Отандық теологиялық білім ордаларында білім алудың маңыздылғы

0
4612

Қазіргі таңда қоғамда діннің рөлі мен маңызы күннен-күнге артып келеді, сол себептен мемлекет тарапынан дінтанушы және теолог мамандарын даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Еліміздің жастары арасында аға буын өкілдеріне қарағанда дінге қызығушылардың қатары көбейгенін атап өткеніміз жөн.

Алайда кейбір жастарымыз отандық теологиялық оқу орындарының көптігіне қарамастан, шетелдік оқу орынында білім алғанды артық деп санайды. Расында солай ма, талдап көрейік.

Жастар діни білім аламын және сол салада қызмет етемін десе, діни білімді отан­дық діни оқу орындарында ал­ғаны маңызды. Ата-аналар мен студент­тер сапалы діни білім алу үшін Қа­зақстанның да мүмкіндіктері жоғары екенін білулері керек

Елімізде дін саласында мамандар даярлайтын тоғыз медресе-колледж, әлемнің жетекші теологиялық оқу орындарының оқу жоспарына сәйкес келетін жеті жоғары оқу орны бар. Аталған оқу орындарында білікті отандық және шетелдік оқытушылар дәріс береді.

Мәселен, «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің магистратура және докторантурада оқитын студенттерге Түркия, Ресей, Малайзия, Мысыр және Каир университетінің профессорлары екі апталық дәріс-семинарларын өткізеді. Осылайша, отандық теологиялық оқу процесі шетелдік оқу орындарының оқу процесінен еш ерекшеленбейді.

Егер де жастарымыз шетелде білім алуға шешім қабылдаса, мынаны естен шығармағаны жөн: өмірлік тәжірибесі жоқ жастарымыз шетелде оқып жүріп кереғар діни ағымдардың ықпалына түсуі мүмкін. Себебі олар шетелде болғанда ол жақтың ерекшеліктерін білмейді, осылай қауіп бірнеше есе артады. Бұндай жағдайлардың алдын алу барысында ата-аналар мен студенттердің рөлі ерекше екенін атап өту керек. Осыған орай ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің арнайы шығарған 11 ережеден тұратын «Шет елдерге оқуға кететін ҚР азаматтарына арналған дін мәселелері жөніндегі жадынамасымен» танысып шыққандары дұрыс деп есептейміз. Отандық немесе шетелдік оқу орнын таңдағанда барлық факторды мұқият зерделеп, содан соң ғана дұрыс шешім қабылдау керек.

Қорыта келе, қазіргі уақытта жастардың діни білім алуға деген қызығушылығы қуантады. Жастарымыз елді дамыту жолында діни әрі дүнияуи ілімдермен сусындаса тіптен жақсы. Тұтастай алғанда, мемлекет пен дін өкілдері Қазақстанда діни білім алу үшін бар жағдай жасау жөнінде жүйелі және кешенді жұмыстарды жүзеге асырылып келеді. Бұл өз кезегінде азаматтарымызға радикалды діни идеологияның қате көзқарастары мен қоғамдық қауіптілігін жеткізуге қабілеті жоғары білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Болашағын теологиялық ілімдерді зерттеуге ар­­наған қазіргі жастар өз елінде де кәсіби діни білім алуға барлық мүмкіндіктер жасалғанын білгені жөн.  

Бексұлтан ЖҰМАДІЛЛӘ, 
Шымкент қаласы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог маманы.