Атырау облысы Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында Абдолла хазірет атындағы жаңа мешіт ашылды. Бұған дейінгі ауылдағы қолданыста бар мешіт жанынан жаңа ғимарат салынып, ел игілігіне берілді.

Жаңа мешітте 600 орындық ерлер жамағатына арналған намаз оқу залы, 100 орындық әйелдер залы, 300 адамдық асханасы бар.
Мешіттің ашылу салтанатына Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы, Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов арнайы қатысып, Сағыз жұртшылығын құттықтады.

Ерекше атап өтерлігі, мешіттің ашылу салтанатына Абдолла хазіреттің бір топ ұрпағы келді.

«Имандылық жолына бет бұрған жастарға дұрыс бағыт беру маңызды. Осы мақсатта Атырауда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мешіттеріміз имандылықтың, тәрбие мен білімнің, ізгіліктің ордасы болып отыр» деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетсек, 16 жыл бұрын Қазақстан бизнесінің көшбасшысы, меценат Жауғашты Нәбиев Сағыз ауылына демеушілік етіп, мешіт салған болатын.

Қазіргі уақытта ауылдың үлкейіп, жамағаттың көбеюіне байланысты, ауыл мешіті жаңартылып, кеңейтіліп, қайта қолданысқа беріліп отыр.

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *