Еліміз егемендік алып, азаттықтың ақ таңы атқанына биыл отыз үш жыл. Осы жылдар аралығында мемлекетіміздің барлық салаларында терең, әрі түбегейлі өзгерістер орын алды.

 Еліміз дербес мем­ле­кет ретінде әлемде өз орнын иеленіп, кез келген салада алпауыттармен иық тірестіре, бәсекелес бола алатын қабілеттілігін көрсетті. Әсіресе, тарих қойнауында жатқан рухани мұрамыз қайта жаңғырып, өзінің лайықты орнын тапты. Десек те, зайырлы қоғамда алаңдатарлық келеңсіз мәселелер де жоқ емес. Солардың бірі – мемлекетіміздің діни ахуалы. Егемендіктің алғашқы жылдарында саяси-экономикалық, әлеуметтік, нарықтық мәселелер бірінші кезекке қойылып, рухани құндылықтарды жаңғырту жағы кешеуілдегені белгілі. Соның салдарынан қоғамда рухани бос кеңістік орын алды.

Мамандардың сөзінше, өзге мемлекеттерден келген жат ағым өкілдері оңтайлы тұсты ұтымды пайдаланып, сол бос кеңістікті толтыруға тырысты. «Дін туралы» Заңға (1993 ж) сүйенген шетелдік миссионерлер елде өз идеологияларын жүргізіп, кеңінен үгіт-насихат жасап үлгерді. Діни экстремистер ел ішінде алауыздық тудырып, дінді саясаттандыруды, сол арқылы қоғамға теріс әсерін тигізуді көздеді. Қазіргі таңда экстремизм мен терроризм адамзатқа төнетін шынайы қауіпке айналған.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы көктемде Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің Қауіпсіздік кеңесінің хатшыларымен кездесу өткізген болатын. Онда аталған ұйымға мүше елдер «Үш зұлым күшке» бірігіп, қарсы тұру керектігін баса айтты.

«Мемлекеттеріміздің шырқын бұзатын терроризм, экстремизм және сепаратизм әрекеттерінің белең алуына жол беруге болмайды. Бүгінде мұндай қатерлердің сейілмегені өз алдына, олар түрленіп, бұрынғыдан бетер қауіпті бола түсті. Сондықтан біздің тарапымыздан анағұрлым жүйелі әрі батыл шаралар қабылдау қажет»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы дін мәселесін көтеріп, деструктивті насихаттардың зиянын тілге тиек етті.

«Біз халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керек. Қазақстан өзінің мемлекеттілігіне және қоғамдық моралына қайшы келмейтін діни наным-сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайды. Бірақ біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де! Деструктивті насихаттарға біздің еліміздегі балалар да ілесіп кетіп жүр. Сондықтан мұның зардап-залалы өте зор болуы мүмкін. Таразы басында өскелең ұрпақтың рухани жағынан сау-саламатты болу мәселесі тұр. Біздің осыған қатысты ұстанымымызға саяси ахуал да, жер жүзінде сәнге айналған жаңа үрдістер де әсер ете алмайды»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Мемлекет басшысы бабалардың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуге шақырған болатын.

«Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент: «Дәстүрлі ислам – халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз»,- деді. Жалпы, діни экстремизм дегеніміз не? Жастарды жат ағымдардың ықпалынан қалай қорғаймыз? «Ақниет ақпарат түсіндіру» АҚ теолог маманы, Алматы қаласы «Абдулла» мешітінің ұстазы Марат Нұрғалиұлы Тұрапбаймен сұқбаттасқан едік.

– Діни экстремизм дегенді қалай түсінуге болады ? Жат ағым өкілдерінен келетін қауіп қандай? Ислам дінінің атын жамылған экстремистік бағыттағы ағымдар қайсы?

– Діни экстремизм емес, діннің атын жамылған экстремистер деп айтқан дұрыс болады. Себебі дін ешқандай лаңкестік амалдарға шақырмайды. Экстремизм қаупі өте үлкен. Тіпті, адам өлтіруден де қауіпті. Ол-идеология . Идеология арқылы мемлекетті басқаруға, тіпті тұтас қоғамды жоқ қылуға болады. Идеологияға аса көп қаражат салудың да қажеті жоқ. Мәселен, Сирия. Ондағы соғысқа Қазақстаннан кеткен азаматтардың көбінің қолына қару да, ақша да берілген жоқ. Шет жақта, сонау мұхиттың ар жағында отырып-ақ отандастарымызды идеологияның күшімен шақырып алды.

Қазір ислам дінін жамылған жат ағымдар көп. Біздің елде кездесетін мадхалиттер және нематхал дейміз, сурурит, такфириттер де бар. Такфириттер қазір азайды, бірақ мадхалиттер мен нематхалдар (сәләфизм ағымдары) көп.

– Экстремизмді насихаттаушылар жастарды өздеріне тартуда «оңай олжа» санайды. Өйткені өскелең ұрпақ олардың ықпалына төтеп беруге қауқарсыз. Баланы жат ағым ықпалынан қалай қорғаймыз? 

– Бір ғана әдісі бар. Ол — жастарымызға дұрыс бағыттағы дінді насихаттау. Егер бала дұрыс бағыттағы дінді санасына сіңіріп алса, оған сырттан біреу теріс бағытты насихаттаса да, ол оны қабылдамайды. Себебі, оның миында дұрыс бағыттағы дін болады. Ол ойланады, қайсысы дұрыс-бұрысын салыстырады. Мәселен, қазір осы бағытта атқаралып жатқан жұмыстарды сараптасақ, көптеген азаматтар бұрын мешітке бармаған немесе мүлде діннен хабары жоқ адамдар теріс бағытқа тез кетіп қалып жатады. Өйткені олардың бойында антивирус жоқ. Демек, балаға дұрыс дінді насихаттай білуіміз қажет. Баланың бойында антивирус болса, ешқандай вирус енбейді ғой.

– Діни экстремизм неден пайда болады? 

Діни экстремизмнің негізгі тамыры – діни сауатсыздықтан. Иә, экстремисттік топқа кетудің ең бірінші салдары — сауатсыздық. Егер жастайынан белгілі бір мемлекеттік, діни идиеологияға дұрыстап тәрбиеленетін болса, бала мұндай әртүрлі ұшқары ойлар, төзімсіз іс-әрекеттерге бармайды. Екіншіден, еліктеу. Үшіншіден, адамдар көбіне моральдық жағынан кішкене қиналған кезде экстремистер сондай бір психологиялық көмек ретінде жәрдемдескендей болады. Сондай сипатта өздеріне тартады. Одан құтылуды бірінші жолы-білімді болу. Жастарымыздың діни білімін арттырып, кімнің экстремист, кімнің дұрыс бағыттағы екенін ажыратып беруіміз керек.

– Діни сауаттылықты арттырудың қандай жолдары бар?

– Сауаттылықты қалай арттырамыз десеңіздер, сауаттылықты мешітке барып имамдардан немесе теолог мамандардан сұрайсыздар. Ешқашан «googlе.kz»-дан іздеп, қарамаңыздар. ІТ саласында қатты озып кеткен. Интернеттен «Намаз оқып үйренейік», «Ораза ұстау», «Қалай дұрыс дұға ету» деген сияқты ақпараттарды іздеп жазсаңыздар, бірінші солардың сілтемелері, нұсқаулары шығып тұрады. Көп бауырларымыз солай адасып кетіп жатады. Сөйтсек, googlе-дан қарасақ, бағанағы жат ағым топтарының пәтуалары шығып тұрады.

– Соңғы кездері әсіре діншілдер «домбыра тартып, ән айтуға, беташар жасауға, өмірден озған ата-бабаға Құран бағыштауға болмайды» деген секілді ақылға қонбайтын пәтуа шығарып жүр. Әйтеуір діни шектеулер көп. Осы тұрғыда не айтасыз?

– Бұл экстремисттік топтардың дінді дұрыс түсінбегендігінен деп ойлаймын. Себебі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі Ұхыт шайқасында қаза болған сахабаларды зиярат еткені туралы хабарлар бар. Екінші мәселе, Құранда аят бар, Хашр сүресінің оныншы аятында: “Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбеңдік қылма. Раббымыз шүбәсіз Сен тым жұмсақ, ерекше мейірімдісің.”деп жазылған. Міне, тікелей аяттар бар. Сол үшін де зиярат ету, Құран бағыштауда тұрған ештеңе жоқ. Біздің Пайғамбарымыз (с.а.с) істеген амалдарының бірі.

Ал, беташарға тоқталсақ, беташар –қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі. Жаңа түскен келіннің бетін ашып, көпшілікке таныстыру — халқымыздың құрметтейтін, ежелден келе жатқан дәстүрі. Бұл жерде мәселе беташарда емес, сәлем салуда болып тұр ғой. Вахабистер, экстремистік топтар үшін иілу тек Аллаға ғана тән болады. Бірақ Пайғамбарымыз (с.а.с) «барлық амал ниетке байланысты» деген хадисі бар ғой. Бізде келін баласы сәлем салғанда ниеті қандай болады ? Құрмет деген мақсатта болады. Келін қайын атасына, қайын ағасына немесе үлкен кісіге құлшылық қылып жатырмын деп басын имейді. Құрмет мақсатында ғана басын иеді. Сол үшін бұл жерде ниетке байланысты . Барлық амал ниетке байланысты. Мұсылман елміз, дінсіз қоғам болмаған. Әр адамның жүрегінде Құдайға деген сенім бар. Діни сенім керек. Оған дұрыс бағыт-бағдар керек.

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Ата жолын сақтаймыз десек, ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтайық. Дәстүрлі ислам – халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз» деген еді. Өте орынды айтылған сөз, себебі біздің бабаларымыз ұстанып келе жатқан дін — ол дұрыс дін. Абайды, Шәкәрімді, Мәшһүр Жүсіпті алсақ та, бәрі дұрыс дінді насихаттап келген. Хадисті, Құран аяттарын дұрыс түсініп , біздерге жалпақ тілмен түсіндіріп берген. Біздер жастарымызға дұрыс исламды насихаттау арқылы экстремистік топтардан алшақтата аламыз. Дәстүрімізді дұрыс түсіндіру керек.

Дерек: ҚР ҰҚК мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері елімізде екі лаңкестік шабуылдың жолы кесілген. Оның біреуі шет мемлекетте шетелдік серіктестермен бірлесіп жасалмақ болған. Экстремистік көзқарастарына байланысты республикаға 139 шетелдіктің кіруіне жол берілмеген, 280-нен астам шетелдік азамат Қазақстаннан шығарылған. Тыйым салынған діни әдебиеттерді елге заңсыз әкелуге қатысты 190-нан астам әрекетке тосқауыл қойылып, 19 шетелдік жауапқа тартылған. Заңсыз айналымдағы 237 атыс қаруы, 27 жарылғыш құрылғы, 4500-ден астам оқ-дәрі және басқа да террор құралдары тәркіленді.

Жанна Жомарт

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *