ЖӘКЕН ОМАРОВ: СЫН САҒАТТАРДА ЖҮРЕГІМДІ «ҚАЗАҚИЯ» ЖАРЫП ШЫҚТЫ…

0
206

Қазақ өнерінің қайраткері, айтыскер ақын, термеші, сазгер, қазақша Мәуліт жырының авторы Жәкен Омаровтан алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.Бұл жолмен жүруге жеңілге жүгірмейтін жігер керек

– Жәкен аға, адамның ақыл-ой па­ра­саты қаншалықты дәрежеде болса, өнері де сол биіктен көрінеді деген көзқарас бар. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

– Адамдықтың өзі сол ақылы мен же­тесінің жеткен жеріне дейінгі дәре­же­де болса керек. Ал шын өнерге кел­сек, ол енді екінің біріне беріле қой­мас. Біз­ден өнердің өресін сұрап отыр­­­саңыз, осы жасқа дейінгі өмір тәжі­ри­бемде «Шығыстың Аристотелі» атан­ған Әбу Насыр әл-Фарабидің жіктеуіне тең баға тап­падым. «Өнердің айнала­сын­да жүр­гендер бар. Бірі – таза таби­ғи дарын­ды­лар, оларды Раббымыз со­лай жаратады. Екінші тобы оқып-шо­қып, ізденіп, тал­пынып, үйреніп, еңбек қылып, тыр­мы­сып шебер ата­на­ды. Ал енді үшінші топ бар, олар – сол алғашқы екі топқа елік­тейтіндер» дей­ді данышпан. Бұған бас­қа нені алып-қосайын…

– Ұлттық өнерімізді ұлықтап, асыл ді­­німізді жыр-термемен насихаттап жүр­­ген танымал тұлғаның бірісіз. Үлкен өнер­­ді ұстай білетін ірілік, ерекше мінез ке­­рек деп жатады. Осыған қатысты не ай­­та­сыз?

– Ұлттық өнер – жыр-термені «үл­кен өнер» деп бағалайтындар қазір саяқ. Жасыратыны жоқ, дәстүрлі ән мен жыр-термені жалғастырып жүр­ген, оның аймақтық ерекшеліктерін сары май­дай сақтап айтатын насихат­шы­­лар­дың да қатары сиреді. Жыр мен тер­меге сұ­раныс жоқ деген – жәй әң­гі­ме. Айту­шы аз, бұл жолды «ұст­ау­шы» кем. Ал әл­гі айтқан «еліктейтін­дер­ге» сенім жоқ, олар «тойда тойып се­­­кіріп» кетуі мүм­кін, бүгінгі тренд бойынша, айт­қа­ны «өтпей» қалса, әлеу­меттік желіде «хит болмай, атпай, жар­май» қалса, жар­ты жолда «әй, пай­дасыз артық дор­ба» деп тастап та кетуі мүм­кін.

«Ірілік» деп ірі әңгіме айтып отыр­сыз, киелі өнердегі өр мінез дегеніңіз – қан­мен келетін қасиет. Одан қалса «көр­гендіден» көріп, жақсыға еріп, өмір­дің өзінен үйренетін жауапты жүк. Жолың бол­са, өзі уәлі, сөзі дуалыға ке­зігіп, ба­тасын аласың. Әйтпесе жөн көр­се­тер ұстазға жолығып, ол өз дұға­сы­нан қалдырмаса – бағыңның жанға­ны да. Бұл жолмен жүруге керек ерекше мі­нез – жеңілге жүгірмейтін жігер, ар­зан­­ға сатылмайтын табандылық, оңай­­ды іздемейтін ерен еңбек, қалға­нын бір Алла өзі реттейді.

Аш адамға қазанның қақпағын аша салғандай болдық…

– Бір кездері «Зікірулла» әніңіз мұ­сыл­­ман жамағатының әнұранына ай­нал­­ды. Қазіргі «Қазақияңыз» естіген жан­­ның жүрегіне жетуде. Тұтынушының та­мырын тап басып, яғни халық рухты әнге шөлір­кі­ген сәтте осындай құнды туындыны өмір­ге әкелудің өзі ұлы өнер деп білеміз… Бұл жайлы не дейсіз?

– Өнер – халықтікі. Шын өнерлі әр­­кез халықпен һәм қоғаммен бірге. Қуан­са – шаттанады, мұңайса – қай­ғы­ра­ды. Небір қилы замандарда, ел басы­на күн туғанда, батырлар қаруын қам­дап, темірші көрігін қыздырған, ал ақын­дар ерліктің туын өлең-жырмен тік­­теп берген. Хош, бұл күндері жау азайып, басқыншы басылып тұр ма? Қай­­сыбір жылдары қазақтың «жер» мә­­селесі ел ішінде үлкен толқу тудыр­ған­­да «Қазақия» жүрегімді жарып шық­­қан-тын. Саясаткер емеспіз – май­данда шай­қасатын, депутат емес­піз – мінберде сөзін өткізетін, қолым­нан келері өлең, жыр болған соң, Алла­дан алақан жайып сұраған дұғам­ды, тілегімді осы рухани туын­дымен жеткізгім келді. Байтақ жер, баталы ұрпақ, көк байрақты, ел­таң­бамызды осы өлеңмен ашықтағым кел­ген-дағы… Алла «Қазақияма» жар бол­сын айт­тым. Шығарма тамырды дөп ба­сып, сәтінде туса, онда біздің де уа­қыт­­­пен бірге қозғалып, бірге жүрге­ні­міз шығар…

«Зікірулла» 2000 жылы елде алғаш рет орындалды. Сол кезде-ақ топыра­ғың торқа болғыр әдебиетші ғалым, ака­де­мик Тұрсынбек Кәкішев ағамыз ри­за болып: «Зікірулла» қазақ мұсыл­ман­­­дарының әнұраны болуға әбден лайық» деп телеэфирден айтып еді, одан кейін бұл сөзді сізден естіп отыр­мын, бағаңыз үшін рақмет. Бұл шы­ғар­ма 1996 жылы шетелде шыққан, таза намыстан туған дүнием және өз уа­қыт-сәтінде туды деп ойлаймын. Өзіңіз білесіз, Кеңес кезінде дін ұста­ған не тұлғалар желкеден аты­лып, жа­қыннан сатылды. Дінді тығы­лып тұты­нып жүргенде Құдай жарылқап еге­мендік алдық, одан бірден аралас-құра­лас Ислам әлеміне шекараны ашып жібердік емес пе… Жаппай сіңіру, аш­тай тойыну, тіпті «бақылаудан шы­ғып кет­ті» ғой деймін сол тұста… Оның мы­салы «аш-жалаңаш адамға қа­занның қақ­пағын аша салумен» бір­дей болды ғой. Оның салдары не болды, міне бүгін мәселе болып ушығып, қоға­мы­мыздың бітпес дау, жазылмас дертіне ай­налып әлекпіз.

Біз де азды-көпті діни сауатты шет­ел­де алдық. Бірақ өз басым жоғары оқу ор­нын бітіріп, есейіп бардым. Ескі көз­ден жұрымдап жеткен дініміздің түбі те­рең іргетасына табанымды тіреп бар­дым, тарам-тарам, ағым-ағымға бөлі­н­ген жамағат біткеннің арасынан тек ке­ре­гімді алып, судың беті, жардың ше­­­­тімен абайлап жүріп аман қайттым десем, анығы – сол. Шетел асып жүріп алған білім, жеткен жетістігімді «Зікірулла» ар­қылы жеткізуге тырыстым. Қазақтың дәстүрлі діні дегеніміз – тұғырлы аят-ха­дистің өзі, Пайғамбардың (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын) түзу жолы, ата-ананың тәрбиесі, тарихымыз бен жұртымыз, бай мәдениетіміз бен ғұр­пымыз, жүректің тазалығы мен ниет­­тің түзулігі. Демек түзу жолда еке­ні­­мізге пікір, зікір, шүкір етуіміз керек. Сон­дықтан болар діндегі ағым-арнасы бө­лек аз ғана топ болмаса, қалың қазақ жұр­ты бұл «Бір Аллаға мадақ – иләһи жы­рымды» махаббатпен қабыл алған жайы бар. «Зікірулла», «Нұрулла», «Хик­­метулла», «Қағбатулла» циклды Ал­ла­ға мадақ иләһи-жырларым – жал­пақ елдің өз несібесі, өз ұстанымы, ға­сыр­лардан жеткен ғұрпы, сәулелі са­на­сы, рухының азығы, жанының қалауы, біз оны өлеңмен жеткізуші тек себепкер шығармыз.