«Виртуалды Халифат» ЛГБТ-ны неге қолдайды?

0
2506

Ислам діні атын жамылған деструктивті діни ағымдардың жақтастары кeз келген амалмен, соның ішіндe ғаламтор арқылы да жастарымыздың санасын улап, қоғамымызға іріткі салып бағуда.

Қоғамға дендей eнген әлеуметтiк жeлінің пайдасымен қоса зияны да бар. Мысалы, деструктивті діни ағымның жeтегінде кеткендердің 88% осы әлеуметтік желі арқылы теріс жолға түскен. Таяу Шығыста белең алған лаңкестік әрекеттeрімен танылған «ДАИШ» халықаралық террористік ұйы­мы әлeуметтік медиа және ғаламторлық тeхнологиялық қосымшаларды пайдалану арқылы өзге елдерден келген содырлармен қатарын көбейтті. Әлем бойынша оған қосылушылардың 80%-дан астамы – ғаламтор арқылы арбалғандар.

Деструктивті діни ағымды ұстанушылардың басым көпшілігін жастар құрайды. Олар интернет кеңістігін өз мақсаттарына тиімді пайдалануда, сол арқылы өз идеологиясын белсенді түрде насихаттау, жаңа мүшелердi өз қатарларына тарту, жақтастарын теориялық және практикалық тұрғыдан оқыту және өздерiне қарсы шыққан желі қолданушыларымен ақпараттық күрес жүргізу, жалған ұрандарымен дінді бұрмалап, жастарға ықпал етудің түрлі жолдарын жасап бағуда.

Деструктивті діни ағымға ерушілердің діни сенімі мен ұстанымдары біздің қоғам мен мемлекетке қарсы және агрессиялық сипатта екені белгілі. Адам бойында қалыптасқан көзқарастық агрессия түбінде іс-қимылға айналуы әбден мүмкін. Бұған еліміздің бірнеше аймағында орын алған террорлық оқиғалар дәлел.

Радикалды ағымдар көбінесе «Facebook», «Вконтакте», «Tapatalk», «Одноклассники», «Instagram», «Telegram», «Tik-tok» әлеуметтік желілерін жастар арасында кең қолданады. Экстремистер әлеуметтік желілерде күндіз-түні жастарды аңдып, олардың өмірлік көзқарастары мен дүниетанымдарын зерттеп, өз айла-тәсілдерімен саналарын сан түрлі жолмен арбауға тырысып бағады. Жасөспірімдердің назарын аудару мақсатында түрлі форматта контент жасайды. Әсіресе, соңғы кездері танымал «Tiktok» әлеуметтік желісінде белсенді.

Контентті дайындап таратып отыратын адамдар, негізінен террористік ұйымның соғыс алаңдарында жүрген адамдары емес, деструктивті дiни ағымның жақтаушылары болып табылатын өз үйінде, компьютер алдында отырған азаматтар. «Telegram» әлеуметтік желісі сөйлесу құралынан бөлек, материалдарды шексіз сақтауға мол мүмкіндігі бар. Деструктивті діни ағымның «Telegram» әлеуметтік желiсін қолданушылары өздерінің топтарына бұғат қойылған соң «Telegram-ға» балама ретiнде «Tapatalk» бағдарламасын қолдануды өз араларында ұсынып, соған көшуде. Бұл секілді әлеуметтік желілердегі ауысулар жалғаса береді.

«Instagram» – насихат жұмыстары үшін таптырмас құрал. Мұнда жат ағымның  жақтастары мыңдаған жазылушыларды тез жинайды. Сонымен қатар, олар жихадшы-террористердің күнделікті өмірін шөл даладағы әсем көрініспен, балалардың тәтті күлкісімен, жарасымды отбасылық суреттермен көрсетеді. Міне, осы сырт көзге бәрі «тамаша» боп көрінген бейнероликтегі өмірге әлеуметтік желідегі жастар арбалып, ақыр соңы алданып қалып жатады.

Себебі, негiзінен жастар мен орта жас өкілдері көптеп отыратын бұл платформаларда деструктивті, радикалды идеялар тез таралып, өз діттеген мақсатты аудиториясына жетіп отырады. Бұған дәлел – еліміздегі экстремизм баптарымен сотталғандардың көбі нақ осы желілерде белсенді ақпараттық жұмыстармен айналысқандар.

Әлеуметтiк желілерде «Виртуалды Халифат» деген ұғым қалыптасып келеді. Бұл «Виртуалды» қоғамда өмір сүретін адамдар шариғатпен емес, әлеуметтік желілердің жазылмаған заңдылықтарымен жүреді. Сондықтан бүгінгі таңда ақпараттық қауiпсіздік күн тәртібіндегі ең бiр өзекті мәселеге айналып отыр.

Деструктивті діни ағымдардың идеологтары ұсынатын контенттер өте әсерлі, қысқа, түсінікті форматта болып келеді. Радикалды діни ұйымдар түрлі тәсілмен әр санаттағы адамдарға арбау жасауда. ЛГБТ-ға қатысты толеранттылық деген мақсатта астыртын ол қауымды да өз ұйымына кіргізуде. Осыдан-ақ террористік ұйымдардың қандай мақсатта, қалай жұмыс жасайтынына мән берсек екен.

Ғаламтор беттерінде тағы қандай контент ұсынады дейтін болсақ, ол тұрмысқа шықпаған қыздарға арналған танысу сайттары.

Тағы бір ұсынылатын контент – қайырымдылық жасау, өз  парақшаларында Құран аяттары мен сүннет амалдары, сауда саласында жарнамалар т.б. туралы материал жариялаумен бастайды. Аудиториясын жинап алғаннан кейін өздерінің уағыз-насихат жұмыстарын жүргізуді қолға алады. Олар  материалдарын сапалы форматта (бірдей фон, әр материал бірдей форматта) дайындайды. Желі қолданушыларының назарын аударатын инфографикалық және анимациялық роликтер мен көз тартарлық дизайнды қолданады.

Кейбір сайттарында халықты экстремистік немесе террористік әрекеттерге шақыруды насихаттамауы мүмкін. Бірақ Исламға арналған ақпарттық портал ретінде жұмыс жүргізеді. Алайда, олар шын мәнiнде халықтың дәстүрлi діни ұстанымдарын ыдыратып, мұсылмандар арасына жік салып, дінді іштей бөлшектеуді көздеуi мүмкін.

Деструктивті діни ағымның өкілдері, яғни миссионерлер өз нанымдарын таратуда әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Мәселен заң аясында тіркеліп, жария жұмыс атқарған сияқты көрінгенімен, көп шаруасын астарлы түрде істейді. Заман талабына сай QR-код арқылы өз жақтастарының қатарын арттыруда.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, білімсіздік, теріс ақпарат – жастардың радикалды ағымдарға өтіп кетуіне себепші болады. Сондықтан құқық қорғау органдарының мамандары көшеде тегін таратылатын материалдарды алмауға кеңес береді. Діни әдебиет сатуға рұқсат беретін арнайы лицензиясы жоқ сауда орындарында сатылатын кітаптарды (діни сараптамадан өтпеген) алмаған жөн.

Елімізде күмәнді бағыттағы діни ақпараттарды тарататын сайттарға әрдайым талдау жасалып, бұғаттау жұмыстары жүргізіліп келеді. Мәселен, 2018 жылы 8,3 мыңнан астам интернет-ресурсының мазмұнына талдау жасалып, 2,2 мыңнан астам заңға қайшы ақпарат көзі анықталған. Ал 2019 жылы 5,3 мыңнан астам талдау жүргізіліп, 2,3 мыңнан астамынан заңға қайшы келетін мәліметтер анықталып, бұғатталды.

Күмәнді контенттің дені – шетелдік экстремистік уағызшылардың дәрістері. Соған қарамастан, деструктивті бағыттағы идеологиялық топтар өз насихаттарын жалғастыруға тырысуда. Сондықтан елдің, ұлттың тұтастығын сақтап қалу үшін, өздерін ғана ақылды санайтын жат ағымдардан барынша сақтану қажет. Ел бірлігi мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтiретін діни ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет.

Нұрлан ТӘШІМОВ,
Қызылорда облысының дін істер басқармасы
Дін мәселелерін зерттеу орталығының
бөлім басшысы