Әбу Ханифа мәзһабын ұстанудағы ерекшелік

0
241

Ислам он төрт ғасырдан бері бүкіл адамзатты сенімі мен нанымына, тегі мен нәсіліне қарамай бейбітшілік пен ынтымаққа, сабырлылық пен тазалыққа шақырып келе жатқан дәстүрлі дін. Тарих сахнасына көтерілгеннен бері, өмірдің өзі көрсеткендей, дәстүрлі Ислам дінінің ғылым-білім мен өркениеттің сарқылмас кәусар бұлағы екендігін әлем мойындауда.

            Дәстүрлі Ислам руханиятымен сусынданған Әбу насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Мұхаммед Хайдар Дулати секілді кемеңгер ғұламалар мен көрнекті мемлекет қайраткерлерін берді. Олар ғылымның көптеген саласына жол ашты.

            Ислам дінінің қазақ даласына келгеніне он екі ғасырдан аса уақыт өтті. Содан бері халқымыз атақты ислам ғұламасы, фиқhтың (мұсылман заңы) білгірі Нұғман ибн Сәбит  (699-767) негізін қалаған Ханафи мәзhабын діни құқықтық мектеп) ұстанып келеді. Осы орайда мәзhабтың ерекшеліктеріне тоқтала кетейік.

            Мәзhаб – жол, бағыт, көзқарас деген мағынаны білдіреді. Шариғатта – арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдері мен көзқарастар жиынтығы «мәзhаб» делінеді. Шариғат үкімдерінің қайнар көзі болып табылатын Құран және хадистің әрбір сөзінің бірнеше астарлы, терең мағыналары, түсу себептері, тіпті кейбір себептерге байланысты, хадистердің бір-біріне қарама-қайшы келетін, яки бір қарағанда қарама-қайшы сияқты көрінетін жерлері де бар. Және хадистердің «сахих лизәтиhи», «сәхих лиғайриhи», «хасан лизәтиhи», «хасан лиғайриhи», «әлсіз», «жалған», «мутауатир», «ахад», «мәжhур», «ғариб» сияқты қуаттылық жағынан үкім шығаруда үлкен әсерлі дәрежелері бар. Құран аяттары мен пайғамбарымыздың астары терең қасиетті хадистерін жалпы халықты былай қойғанда, араб тілін жетік білетін мамандардың өзі ара жігін ажыратып, пәтуә шығаруы мүмкін емес. Белгілі мәселеде пәтуә шығаратын адам алдымен мыңдаған хадистерді саралап, барлық Құран аяттарына мұқият көз жүгіртіп шығуы тиіс. Мұнымен қоса сол мәселедегі әз сахабалардың айтқан сөздері мен берген пәтуәларын әрі кейнгі келген мүштаhид ғұламалармен замандас ғалымдардың көзқарастарын білуі және жергілікті халықтың менталитеті мен жағдайын жақсы білуі қажет. Бұларды кез-келген қарапайым адам тереңінен талдап ара-жігін ажыратып, шариғи үкім шығара алмайтындықтан Әбу Ханифа сияқты Құран ілімі мен қоса хадис ілімін, мантық-қисын, фиқh негіздерін, т.б. ислами ілімдерді жетік білген мүштәhидтің шығарған үкімдерімен жүруге мұқтаж. Өз бетінше әрекет етуші жолдан адасуы әбден мүмкін.