Рамазан – татулық, сабырлық, шүкіршілік айы

0
376

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Біздің халқымыз ежелден рамазанды ерекше қастерлеп, «Он екі айдың сұлтаны» деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал ауызашар дастарханы рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз.

Рамазан айы һижри жыл санағы бойынша реттілік жағынан Шағбан айынан кейінгі тоғызыншы ай болып табылады. Алла Тағала Рамазан айын басқа айлардан әлдеқайда артық қылып мәртебесін көтерді. Себебі бұл айда Исламның негізінен болған –Ораза ғибадаты парыз болды.

Рамазан сөзі арап тіліндегі (رمض ) түбірінен шығып, сөздікте өте қатты ыстық деген мағынаны білдіреді. Экватор бойында жайғасқан елдімекендердің жаз мезгіліндегі ыстығы ерекше болады. Себебі күннің қызуы жердегі құмды қыздырып, ауа райының ыстықтығы екі жақты әсер етеді. Яғни күн сәулесінің ыстықтығы мен жердегі құмның ыстықтығы. Сол үшін болса керек осы уақытқа дейін әлемде ең жүйрік аттар арап аттары болып есептелген. Өйткені туылғаннан бастап жердің ыстықтығының себебінен бір орында тұра алмаған жылқылар әрдайым қозғалыста, шабыс-жүгіруде болғандықтары себепті жүйрік болған.

Адамзаттың асыл тәжі болған Пайғамбарымыз өзінің хадис шәрифінде: «Ислам бес нәрсенің негізінде құрылған. Біріншісі Алладан басқа Тәңір жоқ екендігіне, Мұхаммед (с.а.у.) Алланың құлы әрі елшісі екендігінде куәлік ету. Екіншісі Намаз оқу, үшіншісі зекет беру, төртіншісі қажылыққа бару, бесіншісі Рамазан оразасын ұстау!», деп бұйырады.

Бұл айды қуанышпен қарсы алып, Аллаға шүкір айтумен, тәубе етіп, зікір етумен өткізу әрбір мұсылманның міндеті. Рамазан оразасын соңына дейін ұстауға сонымен қоса осы айдың түндерін де ғибадатпен өткізуге бел буу уәде етілген сауаптарға кенелудің бірден-бір себебі болып табылады.

Бұл айдың басқа айдан артық екендігіне Ислам ғұламалары бірнеше артықшылықтарын баяндаған:

· Бұл айда жұмақ есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады.

· Шайтандар кісенделеді.

· Алла Тағала бұл айда қасиетті Құран Кәрімді түсірген.

· Бұл айда мың айдан артық болған қадір түні бар.

· Бұл айда сауаптар еселеніп, көбейеді.

· Бұл айда Алла Тағала өзінің құлдарының ризық-несібелерін күтпеген жерден арттырып береді.

· Бұл айда Алла Тағала тәубе қылған құлдарының күнәларын кешіріп, тозақтан құтқарады.

· Бұл айда Алла Тағала өзінің мейірімін ерекше жаудырады.

· Бұл айда жасалған дұғалар еш күмансыз қабыл болады.

· Бұл айдың түндерін құлшылықпен өткізуді күналардың кешірілуіне себеп қылды.

Алғашқы он күндігі мейірім, екінші он күндігі кешірім, соңғы он күндігі тозақтан құтылу болған бұл қасиетті Рамазан айында Алла Тағала қылған құлшылық-ғибадаттарымыз бен қайыр-ихсан садақаларымызды қабыл етіп, өзінің мейіріміне қауышуға және жұмаққа кіруге себеп болатын жақсы амалдарға жақын болуға нәсіп еткей! Әмин!

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Байманова Тыныштық