ЖӘКЕН ОМАРОВ: СЫН САҒАТТАРДА ЖҮРЕГІМДІ «ҚАЗАҚИЯ» ЖАРЫП ШЫҚТЫ…

0
136

Қазақ өнерінің қайраткері, айтыскер ақын, термеші, сазгер, қазақша Мәуліт жырының авторы Жәкен Омаровтан алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.Бұл жолмен жүруге жеңілге жүгірмейтін жігер керек

– Жәкен аға, адамның ақыл-ой па­ра­саты қаншалықты дәрежеде болса, өнері де сол биіктен көрінеді деген көзқарас бар. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

– Адамдықтың өзі сол ақылы мен же­тесінің жеткен жеріне дейінгі дәре­же­де болса керек. Ал шын өнерге кел­сек, ол енді екінің біріне беріле қой­мас. Біз­ден өнердің өресін сұрап отыр­­­саңыз, осы жасқа дейінгі өмір тәжі­ри­бемде «Шығыстың Аристотелі» атан­ған Әбу Насыр әл-Фарабидің жіктеуіне тең баға тап­падым. «Өнердің айнала­сын­да жүр­гендер бар. Бірі – таза таби­ғи дарын­ды­лар, оларды Раббымыз со­лай жаратады. Екінші тобы оқып-шо­қып, ізденіп, тал­пынып, үйреніп, еңбек қылып, тыр­мы­сып шебер ата­на­ды. Ал енді үшінші топ бар, олар – сол алғашқы екі топқа елік­тейтіндер» дей­ді данышпан. Бұған бас­қа нені алып-қосайын…

– Ұлттық өнерімізді ұлықтап, асыл ді­­німізді жыр-термемен насихаттап жүр­­ген танымал тұлғаның бірісіз. Үлкен өнер­­ді ұстай білетін ірілік, ерекше мінез ке­­рек деп жатады. Осыған қатысты не ай­­та­сыз?

– Ұлттық өнер – жыр-термені «үл­кен өнер» деп бағалайтындар қазір саяқ. Жасыратыны жоқ, дәстүрлі ән мен жыр-термені жалғастырып жүр­ген, оның аймақтық ерекшеліктерін сары май­дай сақтап айтатын насихат­шы­­лар­дың да қатары сиреді. Жыр мен тер­меге сұ­раныс жоқ деген – жәй әң­гі­ме. Айту­шы аз, бұл жолды «ұст­ау­шы» кем. Ал әл­гі айтқан «еліктейтін­дер­ге» сенім жоқ, олар «тойда тойып се­­­кіріп» кетуі мүм­кін, бүгінгі тренд бойынша, айт­қа­ны «өтпей» қалса, әлеу­меттік желіде «хит болмай, атпай, жар­май» қалса, жар­ты жолда «әй, пай­дасыз артық дор­ба» деп тастап та кетуі мүм­кін.

«Ірілік» деп ірі әңгіме айтып отыр­сыз, киелі өнердегі өр мінез дегеніңіз – қан­мен келетін қасиет. Одан қалса «көр­гендіден» көріп, жақсыға еріп, өмір­дің өзінен үйренетін жауапты жүк. Жолың бол­са, өзі уәлі, сөзі дуалыға ке­зігіп, ба­тасын аласың. Әйтпесе жөн көр­се­тер ұстазға жолығып, ол өз дұға­сы­нан қалдырмаса – бағыңның жанға­ны да. Бұл жолмен жүруге керек ерекше мі­нез – жеңілге жүгірмейтін жігер, ар­зан­­ға сатылмайтын табандылық, оңай­­ды іздемейтін ерен еңбек, қалға­нын бір Алла өзі реттейді.