Алматы: Мешіт жанынан мәйітхана ашылды

0
156

ҚМДБ «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, Алатау ауданындағы «Дінмұхаммед Қонаев» мешітінің жанынан жоспармен салынған мәйітхананың ашылуына қатысты.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ жанынан құрылған «QAMQOR-SHARAPAT»  салттық қызмет көрсету орталығына бүгінгі талап пен талғамға сай қызмет атқаруды, жұмыстарды жетілдіруді тапсырған болатын. Бұл әсіресе ірі мегаполис саналатын Алматы қаласы тұрғындарының көптен күткен сұранысы болатын. Осы орайда мәйітхананың ашылуына орталық директоры Мейрамбек Қабылбекұлы, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы, орталықтың Алматы қалалық филиал директоры Талғат Сапанов және әр мешіттен жауапты мамандар мен қала мешіттерінің бірқатар имамдары қатысты.

Сондай-ақ жиынға қатысушыларға арналған семинарда Мейрамбек Қабылбекұлы орталықтың құрылғандағы мақсаты мен миссиясы туралы, сонымен қатар марқұмның жаны шыққаннан денесі жер қойнына табысталғанға дейінгі және ары қарай садақа, құдайы ас секілді діни рәсімдерді өткізу үшін тек мешітте бұйрығы бар, бекітілген арнайы діни мамандар болуы шарт екенін халық арасында насихатталу қажеттілігі жайлы түсіндірді.