Алла Тағала адам баласы салиқалы-ізгі амалдарды көп жасауы үшін кейбір түндерді, күндерді және айларды ерекшелеп қойды. Соның бірі – зул-хижжа айының алғашқы он күні.

Алла Тағала Құранда:

وَالْفَجْرِ (١) وَلَيَالٍ عَشْرٍ (٢)

«Тәңсәріге серт және он түнге (зул-хижжа айының алғашқы он түніне)»[1], – деп ант етті.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): ««Дүниенің ең абзал күндері (Зул-хижжаның алғашқы) он күні»[2], – деген.

Зул-хижжа айының алғашқы он күніне қатысты өзіндік артықшылықтар мен үкімдер бар:

  1. Зул-хижжа айының алғашқы он күні. Бұл қасиетті күндер болып саналады. Сондықтан осы күндері көбірек құлшылықтарды, ізгі амалдарды орындау – мұстахап. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға осы он күнде істелген игі істен жақсырақ амал жоқ», – деді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Сонда Алла жолында соғысу да оған тең келмей ме?» – деп сұрағанда, ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла жолында соғысу да оған тең келмейді. Тек жанымен әрі малымен жорыққа барып, кері қайтпаған адамның жағдайы бөлек»[3], – деген.

Тағы бір хадисте: «Алла Тағаланың құзырында осы он күнде жасалған ізгі амалдан абзал әрі сүйкімді игі іс жоқ. Ол күндері тасбихты (субханаллаһ), тахмидты (әлхамду лилләһ), тахлилді (лә иләһа иллаллаһ), тәкбірді (Аллаһу акбар) көбейтіңдер» [4], – делінген.

  1. Зул-хижжа айының алғашқы сегіз күнінде ораза ұстау – мұстахап[5]. Бұл күннің оразасына қатысты арнайы дәлел келмегенімен, ол жоғарыда хадисте айтылған жалпы ізгі істердің қатарына жатады. Оған қоса тыйым салынған күндерден басқа кез келген уақытта ораза ұстау – сауапты іс.
  2. Арапа күні қажылардан басқасына ораза ұстау – сүннет[6]. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін» [7], – деген.
  3. Құрбан айт (зул-хижжаның оныншы) және ташриқ[8] күндері ораза ұстауға шариғат тұрғысынан рұқсат етілмейді[9]. Әбу Сағидтан жеткен риуаятта: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза және құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салды»[10], – делінген.

Келесі хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ташриқ күндері – ол ішіп-жеу және Алланы еске алу күндері»[11], – деген.   

  1. Ханафи мәзһабы бойынша құрбан айт күндері дәулетті (қажетінен тыс зекеттің нисап мөлшеріне жеткен)[12] адамға құрбан шалу – уәжіп[13]. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал»[14], – деп бұйырды. Бұл жердегі бұйрық рай уәжіпті білдіреді[15].

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жағдайы бола тұра құрбандық мал шалмаған кісі біздің мешітімізге жақындамасын»[16], – деп ескерткен.

Құрбан шалу – Алла Тағаланың берген сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сондай-ақ, мұсылманның шалған малының етінен бала-шағасына, ағайын-туысына, көршілеріне, мұқтаж жандарға тарату арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі.

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныш бергей! Барша мұсылман халқына бұл айды сауапты істермен өткізіп, Жаратқан Иеміздің мейірімі мен кешіріміне кенелуді нәсіп еткей!Ескерту:

Биыл зұлхижжа айының басталуы 7 маусымға тура келеді.

15 маусым – Арапа күні.

16-18 маусым – Құрбан айт күндері.

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *