Павлодар: «Дін мен дәстүр» кітабы бойынша сайыс өтті

0
159

Павлодар облысы Шарбақты ауданы «Қызыр» мешітінің ұйымдастыруымен «Дін мен дәстүр» бағыты бойынша дін қызметкерлері арасында білім жарысы өткізілді.

Мақсаты – қазақ халқының тұрмыс тіршілігінде қолданатын діни рәсімдерді, салттық, ғұрыптық дүниелердің дінмен  байланысы,  жоралғылар мен рәсімдер, өнер, спорттық іс-шаралар, қазақтың ұлттық ойындары, мәдениетінің түп негізінің дін рәсімдерінен алынғандығын, сабақтастығын айқындау. Сонымен қатар мешіт жамағатының басқа аудан ауыл, тұрғындарымен өзара қарым қатынас жасап тәжірибе алмасуы болды.

Шараға Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы арнайы қатысып, кіріспесін жасады. Шарбақты аудандық кітапханада өткен шараға облыс бойынша барлық қала, аудан мешіттерінен 20-дан астам адам қатысып, өзара жарысқа түсті. Жарыс ҚМДБ сараптамасы арқылы жарыққа шыққан «Дін мен дәстүр» кітабы бойынша дайындалған билеттік сұрақтар бойынша өтті.

Қатысушылардың нәтижелерін анықтайтын әділқазылар алқасы құрамында Екібастұз қаласының бас имамы Нұрсейіт Әбутәліпұлы, қалалық «Умар әл-Фаруқ» мешіті имамы Совет Есімбек, қалалық  «Әбу Бәкір Сыддық»  медресесінің ұстазы Нұрсұлтан төрелік етті. Сайыс тартысты жалғасып, нәтижесінде  Павлодар ауылы «Қасым қажы» мешітінің молдасы Қуат Әбуұлы 1-орын,  Ақсу қалалық мешітінің Бауыржан Талғатұлы 2-орын, Тереңкөл ауданы мешітінің қатысушысы Ербол Сейтахмет 3-орынды қанжығасына байлады. Қатысушыларды Шарбақты ауданы «Қызыр» мешітінің бас имамы Исабек Ақжол алғыс хаттармен марапаттап, жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табыстады. Қатысушыларға ас мәзірі ұйымдастырылып қонақжай дастарқаны жайылды.