Радикалды идеологиялық санадан сақтанудың жолдары

0
320

Дін саласы бойынша қаншама жұмыстар жүргізіліп, ақпараттық түсіндірме жасалғанмен әлі күнге дейін дәстүрлі ислам дінін теріске шығарып жатқан жат ағым жақтаушылары азаяр емес. Елімізде қазіргі таңда дәстүрлі ислам діні, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабы және Матуруди сенімі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, қоғамда қалыптасқан саяз сана әлі де түзелер емес.

Дәстүр, салт, сана, ұлттық код, ұлттық құндылық, әдеп, ғұрып барлығының бастау жолы бейбітшілік діні – Ислам. Ислам діні 14 ғасыр бойы үздіксіз, үзіліссіз, өз миссиясын іске асырып келеді. Жер беті адамдарының түр-түрге, ұлт-ұлтқа бөлмей басын біріктіре алған ислам діні кіршіксіз таза дін. Ал осы нәзік дінімізді қазіргі қоғамда әр түрлі жолға салып, билікке жету мақсатында жеке мүддесіне пайдаланып жатқан, топтар, ұйымдар бар. Мұның бәрі әуелі көкірек көзін ашпағандықтан, сауатын жеткілікті түрде алмағандықтан шығады. Құранда алғаш түскен «Оқы» аяты секілді, адам баласына ең алдымен оқу, білім алу, білу, көру, үйрену парыз. Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай, «Бір Аллаға сиынып, Кел балалар оқылық!…» барша адамзат баласын оқу-білімге, ғылымға шақыруда. Демек, сөз басын Алла атымен бастап, білімге шақыру ол өзімізден ілгеріде өткен ағартушы, педагог, жазушы аталарымыздан келе жатқан дәстүр. Осыдан келе дәстүрімізді діннен бастау алды десек, жаңылысқанымыз ба? Әлде ата-бабамыз жаңылысты ма?

Радикалды идеологиялық санадан сақтанудың жолдары діни сауатты тиісті орындардан, мекемелерден, ҚМДБ бекіткен арнайы ұстаз, имамдардан, жоғары оқу орындарын оқу арқылы арнайы білім алу. Әрбір адам баласы көкірек көзі ашық, таным көкжиегі кең, ой-өрісі толысқан сәтте өзін де, қоршаған ортаны да дұрыс таниды. Өзін дұрыс қабылдаған алған адам, әлемге дұрыс көзқарас танытады. Елдің тыныштығын, бейбішілікті, дамыған елде өмір сүруді, елді басқаратын, елдің тұтқасы болатын білімді, сауатты жастардың көп болуы, әлемге мейірімді жүрекпен қарайтын жандардың артуы барша адамзат баласының қалауы саналады.

Мадина ҚАЛМАТАЕВА

Шымкент қаласы дін істері басқармасы

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің теолог маманы.