ДЕСТРУКТИВТІ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ЗАРДАБЫН ТҮСІНДІРУ МАҚСАТЫНДА «ЕСІГІМДІ ҚАҚҚАН КІМ?» ҚОЙЫЛЫМЫ ҰСЫНЫЛДЫ

0
175

Еліміздің тұтастығы мен тыныштығын қамтамасыз етуде діни тұрақтылықты сақтау өте маңызды болып табылады. Сол себепті, бүгінде деструктивті діни ағымдармен күрес, олардың алдын алу шаралары – өзекті мәселелердің бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша үстіміздегі жылдың 27 қараша күні қалалық орыс драма театрында «Қазақ шыңы» қоғамдық бірлестігі дайындаған  «Есігімді қаққан кім?» тақырыбындағы спектакль қала тұрғындарына ұсынылды. Қойылымды тамашалауға тұрғындар, белсенді азаматтар, студенттері мен оқушылар жалпы 500 ге жуық көрермен жиналды. Театрланған көрсетілімде қарапайым қазақы шаңырақ, жинақы үй, үлгілі де, өнегелі отбасында өскен қыздың тағдыры бейнеленеді. Оның әке-шешесі саудамен айналысу мақсатында қыздарын ата-әжесіне тастап, шетел асып кетеді де, сонда жүріп деструктивті діни ағым идеологиясының шырмауына түседі. Олар елге оралып, бір Аллаһтың жолында жиһад жасаймыз, жұмаққа барамыз деп өз қыздарын ата-әжесінен мәжбүрлеп тартып алып Сирия еліне әкетеді. Соңында өздерінің қатты адасқандарын түсініп, туған жердің, елдің қасиетін сезініп, өкінішке толы жүрек жарды сөздерін паш етеді. Осылайша, қойылымның әрбір көріністері тұрғындарға түрлі жат ағымдардан сақтануға, туған елдің, туған жердің қасиетін ұғынуға үндейді. Жиналған көпшілік қауым да қойылым біткен соң, өздерінің ықыластары мен алғыстарын білдіріп, толассыз ду қол шапалақтарын соқты.