ҚҰРАН ЖӘНЕ ПАЙҒАМБАР

0
295

Құран – Алланың сөзі. Алла Тағала Құранда Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақтап (мақтап) қана қоймайды. Сәті келгенде Алла Тағаланың Пайғамбарымызды түзетіп, жөнге салған тұстары да бұқпасыз, боямасыз ашық келтіріледі. Оның дәлелін «Абаса» сүресінен кездестіре аламыз. Осы секілді мәселелер біріншіден, Пайғамбардың пенде екендігіне, екіншіден, дін дұшпандары айтқандай, Құранның Пайғамбардың өзі ойдан шығарған кітабы емес екеніне айқын дәлел.

Тұщымды дәлел ретінде Алла Тағаланың жаратылыстың ең ақылды мақұлығы адам баласына тастаған үндеуін алға тарта аламыз. Құранның бір емес, бірнеше жерінде: «Шамаларың келсе Құран секілді тым болмаса ең қысқа сүреге тең келетін сөз алып келіңдер», – деген мағынадағы сөздер кездеседі. Ал бұлай етуге іске арабтардың шешендік өнерінің шарықтау шегіне жетіп, таза араб тілінің қаймағы бұзылмай тұрған шағында да ешбірінің шама-шарқы жетпегені бізге белгілі. Ендеше өзге ұлттың дәрменсіздігін осыдан-ақ мөлшерлей беріңіз.

Құран сырлары әлі де зерттеуші ғалымдар мен дін ғалымдарын таңдай қақтырып келеді. Сөзімізге арқау етіп өзіміз білетін «Кәусар» сүресін мысалға алсақ болады. Осы сүренің әр аятында қайталанатын әріптерді қоспай санасаңыз он әріп бар екенін көресіз. Енді бір ғажабы сол үш аяттағы әріптердің нүктелерінің саны да онға тең екеніне куә боласыз. Осы уақытқа дейін байқамаған болсаңыз, сүредегі аяттардың үшеуі де «ро» әрпімен аяқталады. Ал «ро» әрпінің араб әліппесіндегі реттік саны тағы да он. Осы орайда «Неге бәрі он санына шоғырланып қалды?» деген сұрақ туындайды. Оны себебі сүренің соңғы аятында құрбан шалу жайында айтылады. Ал бәрімізге белгілі құрбан шалу күні зул-хижжа айының онына сай келеді. Міне, мұндағы кішігірім осынау сырдың осылайша үйлесім тауып тұрғанын байқайыз.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы пайғамбар екенін қалай байқай аламыз? Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық келмес бұрын оқу мен жазуды мүлде білмегені сол заманда еш дәлелге мұқтажсыз айғақ, ақпарат еді. Бойында бар қасиеті аманатқа беріктігі мен шыншылдығы еді. Себебі бұл нәрселер – пайғамбар үшін ең қажетті негізгі құндылықтар. Бұл – бір. 

Соңғы пайғамбар жайлы мағлұмат жалғыз Құранда ғана емес, Тәурат пен Інжілде де сипатталып, ашық айтылып келе жатты. Оны яхудилер мен сол кездегі христиан ғалымдары айнақатесіз біліп, өзінен кейінгілерге мирас ақпарат қылып үгіттеп отырды. Сол заман пайғамбарлық келуге таяу уақыт еді. Әрі одан кейінгі кезеңдерде өмірге мырзамыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) секілді жан баласы келмеді. Осындай орамды ойлар мен дәлелдер бұл хақында өте көп. Біз оның тек жеңіл әрі нәзік тұстарынан ғана тұздық етіп теріп өттік.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 40 жасқа толғанда, оның пайғамбарлық миссиясы басталды. Бұл миссия өмірінің соңына дейін созылды. Пайғамбарлық басталғаннан 23 жыл бойы уахи етіліп, қасиетті Құран түсіріліп отырды. Құранның түсу себебін Алла Тағала «Нахл» сүресінің 89-аятында былай деп баяндайды: «Әрі біз саған кітапті (Құранды) әрбір нәрсенің баяны етіп әрі мұсылмандарға тура жол, рақым әрі сүйінші етіп түсірдік». Алла Тағала «Ибраһим» сүресінің 1-аятында: «Біз саған адамдарды Раббыларының рұқсатымен қараңғылықтан жарыққа (Үстем әрі Мақтаулының жолына) шығаруың үшін түсірген кітап (Құран)», – дейді. Құран өн бойына терең сырларын өте қысқа әрі ұқыпты түрде сақтаған, тілдің ең жоғарғы дәрежесінде түсірілген кітап болғандықтан, оны жай адамдардың көлденең түсінуі ғажап емес еді. Сондықтан оны егжей-тегжейлі көркем баяндайтын қызыл тілді кемеңгер адамды қажет етті. Ол әрине, екі дүние сардары, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін сөйлеуді Алла өзі меңгерткен мырзамыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) еді.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі мен сөздері Құранды түсінуде өте маңызды. Өйткені ол – Құранның ең ұлы тәпсіршісі. Сол себепті де Жаратушының мақсатын терең түсініп, өміріне айналдырған еді. Айша (оған Алла разы болсын) анамыздан Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінез-құлқы жайында сұрағанда: «Оның мінезі Құран еді», – деп жауап берген. Пайғамбарымыздың бір ұстанымы – ол өз сөзін Құран сөзімен қуаттап отыратын. Мысалы, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні зекет бермеген адамның мойнына оратылатын улы жылан шығады» деген сөзінен кейін «Әли Имран» сүресінің 180-аятын оқып: «Сараңдық жасағандары Қияметте мойындарын орап алады», – деп артынша Құранмен қуаттауы – оның бірден бір дәлелі. Сахабалар да Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұстанымын өздерінің өміріне енгізе білді.

Құран Кәрім – адам баласын бақытты ету үшін түсірілген кітап. Өйткені Алла Тағала Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымызға «Таха» сүресінің 2-аятында: «Ей, Мұхаммед! Құранды саған тек бақытты қылу үшін ғана түсірдік», – деді. Ал Алла елшісінің пайғамбарлық жолы туралы «Әнбия» сүресінің 107-аятында: «(Мұхаммед) Біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік», – деп баяндалады. Құран бізді бақытты қылса, сүннетке еру – бақытты етумен қатар мейірімді етуге бұйырылған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Сендерге өзімнен кейін екі нәрсе қалдырдым. Ол екеуінен мықтылап ұстансаңдар, адаспайсыңдар. Ол – Алланың кітабы және Пайғамбардың сүннеті», – деп айтқан болатын. Екеуі екі бөлек болғанымен – бір ұғым. Ғалымдардың айтуынша, Құранның мағынасын Алла Елшісінің хадистері аша түседі. Сол себепті де біз үшін ең хақ, ең тура жол – Құранмен жүру және Пайғамбарымыздың ізіне еру. Сонда ғана біз екі дүние бақытына жете аламыз.


Нұралы БАҚЫТҰЛЫ,

РАНТ мүшесі

«Иман» журналы, №9, 2023 жыл