БАС МҮФТИ МЕДРЕСЕ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАДЫ

0
161

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Астана» медресе-колледжінің 2023 жылғы түлектеріне диплом табыстады.  

«Жолың болсын, жас түлек» шарасы қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, Бас мүфти ел амандығы үшін дұға жасады. Бұдан кейін түлектерге диплом табыстау рәсімінде ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы шәкірттерге насихат айтып, батасын берді.

«Білім – дипломмен өлшенбейді. Сапалы мамандық иесі атанумен айқындалады. Сіздер діни білімді, шариғатты оқыған соң жауапкершілік арта түседі. Хәкім Абай атамыз: «Адам баласының ең жаманы – талапсыздық» дейді. Ал Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  білім турасында мәшһүр хадисінде:

«Білімді талап ету әрбір мұсылманға – парыз» деген. Әрине, сіздер талаптану, еңбектену арқылы ілім жолына түстіңіздер. Оқу – инемен құдық қазғандай деп бекер айтылмаса керек. Ендеше осы жолда, діни білім алу жолындағы әр күндеріңіз сауапқа толы болсын» деді Бас мүфти.

Айта кетейік, биыл «Астана» медресе-колледжін 28 студент тәмәмдады. Олардың 19-ы ер бала, 9-ы қыз бала. Сондай-ақ 4 ер бала мен 1 қыз бала үздік диплом иегері атанды. Марапаттау рәсімінде Бас мүфти мысырлық ұстаз Мұхаммед Ибраһим Али аш-Шаврауиге айрықша алғысын білдіріп, сый жасады. Бұдан бөлек ҚМДБ Төрағасы республикалық медресеаралық олимпиада жеңімпазы Назарбай Өтеген мен медресе қабырғасында құранды толық жаттап қари атанған Ізтілекбайхон Сағынбайға, үздік студенттердің бірі Жандос Саменовке қаржылай сертификат табыстады. Аталмыш үш шәкірт те жуырда ғана Түркияның «Хасеки» академиясында білімін жалғастыруға жолдама алды.