TikTok-та бетін тұмшалап алып контент тарататындардың әрекеті заңмен реттелуі мүмкін

0
171

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева TikTok-та бетін тұмшалап алып контент тарататындардың әрекеті туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдері министрге әлеуметтік желі аккаунттарын шектеу белең алып жатқанына алаңдаушылар көп екенін айтып, сұрақ қойды.

«Біздің министрлік құзыретті орган ретінде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізеді. Контенттерінде заң бұзу фактілері анықталса, оны құқық қорғау органдарына жібереміз. Құқық қорғау органдары ол контенттің заңға қаншалықты сәйкес екенін анықтап, заң бұзғаны дәлелденсе, іс қозғауға құқықтары бар. Жыл басынан бері әр бағыттағы 800-ден астам заң бұзу фактісі тіркелді. Оның ішінде порнографиялық мазмұндағы, есірткі таратумен байланысты, іріткі салу, жалған ақпарат сияқты фактілер бар», — деді министр.

Аида Балаева әлеуметтік желіде бетін тұмшалап алып контент тарататын қыз-келіншектердің мәселесі жеке пысықталатынын айтты.

«Тұмшалану мәселесі әлі заңмен реттелмеген. Өйткені ол мәселені біз енді-енді қараймыз. Депутаттар осы мәселені бізге сауал ретінде жолдады. Біз оны жан-жақты зерделеп жатырмыз. Бұл біріншіден, ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін бұған дейін де айттым», — деді министр.