ҚОСТАНАЙ ӨҢІРІНІҢ ИМАМДАРЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

0
149

ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында Қостанай өңірінде қызмет етіп жатқан төрт имам баспаналы болды. Қуанышқа ортақтасқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне пәтер кілтін табыстап, ізгі тілегін білдірді.

«Қазіргі таңда ҚМДБ имамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салып келеді. Дегенмен жергілікті кәсіпкер азаматтар, жанашыр жамағаттың қолдауымен пәтер алып жатқандар бар. Дін қызметкерінің алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызу да – сауапты іс. Одан бөлек «Ел үлесі – пәтерге» жобасы баспанаға мұқтаж азаматтарға да беріледі. Сауапты іске атсалысқан баршаңызға Алла разы болсын» деді Бас мүфти.

Айта кетейік, баспаналы болғандар қатарында Алтынсарин ауданы, Шербаков ауылы, «Тойғанша ана» мешітінің имамы Медет Қылышбайұлы, Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің имамы Нұрхан Асанұлы, Наурызым аудандық «Түркебай» мешітінің имамы Есет Ғабдімәлік және күні кеше ашылған Меңдіқара ауданындағы «Қарамақы ата» мешітінің имамы Еркебұлан Қошан бар.