Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ирак Республикасының еліміздегі елшілігінің жаңадан тағайындалған уақытша сенімді өкілі Жабер Нажм Абдолла әл-Тәмимиді өз өтініші бойынша қабылдады.

Кездесуде екі елдің түрлі саладағы қарым-қатынасы сөз болды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елімізде тұрақты түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің дінаралық татулық пен достықты, халықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайтудағы рөлін айрықша атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысы жайлы баяндап берді.

Басқосу барысында сенімді өкіл Ирак Республикасындағы діни ахуал, мұсылман қауымының тыныс-тіршілігі жайлы Бас мүфтиге әңгімелеп берді. Өз кезегінде Жабер Нажм Абдолла әл-Тәмими Діни басқарманың діни саладағы орны мен рөлі жайлы ойымен бөлісіп, мүфтияттың игі бастамаларына тілеулестік ниетін білдірді. Сонымен қатар уақыт бөліп, арнайы қабылдаған Бас мүфтиге алғысын жеткізді.

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *