Басымызға келетін қиыншылықтар мен сынақтардың себебі неде?

0
229

Алла бүкіл ғаламды жаратып, оған белгілі бір ерекшеліктерді берді. Жердің де өзіне тән фитраты бар. Тәңірлік білімнің, қалау мен құдіреттіліктің нәтижесінде жасалған осы жүйенің бір бөлігі саналатын табиғи тәртіпте өзгермейтін, берік және тұрақты заңдар үстемдік етеді. Алла Тағала былай дейді: “Саған нендей бір жақсылық келсе – Алладан. Ал және бір жамандық келсе – өзіңнен. (Мұхаммед с.а.с) сені адамдарға елші етіп жібердік. Куәлікте Алла жетіп асады”. (Ниса 79)

“Бастарыңа келген бір ауыршылық, қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Және де Алла көбін кешіп жібереді”. (Шура 30)

“Олардың күнәларының салдарынан кейбіреулерін; үстіне тас жаудырып, кейбіреулерін; ащы дауыспен, кейбірлерін; жерге жұттырып және кейбіреулерін де суға батырып, бәрін қолға алдық. Алла оларға зұлымдық етпеді. Бірақ олар өздеріне зұлымдық етті”. (Анкабут 40)

“Және сендерден жеке залым болғандарға ғана кесірі тиіп қалмайтын фитнадан сақтаныңдар. Сондай-ақ Алланың қатты азап иесі екенін біліңдер”.(Әнфәл 25)

“Адамдардың қолекі істегендерінің кейбірінің сазайын татыру үшін құрылықта әрі теңізде бұзықтық шықты. Мүмкін олар, бағыттарынан қайтар”. (Рум 41)

Осындай жағдай орын алған соң кейбір теріс пікірдегі адамдардың мұсылмандардың басынан өткен қайғылы оқиғаларды жаза ретінде көруі Исламға қайшы. Бұл интерпретациялар мұсылман қоғамдарын жамандап, олардың басына түскен апаттар мен азаптарға лайық кінәлі және күнәһар бұқара ретінде көрсетеді. Әрине, әрбір қоғамдағы сияқты біздің қоғамда да дін, имандылық, дәстүр тұрғысынан теріс, жаман, ұсқынсыз әрекеттерге баратын адамдар мен топтар бар. Бұл айыптауларды таққандар шешімді емес, проблемаларды тудырады және қазірдің өзінде қиыншылық пен жоқшылықта өмір сүріп жатқан мұсылмандарға махаббат пен түсіністіктен алыс көзбен қарайды. Сондай-ақ, олар мүмкіндік туа қалған жағдайда мұсылмандарды қорлап, кемсітетін дін дұшпандарымен бір саптан орын алып жатыр. Алайда, мұсылманды былай қойғанда, діні басқа адамның басына бір апат түскенде, Исламды ұстанған мұсылман оған көмекке келеді. Қайғы-қасіретке немесе зұлымдыққа ұшыраған адамның діні, сенімі, өмір салты талқыланбайды.

Тимур НҮСІПХАНҰЛЫ

Нұр-Мүбарак университеті жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының директоры РАТТ мүшесі