РАНТ мүшесі – Көкшетау өңірінде

0
132

Астана қаласының «Әл-Ғани» мешітінің наиб имамы, РАНТ мүшесі Ғазиз Ахмет өткен аптада Ақмола облысына уағыз-насихат жұмысымен барды.

РАНТ мүшесі Гранитный кентіндегі түзету мекемесінде болып, жазасын өтеушілермен кездесті. Оларға имани сауаттылық жөнінде әңгіме өткізді. Жаза басқан адамдардың одан әрі қадамдарын қалт баспаулары үшін темір тордың арғы жағында да сабақ алатын жайлар бар. Себебі, кейбіреулер имани сауаты болмағандықтан діни ағымдардың жетегінде де кетуі ықтимал. Осы мәселе кеңінен әңгіме өзегіне айналды.

Елордалық мейман сол күні «Науан хазірет» мешітінде жұма уағызын айтты. Ұлттық дәстүр мен діннің бірлігіміз бен ынтымағымыздың тірегі екеніне тоқталды. Бұдан кейін Қала имамдарына уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті тақырыбында семинар өткізіп, дәріс оқыды. Уағыз айтқанда жамағаттың жүрегіне жол табар көркем сөз бен шебер тіл, орамды ой терең болса, тағылымы мол болады деді. Сонымен бірге, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде студент жастармен кездесіп, қазақтың тарихы терең тіршілігі, ұлттық дәстүрдің асыл дінімізбен астасқан тұстарын әңгіме етті. Олардың қойған сауалдарына жауап қайтарып, еркін сұхбаттасу болды. 

РАНТ мүшесі Ғазиз Ахмет Степногорск қаласында әртүрлі мекемелерде дін мен иман тақырыбына кездесулер өткізді. Осы шаралардың аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 3517-інші әскери бөлімінде жауынгерлермен жүздесті. Оларға радикалды идеологияны насихаттаудың зардаптары туралы әңгімелеп берді. Жүзден аса адам қатысқан бұл шара барысында сарбаздарға иман жайлы көп мағұлмат берілді. Ал, Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты № 5 мекемесінде мазһаб ұстанудың маңызы түсіндірілді. Себебі, бүгінде мазһаб ұстанбай, ағымдар арбауына түскендер көп. Адаспаудың бір жолы – бабалар салған соқпақпен жүру деді ол.

Жергілікті «Мақсат» колледжіндегі әңгіме арнасы да дәстүрлі емес діни ағымдардың әлеуметтік желілер арқылы арбауы туралы болды. Студенттер де сауалдар қойды. Оларға ой салатын әңгіме айтылды. «Паң Нұрмағамбет» мешітінде жамағатқа да уағыз сөзін арнады. Онда мұсылмандық парыз істерге тереңірек тоқталды. Ақмола облысына келудегі басты мақсаты имани үгіт-насихат жүргізу болатын. Бәрі өзінің орайымен жалғасты. Кездесулерде есте қаларлық тағылымды діни хикаяттар тілге тиек етілді. Көптің көңілінен шыққаны сөзсіз.