Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Иордан Хашимит Корольдігіндегі сапары аясында Уақыптар, Ислам және қасиетті орындар істері жөніндегі министрі Мұхаммед Ахмед әл-Халайламен кездесті.

Кездесуде екі ел арасындағы діни, рухани байланыстар және қасиетті орындарды зиярат ету жайы сөз болды. Жоғары мәртебелі профессор, доктор Мұхаммад Ахмед әл-Халайла Бас мүфти бастаған делегацияны жылы қарсы алып, қос ел арасындағы ынтымақтастық ниетіне сәттілік тіледі. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ең алдымен ілтипат көрсеткен мәртебелі министрге алғысын білдіріп, қызметіне табыс тіледі.

«Ең алдымен Сіздің жомарт қонақжайлылығыңызбен жылы қабылдауыңыз үшін алғыс айта отырып, Алла мен Оның діні жолындағы күш-жігеріңізді атап өткім келеді. Бұл менің Иордан топырағына бірінші сапарым және бұл біздің ортақ мақсаттарға жетуге деген құлшынысымызды көрсетеді. Біз бұл ретте ислам істері саласындағы ынтымақтастықты дамытып, тәжірибе алмасу және рухани қарым-қатынастарды тереңдетуге ықпал етеді деп үміттенемін. Толеранттылық және экстремизм мен терроризмге қарсы күресу қағидаттарын бекіту жолында да бірігіп жұмыс атқаруға дайынбыз.

Алдағы уақытта біздің арамызда бірлескен жұмыстың көптеген бағыттары айқындалады деп есептеймін. Сапардың бір жемісі екі ел арасындағы алшақтыққа қарамастан, хақ дініміз бізді жақындастырады. Мәртебелі Министр, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тағы да өз атымнан алғысым мен ризашылығымды білдіремін және Сізге зор денсаулық және Иордан елінің дамуына тілектеспін» деді ҚМДБ Төрағасы.

Кездесу барысында тараптар қос ел арасындағы рухани, діни бағыттағы ортақ жобаларды қолдайтынын жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде Иордан елінде 7500 мешіт бар. Ал Құдыста министрлікке қарайтын 800 қызметкер тіркелген.

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *