Бүгін, 10 тамыз қазақтың ұлы ақыны хакім Абайдың туғанына 172 жыл толды.  Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор, данышпан-ойшыл. Ол ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау ете білген ұлы тұлға. Жалпы Абайдың қай күні дүниеге келгеніне байланысты кереғар пікірлер көп. Бірі ұлы ақынды 10 тамызда дүниеге келген десе, енді бірі 23 тамызда туған деген пікір айтады. Дегенмен ақын ескі жыл қайыру бойынша 10 тамызда туған. Ал 1917 жылдан бастап, бұл 23 тамызға сәйкес келеді екен. Бұдан бөлек қазақ зиялыларының туған күніне қатысты кейінгі кездері қарма-қайшы пікірлер көп. Ал хәкім Абайдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық мерейтойлары 10 тамызда тойланғанын да ескерген жөн. Тіпті мектеп оқулықтарында ақын 1845 жылы 10 тамызда дүние есігін ашты деп жазылған. Не десек те, ұлыларымызға жыл он екі ай тағзым етіп, ұлықтау артықтық етпейді. Ал олардың тап қай жылы, қай күні туғаны туралы тереңірек айту деректі фильмдер, болмаса тарихи зерттеулердің еншісінде. Тек, тұтас көшпелінің адамзат қоғамына қосқан ұлы тұлғасы Абайды, алдағы ұрпақтың санасына құлыптастай бәдіздеу бүгінгі буынның борышы. Қадірлі Абай дәуір мен дәуірдің, заман мен заманның, тіпті тұтастай адамзат ой-танымының жаңғырып  жаңарған кезеңде өмір сүрді де, сойы басқа, бөгенайы бөлек жаңа уақыт кезеңінде еліне жол сілтеген шырақшы болды. Тіпті, туған халқы ғана емес, адамзатқа ортақ жауап іздеген ол, арғы бергі дәуірдің ұлы тұлғаларымен ой арқылы тілдесті. Ұлт пен жекені адамзаттық ізгі құблаға бастау үшін де Абайдай ұлы тұлғасы жоқ ұлттың басар жолы тарғалаң. Сондықтан да, қоғамды құраған әрбір клеткадан тартып ой жүгірткен Абайдың қадір-қымбаты, сыр мен сымбаты жыл өткен сайын арта түседі. | Материалды көшіріп бассаңыз https://qazaqtimes.com/article/19316 сайтының гиперсілтемесін міндетті түрде қойыңыз. Авторлық құқықты сақтаңыз.

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *