Жуырда ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева «Ан-Ниса 2020» Қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ұлытау облысына іссапармен барды.  

Үш күндік сапарда алдымен Жезқазғандағы «Ан-Ниса» орталығында әйел жамағатымен «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» тақырыбында кездесу болды. Кездесу барысында жамағатқа болашағы жарқын, білімді де тәрбиелі ұрпақты өсіру, ата салтымызды ұстанып, ата дінімізден ауытқымай, балаларға жақсы ісімізбен үлгі болып, өнегелі ісімізбен дұрыс тәрбие беру қажеттігі жөнінде айтылды.

Бұдан кейін Сәтбаев қаласының «Б.Балқыбайұлы» мешітінде Ұлытау облысы мешіттерінің әйел ұстаздарына арналған семинар-тренинг өтті. Біліктілікті көтеру семинары барысында ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы ұстаздармен сұқбаттасып, жеке әдіс-тәсілдер, тәжірибесін бөлісті, ұстаздарды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Уағыз-насихат айтудың әдебі мен мәдениеті» тұғырнамасымен таныстырып, бұл тақырыпты жан-жақты ашып, жамағатқа уағыз айту кезіндегі қажетті кеңестерін бөлісті.

Сондай-ақ, мешітке келуші әйел жамағатын бұрыс білім алудан, жат ағым арбауына түсуден сақтандыру үшін сауат ашу курстарын жетілдірудің маңыздылығын түсіндіріп, мешіт ұстазының тұлғалық бейнесіне тоқталды. Сектор меңгерушісі семинар-тренинг соңында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Шара сонында әйел адамның нәзік табиғатын жоғалтпай, үздіксіз даму үстінде жүруі, жан-жақты өнер-білімді меңгеруі туралы өзара пікір алмасып, өзекті сұрақтарға жауап берілді.

Одан бөлек осы Сәтбаев қаласының «Ан-Ниса» орталығында әйел жамағатымен «Мұсылманның қоғам алдындағы жауапкершілігі мен міндеттері» тақырыбында кездесу болды. Шара барысында сепктор меңгерушісі әрбір адам қоғамда өмір сүргендіктен өзге адамдардың алдындағы жауапкершілігі мен міндеттерін білуі қажеттігін айтып, бірлігі мен берекесі жарасқан қоғам қалыптастырудағы әрбір адамның атқаратын рөлі мен маңызына ерекше тоқталып өтті.

Ал «Б.Балқыбайұлы» мешітінің асханасында «Ислам және отбасы құндылықтары» тақырыбында өткен қаланың әйел жамағатымен кездесуде  отбасы қарым-қатынастарының тұтас қоғамға әсер ететіндігі және қазақ халқындағы ислам дінімен ұштасқан отбасылық тәрбиенің озық үлгісі жайында баяндалды. Сонымен қатар, Динара Құтқожақызы жамағатқа Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» деп жариялағанын айтып, жиналғандарды дәстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолымызды, төл мәзһабымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды дәріптеу жайында баяндады.

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *