Маңғыстау: Құрбан айтқа қатысты брифинг өтті

0
198

Келе жатқан Құрбан айт мейрамы туралы халықтың сұрақтарына жауап беру мақсатында Ақтау қаласындағы Қоғамдық коммуникация орталығында арнайы брифинг ұйымдастырылды.

Брифингке Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы, Маңғыстау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асылбек Хамзеұлы және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Әнуар қажы Ізімбайұлы айт намазының жергілікті мешіттерде 28 шілде таңғы сағат 6:30-да оқылатынын айтып өтіп, құрбандық шалуға қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді. Атап айтқанда, құрбандыққа шалынатын қой немесе ешкінің жасы кемі 1 жас, сиырдың жасы кемі 2 жас, ал түйенің жасы кемі 5 жас болуы керектігі айтылды.

Дәстүрлі түрде құрбандық шалу рәсімі қасапханаларда жүзеге асады. Осы мақсатта Маңғыстау облысы бойынша мал сойылатын орындар белгіленіп, қасапшылар қызмет етеді. Бұдан бөлек облыс бас имамы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан құрылған Qurban2023.kz сайты арқылы тапсырыс беру жолдарын түсіндіріп өтті.

Облыс бас имамының айтуынша, жергілікті мешіттерде айт намазынан соң киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылатын болады.

Өз кезегінде Асылбек Хамзеұлы құрбандыққа сойылатын малдың ветеринарлық анықтамасының және өзге де құжатының толық болуы туралы сөз қозғап, құрбан айт мерекесі кезінде тамақтан уланудың және жіті ішек инфекцияларының алдын алу үшін арнайы кеңестер ұсынды.