Дәстүрлі дін – қоғам тұтастығының кепілі

0
859

Дін мен қоғам бір-бірінен ажырамыс егіз ұғым. Яғни, біз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарауға мүлдем болмайды. Діннің қоғамдағы басты мақсаты – адамның рухани жетілуі және оның Жаратушы Құдайға сенімі (иманы) арқылы адамдардың бір-біріне мейірімділік танытып, қоғамда тұрақтылық пен тұтастықты қамтамасыз ету. 

         Өкінішке орай соңғы уақыттарда, кейбір топтар өз мақсат, мүдделеріне жетуі үшін дінді пайдаланып, оның негізгі ұғымы мен шынайы мәнін өзгерту арқылы қоғамды жік-жікке бөліп, ел арасында қақтығыстардың бастау алуына тырысып бағуда. Мұндай көріністер Ислам дінін теріс пайдалану арқылы мұсылман елдерінде көптеп байқалуда. Оған араб елдеріндегі соңғы жағдайлар анық мысал бола алады.

         Біз теріс пиғылды топтардың тұзағынан сақтанып, асыл дініміздің шынайы мәнін ұғынуымыз үшін ең біріншіден – дұрыс діни білім алып, дәстүрлі дінімізді мықтап ұстануымыз қажет. Білімсіздіктің аяғы соқыр сенімге алып келеді. Мұндай жандар түптеп келгенде діннің жанашырлары емес, жауларына айналмақ. Дінді дұрыс түсінбеуден, оған терең ілім ретінде қарамаудан асыл дініміз Исламға аракідік күйе жағылып тұрады. Адамдардың көкірек көзінің бітеліп қалғандығынан Жаратушы иеміздің аманаты болған асыл дінімізге неше түрлі айыптар тағылуда. «Экстремизм», «Терроризм», «Фанатизм» сияқты неше түрлі «измдер» жалғанып, қарапайым халықтың көңіліне көлеңке түсіруде. Қоғам арасында дін соның ішінде Ислам діні десе қорқыныш пен күдік ұялай түсетін жағдайлар кездесуде. Ал шын мәнінде Ислам діні — Алла тағаланың пендесіне берген үлкен нығметі болғандықтан онда ешқандай да адамға жасалатын қиянат жоқ.

Қоғамда болып жатқан небір жамандық атаулыны дінмен байланыстырып, қаралай беру дегеніміз нағыз — дін дұшпандарының әрекеті болмақ. Өйткені, Құдай дінді – Өзіне құлшылық жасау арқылы баянды болашағының бағдаршамына айналдыруды бұйырған. Ал, қаруға айналдырып, қан төгіс жасау немесе өзін өзі жарып жіберу арқылы жанкештілік көрсету ешқандай діннің негізіне жатпайды. Жалпы дәстүрлі дін дегеніміз – қазақ халқының ежелден келе жатқан, Исламға еш қарсы келмейтін қоғамға дінімен біте сіңіскен дәстүр мен салтты қамтыған ұлттық құндылықтардың жиынтығы. Дін мен ұлттық дәстүрлер қазақ қоғамын біріктіруші және тыныштықтың кепілі болып келді. Сондықтанда дәстүрлі дінімізді бұдан әрі жаңғырта отырып, одан әрі берік ұстануымыз керек.

«Иманы кеткеннің жиғаны кетеді» дегенді терең түсінген бабаларымыз: «Жиғанымды алсаң ал, Құдай – иманымды алма», деп дұға жасаған. Мына қоғамның ең басты байлығы – адам болғандықтан, адамға тура жол көрсетіп, ақ пен қараны ажыратып тұрған діннің де алар орны ерекше. Сондықтан дін мен саясаттың беріктігін қоғамның беріктігі деп түсінгеніміз жөн. Осы екі сала жарылмайтын жаңғақтай жұмыр дүниеге айналғанда ғана, ешкім де ішімізден ірітіп, іргемізді ажырата алмайды. Терең біліммен, шынайы ықыласпен дінді үйренер болсақ, діннің қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықтың ең негізгі факторы болатындығына көзіміз жететін болады.

                                             Б.Жүнісов,

                        Шымкент қаласының дін істері

                                             басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу

                                             орталығының» әлеуметтанушысы