Жастар теріс ағымның жетегіне неге тез ереді?

0
700

Жастардың дін ұстануға қызығушылығы артып келеді. Әрине, бұл қуантарлық жайт. Десек те дінді жетік түсініп үлгермеген жас жеткіншектердің сенгіштігін пайдаланып, өзінің арам пиғылын іске асыруға тырысатындар да жеткілікті. Дінге бет бұрып құран, намаз оқуды жаңадан үйреніп келе жатқан жастар бағыт-бағдарды кімнен алады? Жастар құран мен намазды мешіт имамдарынан емес, ғаламтордан үйренуді неге жөн санайды? Баласының дінге бет бұрғанын байқаған ата-ана неге медресседен білім алуға апармайды? Көкейді кернеген түрлі сауалдардың жауабын зерттеуге тырыстым. Қарап отырсақ, цифрландыру жүйесі дінді де айналып өтпегені байқалады. Ғаламтор арқылы құран және намаз оқу, дәрет алу, дін туралы ілім, діни салт-дәстүр және тағы да басқа да дінге қатысты ақпаратты оңай табуға болады. Интернет желісі арқылы діни ақпарат алу үшін бар болғаны іздеу жүйесіне өзіңізді қызықтыратын сұрақты қойсаңыз жеткілікті. Ал ғаламтор ары қарай сіздің іздеген сұрағыңыздың көптеген жауабын шығарып береді. Өзіңізге қажетті ақпаратты оқып немесе видеосын көруіңізге де болады. Өкінішке орай, бұл ақпараттардың арасында жасырын арам пиғылын іске асырғысы келетіндер де толып жатыр. Сонымен қатар, баласының дінге деген қызығушылығы оянғанын байқаған ата-ана оның білімін жетілдіру үшін діни кітапттарды берудің орнына интернеттен ақпарат алуға жағдай жасайды. Оң мен солын танып үлгермеген жас жеткіншек діни білімді ғаламтордан қалай алсын? Интернет ақпарат алудың ең оңай жолы, көкейдегі әрбір сұраққа жауап алу да қол жетімді. Бірақ, осы ғаламторға көп сенудің қажеті жоқ екенін естен шығарып алатынымыз өкінішті-ақ… Радикалды дінді жақтаушылар өздерінің теріс пиғылын интернет арқылы іске асыратынын білсек те, баланы өз қолымызбен аждаханың апанына енуіне жол ашып бергенін кейбір ата-ана білмейтін болса керек. Діни білімін жетілдіргісі келген баланы жетектеп медресеге, я болмаса мешіт имамынан білім алуға ертіп баруға олар уақыт таппайды. Ал баласы радикалды діни ағымның жетегіне ерген кезде өзгені кінәлі санайды. Қандай білім алса да, сол білімнің алғашқы кірпішін қалауға үйрететін баланың әкесі мен шешесі. Ата-ана көрсеткен жолмен бала білім алатынын естен шығармағанымыз абзал. Жастардың радикалды діни ағымның жетегінде кетуінің бірнеше себебі бар. Соның басты себептерін атап айтар болсақ, біріншіден ол адамның діни сауатсыздығы. Олай дейтініміз, діни ілім алмаған адам, ілімді өз бетінше ғаламтор арқылы іздейді. Дінге шала сауатпен келген жас жеткіншек өзінің қалай адасқанын аңғармай қалады. Теріс ағымға арбаушылар көбінесе өмірлік тәжірбиесі аз, уақытша қиындыққа төзімсіз, діни сауаты таяз жастарды тартуға тырысады. Өйткені, білімсіз адамның аңғал, көнгіш, сенгіш, еліктегіш келетінін олар жақсы біледі. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен видеохостингтерде өндірілетін және таратылатын түсініксіз әрі жат діни ағымды жақтаушылардың жасырын пиғылын насихаттайтын таралымдардың тым көптігіне байланысты. Олар өздерінің түсірген видео немесе ақпаратарына «лайк» және қоңыраушаларды басқан адамдардың сеніміне кіруге тырысады. Сөйтіп, өздерінің желі қолданушыларына бірегей, ерекше және сирек кадрларды, пікірлерді, әзілдерді, өзгеше контенттерді ұсынады, осындай арбаушылардың парақшасына жазылудың салдары жастарды адастыратыны хақ. Ал екінші себепке тоқталар болсақ, қазіргі интернет пен әлеуметтік желілердегі тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сайттардың еркін қолжетімділігі де жастарды жарға жығуға итермелейді. Қарап отырсаңыз, мектеп қабырғасын аттаған баланың қолына ұялы телефон әперіп, интернетке емін-еркін кіріп, өзінің қалағанын көруге жағдай жасап қойғанбыз. Жастар интернетте жарияланған «дұрыс» немесе «бұрыс» діни мәліметтерге, видеоларға имандай сеніп, оларға лайк басып, пікір жазып, сол ақпаратты өзгелерге бөлісуді үрдіске айналдырған.

Үшінші себеп – отбасындағы тәрбие. Қазіргі таңда, күн көрістің қамымен ата-ана баласын жалғыз қараусыз қалдырып, таң атқаннан, күн батқанша жұмыста жүреді. Ал кейбір әке мен шеше балаларын туыстарына қалдырып жұмыс жасау үшін өзге елге кетеді. Ата-ана мейіріміне, тәрбиеге мұқтаж бала жылулықты көшеден іздейтіні белгілі. Ата-анасынан ала алмаған қамқорлықты сырттан іздеген жастардың тағдыры орны толмас өкінішке әкеп соқтыруда. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадиснде былай дейді: «Әкенің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі». Отбасында дәстүрлі дін мен радикалды діни ағымның салдарын ажырата білмеген бала, өскенде көкейінде жүрген діни сұрақтың жауабын ата-анасынан ала алмағандықтан, ғаламтордан немесе көшедегі жат ағымның өкілінен сұрап, олардың тұзағына оп-оңай түседі. Отбасындағы тәрбие мен діни сенімнің ұштасып тұрғанын естен шығармаған жөн. Төртінші себеп – әлеуметтік жағдайдың нашарлығы және жұмыссыздық. Жағдайы төмен немесе жұмыс іздеп сенделіп жүрген жастар әлеуметтік желідегі әртүрлі жарнамаларға тез сенеді. «Тұрмыстың тапшылығы тауқыметінен жаман» демекші лаңкестік идеологияға бой алдырған адамдардың біразының тұрақты жұмыс орны жоқ. Олардың басым бөлігінің баспанасы жоқ, тұрмыстық деңгейі де төмен. Жұмыссыздықтан, тұрмыстық тауқыметтің ауырлығынан шаршаған адам айналасындағылардан көмек сұрайды. Осындай оңтайлы сәтті жат ағым өкілдері өз пайдасына асырып, қаржыдан қысылған адамға көмек қолын созып өздерінің айтқанын жасауына мәжбүрлейді. Соңғы кездері, радикалды дінді жақтаушылар «таргет» арқылы өздерінің ақпараттарын жарнамалауға көшкен. Жастар көкейінде жүрген сұрақтың жауабын білу үшін сондай жарнаманы көріп, сілтемеге өткеннен кейін деструктивті ағымдардың топтарына тап болады, ары қарай радикалды діни көзқарас пайда болады. Олар адамды қызықтыратын сұрақтар мен әңгімелерге тарту арқылы өздерінің тобына кіргізіп алады. Әрбір ата-ана әлеуметтік желіні пайдаланатын баланың осындай күмәнді сілтемелерге кіруін қадағалап отыруы керек. Бесіншіден, психологиялық күйзеліске ұшыраған адам да жат діни ағымның жетегіне тез еріп кетеді. Себебі, қоғамнан шеттеп қалған жастар жақын жандарды жат санап, өзіне жылы сөйлеген бейтаныс адамға іш тарта бастайды. Арбаушылар әлеуметтік желі және сөйлесу арқылы психологиялық күйзеліске ұшыраған адамның сеніміне кіріп, оның санасын улай бастайды. Біз күйзеліске ұшыраған адамды психолог маманына көрсетудің орнына оны әркімнің айтуы бойынша емдейміз. Осындай бейтарап емдеудің нәтижесінің салдары орны толмас өкінішке алып келіп соқтырады. Алтыншыдан, жастардың радикалды діни ағымның жетегіне кетуге жұмыс орны мен оның араласатын ортасы да әсер етеді. Қарап отырсаңыз, дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшелері мемлекеттің жұмысынан бас тартып, сауда-саттықты берекесі бар, сүннет амалдардың біріне балап, көпшілігі жеке кәсіппен айналысады. Деструктивті теріс пиғылды жат ағымның жетегінде жүрген азаматтардың арасында да кәсіптің көзін тапқан, материалдық жағдайы жақсы, қалтасы қалың азаматтар бар. Олар өз қастарына жұмыссыз жүрген жастарды жұмысқа тарта бастайды. Әрине, олар жұмысқа өзімен пікірлес, діни көзқарасы сәйкес келетін сенімді адамдарды іздейді. Не болмаса, діни сауаты жоқ жастарды қарамағына тартып, оларға радикалды діни үгіт-насихат жүргізіп, қатарын толықтыра түседі. Сонымен қатар, әлеуметтік зерттеулердің нәтижесінде кейбір жастар дінге араласатын достарының ықпалымен келгендігін көрсетеді. Себебі, жоғарғы оқу орнының табалдырығын аттаған жас студент шала сауатты, уағыз айтқыш жаңадан танысқан досының сөзіне еріп кететін жағдайлар жиі кездеседі. Шала сауаттылардың айтқан уағыз-насихаттарына уланып, жастардың дінге деген көзқарасы бұрыс жағына қарай өзгеріп шыға келеді. Жетіншіден, шетелдегі заңсыз оқу орындарында білім алу да жастарды адастырады. Себебі, еліміз тәуелсіздігін алып, қанатын кеңге жая бастағанда жастарымыздың басым бөлігі діни білім алу үшін шетелге кетті. Ол жылдары елімізде сауатты діни білім беретін оқу орындары аз еді. Шетелдің пір тұтқан дін уағыздаушысынан ілім алу жастардың басына қонған бақпен пар-пар болғаны анық. Ата-анасы «балам шетелде білім алып, елге имам болып келеді» деп қуанатын. Ал баласы болса, еліне келіп дәстүрлі дінді жоққа шығарып, өзінің ілімі бойынша «ислами мемлекет құруға» тырысты. Осындай теріс пиғылды ілімнің жетегінде кеткен қаншама жастарымыздың өмірі темір қапаста өтті десеңізші?! Оған кім кінәлі? Жастардың бойындағы патриоттық және дәстүрлі дінге деген сезімді  қалыптастыру қажет. Себебі, 2000-жылдары көше кезіп, үй-үйді аралап өзге дінді насихаттап кітаптар мен жадынамалар таратып өзінің арам пиғылын іске асыратындардың жұмысы әлдеқайда жеңілдеді. Олай дейтінім, олар «ислам» деген қасиетті атты жамылып, өзінің теріс діни ағымдарын үйден шықпай-ақ әлеуметтік желі арқылы насихаттап жұмысын жүзеге асырып жүр. Олардың бұл әрекеті, әсіресе, діни сауатын жаңа ашып жүрген жастар мен жасөспірімдер үшін өте қауіпті. Асхат Дүйсен, Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы-теолог маманы: – «Жүре берсең, көре бересің» дегендей, осы күндері жасына жетпей ата сақалы беліне түсетіндерді де, арнайы діни сауат алмаған жап-жас басымен уағыз айтатындарды да көріп жүрміз. Тіпті, әйелдер де елге уағыз айта бастады. Әсіресе бүгінгі күні ғаламтор беттерінде және әлеуметтік желілерде уағызшылардың саны көбейді. Қарапайым халық бұл дінсымақтарды тыңдағанда қайсы дұрыс, қайсы бұрыс айтып жатқанын ажырата алмайтын жағдайға жетті. Олардың айтылған насихат мәселесіне келсек, Отан, ұлттық құндылықтар деген сөз шықпайды. Тек бір дінмен шектеледі. Қазір осындай дінге қатысы жоқ дүмше білгіштер дінді насихат көзіне айналдырып жіберді. Мұның ар жағында озбыр саясат тұруы әбден мүмкін. Нұрдәулет Әшірбаев, Шымкент қаласы және Түркістан облысына қарасты ҚАЖД бойынша Келес аудандық пробация қызметінің бастығы, әділет майоры: – Радикалды діни ағымның жетегіне еріп, өзінің қателігін кеш түсінгендер жетерлік. Деструктивті ағымдардан сақтану қажет. Дін дегеніміз өте күрделі. Ол туралы ақпаратты кез келген орындардан емес, рұқсат етілген кітаптар мен сайттардан алған дұрыс. Және де еліктіру жолдары әлеуметтік желілерде тез таралады, оны дін жолына аяқ басқан жастарымыз осы дұрыс екен деп қабылдайды. Сондықтан діни секталардың құрбанына айналмас үшін діни білімімізді арнайы оқу орындарынан және діни орталықтан сұрап білулеріңізге болады. Қазіргі таңда Келес аудандық пробация қызметінің есебінде екі сотталған әлеуметтік желі арқылы теріс діни ағымды өзгелерге таратқаны үшін бас бостандығынан шектеу жазасына тартылып, сот жүктеген міндетті орындауда. Теріс діни ағымды насихаттаған адамдар ҚР ҚК 147 бабы бойынша жазаға тартылатынын естен шығармаса екен. Өрікбай Абаев, Түркістан облысының тұрғыны: – Алғашында мешіт имамдарынан намазды Әбу Ханифа мазһабы бойынша үйреніп, оқи бастадым. Достарымның ықпалымен Сауд Арабиясының шейхтары Абдулуахаб мен Албанинің кітаптарын оқып, мәзһаптан бас тартып, намазды «сүнна» бойынша оқыдым. Дінге өзім қызыға бастадым. Мен ұстазға барған емеспін. Діннен хабарымыз болмағандықтан, сұраққа жауапты өзім іздедім. Кейін бір-бірімізден кімнен білім алуға болатындығын сұрастырдық. Интернет желісінен араб елдерінің шейхтарының жағымсыз уағыздарын тыңдап, мешіт имамдарын адасқан, бидғатшы «дінге жаңалық енгізуші, адамдарды адастырушы» деп айыптадым. Имамдардың айтқан уағыздарына құлақ аспай, намазды жан-тәннімен беріліп бұрынғыдай оқымайтын болдым. Себебі, араб шейхтарының уағызы, біздің еліміздегі имамдарға және ата-бабамыз ұстанып келген «дінге» деген жаман ой қалыптастырды. Дәстүрлі дінге сенім жоғалып, оның орнына «радикалды дінге» деген оң көзқарас пайда болды. Теріс дінді уағыздаушылардың мына сөзін санама түйіп алдым: «Мұсылман мен кәпірдің айырмасы – намаз» деген хадисті теріс түсініп намаз оқымайтын адамдарға «кәпір» деп қарадым. Олармен соғысу керек, оларды өлтіру сауап іс, осы жолда шаһид болған адам Аллаға жақын болады» деген ұстаным санамды жаулап алды. Сирия елі мен үшін «Ислами мемлекет» деп түсіндім. Сол елге барсам деп армандадым. Осындай суреттерді, видеоларды әлеуметтік желі арқылы тарата бастадым. Өзімнің жасап жүрген ісімді дұрыс деп санадым. Қазір осы істегеніме қатты өкінемін. Шымкент қаласындағы ИЧ-167/31 мекемесінде 8 жыл жазамды өтеп шықтым. Оңалту жұмыстарын жүргізетін мекеме қызметкерлері мен имам-теологтардың діни танымдық түсіндіру жұмыстарының арқасында көп нәрселерді білдім. Сирия жеріндегі жағдай діни жағдай емес саяси қарулы қақтығыс екенін түсіндім. Бақылауда тұрамын. Жұмысқа да орналаса алмай, үйде отырмын. Балаларыма дәстүрлі дінді түсіндіріп, радикалды діннен аулақ болуын ұғындырудамын.

Раушан НАРБЕК, Түркістан облысы