі Аман Бекжігіт ұстаздарымыз дәріс жүргізеді. Айта кетсек, Шымкент қаласы бойынша 91 мешіттің 260-тан астам қызметкерлер аталмыш қысқа мерзімді курсқа қатысып, тағылымдамадан өтетін болады.

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі