Дәстүрлі діннің тағылымы

0
281

Ислам діні пайда болған кезеңнен бастап нағыз зиялы адамдарды қоғам алдына шығарған. Діннің қасиетін түсініп, одан тәлім алған адамдар білімін кеңейтіп, халыққа пайдасы мол дұрыс ілімі арқылы тарихта қалған. Дінді таза ұстап, дәстүрін, ұлттық болмысын тереңдете білген ұлттар, тағылымы мол тарихты ұрпағына табыстап, бейбіт өмір сүрудің қағидасын қалыптастырып отырған. Бұндай дәстүр адамзат әлемінде әлі де жалғасып келеді. Себебі, талай ғасыр өтсе де қасиетті Құран Кәрім өзгерген жоқ (өзгермейді де), ал діннің ұстазы Пайғамбарымыздың хикметтері сол қалпында, жаңа уақытқа, жаңа өмірге, ұрпақ қажеттілігіне сай түлеп отырады.

Дәстүрлі дін деп ұлт болмысымен байланысып, ел мәдениетінің бойындағы құндылықтарды сақтап, өрісін кеңейтіп отырған, елдің дәстүрі мен тарихының тәжірибелері (тағылымы) арқылы ұрпақ тарапынан қорғалып, сақталып келген дінді айтмыз.

Дәстүрлі діннің жолында аға ұрпақ буынның зиялылығы, еңбегі, білімділігі, тарихының тағылымы мен ілімдері сақталады. Нағыз діни тұлғалардың тарихи беделін халық, ұрпақ жадында сақтауға ұмтылады. Бір сөзбен айтқанда, дін мен ұрпақ арасында этикалық ұстаным, адамгершілік жоғалмайды. Тарихтағы діннің беделі, халық өмірін көркейтудегі діни тұлғалардың даналығы, қасиеті, қажырлы еңбектері әрқашан ұрпақ жадында сақталуы қажет және оны келер ұрпақ өзіне өнеге тұтып отыруы өте маңызды. Шындығын айтқанда, тарихта дін мен халық үшін ғылым жолын қуған діни тұлға мен компьютер арқылы ғаламтордан ақпарат алған адамның дүниетанымын салыстыру мүмкін емес. Мәселен, бір ғана Шәкәрім данамыздың дін мен ғылым жолындағы ізденісінің өзі халық игілігі жолындағы жауапкершіліктен туындаған. Абай мен Шәкәрімнің жазып кеткен еңбектері діннің барлық нәрседен жоғары екендігін, кез-келген адамның дін білімін өзіне бағындыруының мүмкін еместігін дәлелдейді, түсіндіреді.

Дінге атақ іздеп келу үлкен адасушылық. Дін өзіне бет бұрған адамнын кемелділік, абырой, тазалық, қасиет пен білім, ақиқат пен шынайылық, еңбекқорлық секілді биік адами сапаларды талап етеді. Қазақ халқы осы себептен де дін ілімін атадан балаға үйреткен. Мәселен, қазақ тарихында діни адам көп баласының ішінен дінге бейімділігі бар баласын ғана ел үшін дін жолына бейімдеген. Баланы жастайынан ер жеткенше дін біліміне өзі үйретіп, есейгенде үлкен медреселерге оқытатын болған. Негізгі мақсат ислам дінін жетік білетін және өзінің тарихын, дәстүрін, ата-бабасының ілімін жалғастыратын тұлғаларды тәрбиелеу еді. Қазақтың діни тұлғаларының ұстаздық тәжірибесіне қарап ұлттық мүдде ісіне ерте қамданып, діни сауаттылық пен тарихи білімге ерекше мән бергендігін, сол арқылы ұлттың рухани тереңдігін сақтап отыруға ұмтылғандығын байқаймыз. Себебі, ұлттың дәстүрі, ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселелері Пайғамбарымыз Мұхммед (с.ғ.с.) хадистерінде айтылған: «Балаларыңызды құрметтеңіздер, олардың әдептерін жақсартыңыздар, оларды жақсы тәрбиелеңіздер», «Ешбір әке баласына жақсы тәрбиеден артық сыйлық берген болмайды», «Кісінің баласын жақсы тәрбие етуі, садақа бергеннен жақсы». Қазақтың діни танымында балаға тәрбие беру ісі елін, халқының мүддесін құрметтеу қабілетімен Отанын қорғай алатын парасатты ұрпақты қалыптастыру деген түсінікті көрсететін еді.

Дәстүрлі дініміз талай аласапыран уақыттарда елдігіміздің сақталуына қызмет еткен еді. ХХІ ғасырдың жаһандық қауіп-қатерлерінен ұрпақты сақтаудың төте жолы ғасырлар қойнауынан тамырын тартқан дәстүрлі дінімізден ажырамау. Бізге өзгеше жаңалықтар ойлап табудың қажеті шамалы. Өйткені, жырау, одан кейінгі Абай, Шәкәрім сынды ғұламалар ұрпағын түзу дінге жетелеп кеткен еді. Сол рухани дүниелерді өрімтал жас бойына сіңіргенде мемлекеттілігіміздің тұғырлы, ұлттық рухымыздың биік болатындығы анық.

Бексұлтан ЖҰМАДІЛЛӘ, 
Шымкент қаласы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог маманы.