ПАРАСАТ ПАДИШАСЫНЫҢ ЖАРҚЫН КЕЛБЕТІ

0
280

Әсілі Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ахлағы Құран түспей тұрып-ақ қалыптасып үлгерген-ді. Ол тумысы бөлек, болмыс бітімі айырықша жан еді. Құдай Тағала адамзатқа өнеге етіп жіберген елшісінің әу бастан-ақ тұп-тұқияны мен затын иләһи мейірімге бөлеп, сойын саф, тұқымын текті қып жаратқан-ды.

Атасы Әбдімүтәліп, көкесі Әбутәліп күллі құрайышқа шарапатын себезгілеткен һәм қастерлі мекен Меккенің қамқоршысы әрі қасиетті Қағбаның мінсіз қызметкері-тін. Әкесі Абдулла, анасы Әмина тірі жанның көңіліне қаяу түсірмеген, ешкімнің ала жібін аттамаған алғауы кең, ағеділ жандар болатын. Бұл әлбетте Ұлы Жаратушының тартуы, иләһи жазмыш-тын. Осындай алтын сойдан – өскелең ұрпақтың өрбімеуі әсте мүмкін емес-ті. Яғни Жаббар Хақ ғаламның шамшырағы болған елшісінің бұл дүниедегі ұясын әуелден-ақ иләһи мейірімге бөлеп, оған арнап бөгенайы бөлек орта, ерекше отбасы әзірлеген-ді.

Нағында Ұлы Жаратушы барлық пайғамбарларды «сыдық», «аманат», «исмат», «таблиғ», «фәтанат» сипаттарымен жаратқан. «Сыдық» – пайғамбарлардың тура- шылдығы мен шыншылдығын әйгілейтін сипат. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ешқашан туралықтан ауытқымаған, әділдіктен қылдай таймаған, зәредей болса да өтірік сөйлемеген. Алла елшісінің өзі де: «Менің бірде-бір рет нәмәрттік жасап, жалған сөйлеп, үркектеген кезім болған емес» (Бұхари) деп нақтылап берген-ді. Себебі Алла Тағала: «Бұйырылғаныңдай турашыл бол» («Һұд» сүресі, 112-аят) деп әманда турашылдықта қағылез болуды Өзінің елшісіне қаперіне салып отыратын. Ал Жаббар Хақтан алған иләһи ескерту Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолының өзегіне айналатын. 

Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлыққа дейінгі Меккедегі лақап аты «Мұхаммед-Әмин» еді. Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұртшылықтың сеніміне кіргені соншалықты, оның атына «Әмин» сөзін қосып айтатын. Өйткені Алла елшісі тумысынан ешбір жанның көңілін қалдыратын әрекет жасаған емес. Аманатқа қиянат жасаған емес. Тіпті Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әділдігінен таяқ жеген Әбу Жаһил секілді дұшпандарының өзі оның кісілік келбетінің алдында басын иетін. Мысалы, қасиетті Қағбаның жамылғысын жабу мәселесінде дау шыққанда Мекке халқы аса сенімді болғандықтан, Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) төрелігіне жүгінген еді. Мұсылмандар Меккеден Мәдинаға қоныс аударғанда Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соңынан барып көшке ілесуінің себебі – өзіне аманатқа берген дүниелерді иелеріне қайтарып беру үшін бөгелген-ді. Бұл сөзсіз оның аманатқа берік ардақты жан екенін әйгілейді.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алпыс үш жылдық ғұмырында ешқашан пендеге тән күнә жасаған емес-тін. Себебі пайғамбарлар күнәдан пәк болып туып, күнәдан пәк күйінде өмірден өтеді. Дегенмен пайғамбарлар күнә жасамаса да, күнә болмайтын істерде қателесуі мүмкін. Алайда олардың қателесуі жай пенде жасайтын ағаттықпен салыстыруға келмейді. Пайғамбарлар өте жақсы мен жай жақсыны таңдауда, қалауы жай жақсыға түссе, олар үшін соның өзі қателік еді. Айталық, ондай қателіктерге Абдулла ибн Үмму Мактумның (оған Алла разы болсын) дінді үйретуді сұрағанда, Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзін бөле бергені үшін оған қабақ шытуы секілді жағдайларды жатқызуға болады. Десе де, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз ғұмырында күнәға татыр қылдай қиянат жасаған емес еді. Себебі оның өнегелі өмір жолы пайғамбарларға тән «исмат» сипатымен өрілген-ді.

Хақ елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақылға қайшы әрекет еткен күні болған емес. Оның ақылы дария, тіпті телегей-теңіз-тін. Даналыққа тұнған сөздерін естіген пенде баласы елең етпей қоймайтын. Досы түгілі қас дұшпандарының өзі Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақыл-парасатының алдында еріксіз бас иетін. Өйткені Жаббар Хақ барлық пайғамбарларды фәтанат сипатымен жаратқан. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне қойылған сұрақтарға жауап бергенде қанағаттанбай қалуы мүмкін емес еді. Мәселені жан-жақты қамтығаны соншалықты, тақырыптың ауы мен бауына дейін түгесіп, масақ қалдырмай әрі шашау шығармай толымды жауап беретін. Осы себептен ұлы адамдардың өзі таңданыспен «Исі бүтін ғаламның ақылы Алла елшісінің ақылына тең келмейді» деген болатын.

Бұл жалғанның һәм о дүниенің шамшырағы – Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар насихат айтқанда, оның қасында аяқтыға жол, ауыздыға сөз табу қиынның қиыны еді. Жаһилет дәуірінде араб қоғамы талай нәрседе артта қалғанымен, оларда сөз өнері ілгері басқан еді. Араб қоғамынан небір тілімен шоқ тістеген, аузымен от қарыған дүлдүл шешендер шықты. Ақындық пен шешендік өнердің алға басып өркендегені соншалықты, қараңғылық дәуірде олардың қанатты сөздерін жазып алып қасиетті Қағбаға іліп қоятын дәстүр бекіді. Сөз өнері тасқындаған осындай ортада дүйім жұртты өзіңе қарату асқар шыңнан де биік асу еді. Әйткенмен Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойына біткен қадір-қасиетімен, ділмәрлығымен уағыз-насихат айтқанда, қалың ел сілтідей тынып, ұйып тыңдайтын. Оның ойлау жүйесі, ой орамдары, сөйлем құрауы, сөз қисыны ешкімге ұқсамайтын. Тыңдаған жанды еріксіз елітіп әкететін. Бұл әлбетте рухани көсемге тән таблиғ сипатының көрінісі.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өздігінен сөйлемейтін. Оның ғұмыры – Құран Кәрім құндылықтарының тәжірибедегі көрінісі іспетті. Расында, ол Құран Кәріммен жүріп тұрды. Сонымен өмір сүрді. Құран нені бұйырса, соны іске асырды. Неден тыйса, соны жасаудан шектелді. Шынтуайтында Құран Кәрім Жаббар Хақтың кәлам сипаты болғандықтан, онымен біте-қайнасу әлбетте көркемдіктің озық үлгісі болатыны талассыз шындық еді. Яғни Құран Кәрім Ұлы Жаратушының кәлам сипатының айнасы болса, Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сұлу сүннеті қасиетті Құран Кәрімнің нұрына шағылысқан айырықша болмыс, ерекше көркем мінез-тін. Ендеше Алла Тағаланың Құран Кәрімінен нәрленген Парасат падишасының (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жарқын келбеті әманда адамзатқа үлгі болып қала бермек.


Ермек МҰҚАТАЙ,

Шығыс Қазақстан облысының бас имамы

«Иман» журналы, №9, 2023 жыл