Дін туралы заңды бұзу: діни әдебиеттер

0
163

Елімізде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылданғанына да 12 жылдан асып барады. 90-жылдар мен 2000-жылдардың алғашқы онжылдығында дін саласындағы түрлі құқық бұзушылықтар мен келеңсіздіктерді жоюға, сондай-ақ діни қатынастарды реттеуге бағытталған бұл құжат өзінің өміршеңдігін көрсетіп, заң үстемдігі жолында тиімді қызмет етіп келеді. Осы заңның дін саласындағы ретке келтіріп, жүйелеген істерінің бірі – діни әдебиетті дайындау, шығару және таратуға қойылған талаптар. Бұрын әрбір адам өзі діни мазмұнда кітап дайындап, оны кез келген баспадан шығарып, қоғамда еркін тарата беретін. Соның салдарынан ел ішін деструктивті діни ағымдар жайлап, жастардың миын улап, түрлі жалған идеологиялардың жетегінде кетуіне себепші болды. Жаңа заң осындай келеңсіздіктердің бәріне тосқауыл қойып, діни әдебиетті шығарып, таратуға қатаң талаптарын алға тартты. Нақтырақ айтар болсақ, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның «Дінтану сараптамасы» деп аталатын 6-бабында уәкілетті органның қандай негіздер бойынша дінтану сараптамасын жүргізетіндігі берілген. Осы баптың 6-тармақшасында «Діни әдебиеттің және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдардың әзірленуі, шығарылуы және таратылуына» дінтану сараптамасы жүргізу қамтамасыз етілетіндігі көрсетілген. Сонымен қатар заңның 9-бабының 3-1 тармақшасында «Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды әзірлеуге, шығаруға және таратуға дінтану сараптамасының оң қорытындысы алынғаннан кейін жол беріледі» деген талап бар. Яғни бұдан түсінетініміз, егер Қазақстан азаматтары немесе діни бірлестіктер діни мазмұндағы кез келген баспа өнімін, видеоматериал, аудиоматериал, басқа да әдебиеттерді шығарғысы келсе, ең алдымен оны жергілікті уәкілетті органға жіберіп, дінтану сараптамасының оң қорытындысын алуға тиіс. Бірақ іс мұнымен бітпейді. Елімізде діни мазмұндағы кітаптарды шығаруға рұқсаты бар баспаханалар көп емес. Заң бойынша кез келген баспахана діни кітаптарды шығара алмайды. Ол заңға қайшы. Сондықтан уәкілетті органнан оң қорытынды алғаннан кейін де ол кітапты діни әдебиеттерді шығаруға рұқсаты бар баспаханалардан ғана шығаруға болады. Одан бөлек, жарыққа шыққан кітапты кез келген орында таратуға да рұқсат жоқ. Әр қалада жергілікті уәкілетті органның рұқсатын алған дүкендер мен сауда нүктелері бар. Діни мазмұндағы әдебиеттерді тек сол белгіленген орындарға ғана сатуға, таратуға заң бойынша рұқсат. Ал басқа орындарда және де интернет арқылы діни кітапты сату заң алдында жауап беруге әкеп соғады. Өйткені бұл діни әдебиеттерді заңсыз тарату болып есептеледі. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде осындай заңға қайшы әрекеттер, сондай-ақ діни әдебиеттерді елге заңсыз алып кіру үшін арнайы жаза қарастырылған. Кодекстің 490-бабы 3-тармақшасында «Миссионерлiк қызметтi тіркеусіз (қайта тіркеусіз) жүзеге асыру, сол сияқты миссионерлердің дінтану сараптамасының оң қорытындысы жоқ діни әдебиетті, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануы, Қазақстан Республикасында тіркелмеген діни бірлестіктердің діни ілімді таратуы – Қазақстан Республикасының азаматтарына бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ тұлғаларға Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiбере отырып, бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады» деп көрсетілген. «Заңда көзделген жауапкершіліктерге қарамастан әлі де өздерін белгілі бір діни бірлестіктің өкіліміз деп таныстырып, пәтерлердің есігін қағатындар баршылық. Олар діни мәтін жазылған түрлі қағаздарды, кітаптарды және өзге де материалдарды таратулары мүмкін. Бұл еліміздің «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы мен Әкімшілік кодексінің талаптарын бұзатын әрекет» дейді дінтанушы Азамат Төлепов.

Жалпы заң бойынша діни әдебиетті заңсыз таратушы заңды тұлғалар 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін. Сонымен қатар, олардың қызметтері 3 айға дейін тоқтатылуы да ғажап емес. Мәселен өткен жылы Алматыда бір кітап дүкенінің иесі тиісті рұқсатсыз діни кітаптарды сатқаны анықталған болатын. Нәтижесінде ол 690 мың (200 АЕК) көлемінде айыппұлға ілігіп, қызметі тоқтатылды. Ал өткен жылы Ақтөбе облысында дін саласындағы заңды бұзған бір оқиға орын алды. Әлеуметтік желіде (ВКонтакте) тыйым салынған діни материалдарды таратқан Ембі қаласының 26 жастағы тұрғынына айыппұл салынды. Оның уатсап желісіндегі топта да діни материалдарды таратқаны полиция қызметкерлерінің мониторинг жасауы кезінде анықталған. Сот ер адамды «Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, насихаттауға немесе үгiттеуге бағытталған мәлiметтер мен материалдар қамтылған бұқаралық ақпарат құралдары өнiмiн Қазақстан Республикасының аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау» бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 58 340 теңге айыппұл салды. Жалпы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда діни материалдарды дайындауға, шығаруға және таратуға талаптардың қойылуы – тәуелсіз Қазақстан тарихында жеткен үлкен жеңістердің бірі деп санауға негіз бар. Себебі ол еліміздің аумағында, әсіресе жастар арасында теріс діни материалдардың таралуына тосқауыл қойып, жат пиғылды дінбұзарлардың әрекетіне үлкен соққы берді. Қоғамдағы діни ахуалдың тұрақтануына өз септігін тигізді. Біз осы мақаламыз арқылы еліміздің әрбір азаматына заңның талаптарын жеткізуді мақсат тұтамыз. «Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды» деген қағида бар. Ертеңгі күні «біз білмедік» деп сан соғып қалмау үшін діни әдебиетті таратуда қандай талаптар бар екенін біліп жүргеніміз абзал.

Серік ЖОМАРТОВ,