Абайдың қара сөздерінде қолданған аят, хадистердің түсіндірмесі

0
1653

Абай Құнанбайұлының қара сөздері өзі қайтыс болғаннан кейін жарыққа шықты. Ең алғаш қара сөздерінің бірнешеуі 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды. Абайдың  қара сөздері – қазақ поэзиясында қалыптасқан насихат, өсиет үлгісіндегі нұсқалардан мазмұны да, ойды бейнелеп айту тәсілі де мүлдем өзгеше екені көңіл аударады.

Жалпы, Абайдың көркемдік, әлеуметтік адамгершілік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – қара сөздері. Абайдың қара сөздері (кейде «Ғақлия» деп те аталады) – ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған. Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі адамгершілік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың кара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды.

М. Әуезов өз ізденісінде: «Абайға шығыстан кірген дүниелердің басы – ислам діні» — дейді. Біздің де бүгін қозғамақшы отырған тақырыбымыз да Абай Құнанбайұлының қара сөздерінде қолданған Құран аяттары мен Пайғамбар (с.а.с.) хадистерінің түсіндірмесі болмақ. Тереңінен зерделей қарағанда Абайдың барлық қара сөздерінің мағынасы мен мазмұны ислам философиясымен астасып, үндесіп жатыр десек қате айтпағандығымыз. Алайда, біздің бүгінгі мақаламызда оның барлығын дерлік қамту мүмкін болмағандықтан Абайдың отыз бесінші қара сөзіне ерекше тоқталуды жөн санадық.

Абай Құнанбайұлының отыз бесінші қара сөзі 1896 жылы жазылған екен. Абайдың медреседе діни білім алғанын, сонымен қатар білімге деген құштарлығының арқасында шығыстың талай ғұламаларын өз бетінше оқып танысқанын баршамыз жақсы білеміз. Абайдың діни білім алуы қара сөздерінің астарлы мағынасы діни мәтіндермен астасуға себеп болды деп айта аламыз. Сонымен Абай Құнанбайұлының отыз бесінші қара сөзі былайша өрнектеледі:

«Махшарға барғанда құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт — соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола, бір ғана құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді.

Дүние үшін болғандарға айтар дейді: «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харап болған, сонымен қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе ахиретті ұстап, дін ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?» деп».

Абай Құнанбайұлының отыз бесінші қара сөзінің мағынасы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) Имам Муслимнің жинағында келтірілген мына бір хадисімен мазмұндас болып тұр:

«Қиямет күні ең бірінші есебі қаралатын адам – шейіт болып өлген адам Алланың құзырына әкелінеді. Алла Тағала оған (пәни жалғанда) берген игіліктерін, нығметтерін есіне салады. Ол да еске түсіріп, сол игіліктерге қол жеткізгенін айтады

Хақ Тағала сонда:
– Жарайды, осыларға қол жеткізу үшін не тындырдың? – деп сұрайды.

Әлгі адам:
– Шейіт болып, жанымды бергенше, сенің жолыңда аянбай күрестім емес пе?!», – деп жауап береді.
Хақ Тағала:
– Өтірік, жалған айтып отырсың! Сен ел-жұрт «Неткен батыр адам!» деп айтсын деп соғыстың. Солай айтылды да, – дейді. Содан кейін ол адамды бет-жүзімен сүйретілген күйі жәһаннамға лақтыруға бұйрық беріледі.

Келесісі болып, ғылым, білім үйренген әрі Құран оқыған адам (Алланың) алдына әкелінеді. Алла Тағала оған да өзінің берген игіліктерін есіне салады. Ол адам да еске түсіріп, мойындайды.

 Алла Тағала:
– Жақсы, осы нығметтерге жету үшін не істеп едің? – деп сұрайды.
Әлгі адам:
– Ғылым үйрендім, (өзгеге) үйреттім және сенің ризалығыңа ие болу үшін Құран оқыдым, – деп жауап береді.
Хақ Тағала сол кезде:
– Жалған айтып отырсың! Сен: «Ғалым адам» деп айтсын деп ғылым үйрендің ғой. «Құранды қандай тамаша оқиды!» десін деп Құран оқыдың. Сен туралы ол сөздер айтылды да. Содан кейін ол адамды да ет-бетімен сүйретілген бойда тозаққа лақтыруға бұйрық беріледі.

(Содан кейін) Алла Тағала мал-мүлік пен әр түрлі мүмкіншіліктер берген бір адам әкелінеді. Алла Тағала өзінің оған берген игіліктерін есіне салады. Ол кісі де өзіне берілген иігіліктерді есіне алып, мойындайды.
Хақ Тағала:
– Ал жарайды, сен сол игіліктерге ие болу үшін не жасадың? – деп сұрайды.
Әлгі пенде:
– Сен бер деген жерден, сен риза болатын еш жерден аянып қалмадым ғой, тек сенің ризалығыңды табу үшін бердім ғой, – дейді.
– Айтып отырғаның жалған! Сен бар жасаған тірлігіңді «Мынау неткен жомарт адам!» десін деп жасадың. Сен жайлы ондай сөз айтылып та қойды, – дейді. Сөйтіп оны да жәһаннамға етбетімен сүйретілген күйі лақытыруға бұйрық беріледі.

Абай Құнанбайұлының отыз бесінші қара сөзінің мазмұнында «рия» жасаушы адамдардың ақыреттегі жағдайы сөз болып отыр. «Рия» сөзі діни әдебиеттерде, діни ұғымдарда кеңінен қолданылады. Діннен хабары бар кез келген адам мұның мәнісін жақсы түсінеді. Осы тұрғында алғанда рия ұғымын діни тұрғыдан талдағанымыз жөн. Әуелі рияның сөздік мағынасына тоқталайық. Араб тілінде – «көру» мағынасын білдіретін «рә’ә» етістігінің «рү’я»  түбірінен тарайтын «рия» сөзі – біреудің құрметіне ие болу, өзінің бас пайдасын көздеп пендешілікке салынып, өз бойында елден ерек қасиеттері мен ерекшеліктері бар екендігіне өзгенің көзі түссін деп іс-әрекет жасау дегенді білдіреді.

Ал, енді мұның шариғаттағы кең ұғымына келсек, рия дегеніміз – Алланың ризалығы үшін атқарылуға тиіс кез келген істер мен құлшылықтарды ел-жұрт көрсін деп істеу.

Қазақта риясыз махаббат, риясыз сүйіспеншілік, риясыз сезім деген сөз тіркестері сирек те болса айтылып жатады. Қазақ мұны қалай түсінген? Риясыз дегеннің мәнісі қандай? Әлбетте, бұл сөз төл тілімізде сирек қолданылатыны рас. Алайда терең мағыналы сөз. Риясыз дегені – шынайы, таза деген мағынаны білдіреді. Шынайы, ықыласпен атқарылған әрбір іс – риясыз атқарылған іс болып табылады.

Рия – амалдың сауабын жоятын жүректегі рухани дерт әрі иманның әлсіреуі. Алла Тағала жүректе жасырылған әрбір нәрсені білгендіктен ешбір ойды, ешбір ниетті Одан жасырып, бүгіп қалу мүмкін емес. Тәпсір ғылымының білгірі Куртуби: «Рия дегеніміз – Құлшылықты Алладан басқа үшін атқарып, оны дүние табудың жолына айналдыру, Алланың әмірін орындау мақсатында емес, адамдар көрсін деген ниетпен жақсылық жасау» — деген анықтама берген. Жалпы, рия сөзі Құран Кәрімнің бірнеше жерінде келтірілген болса, соның ішінде үш аятын мысалға алдық. Мысалы, «Бақара» сүресінің 264-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تُبْطِلُوا صَدَقَاتِكُم بِالْمَنِّ وَالْأَذَىٰ كَالَّذِي يُنفِقُ مَالَهُ رِئَاءَ النَّاسِ وَلَا يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ ۖ

«Әй мүміндер! Аллаға, ақирет күніне сенбей, адамдарға көрсету үшін мал сарып қылған кісідей, садақаларыңды міндет қылу, ренжітумен жоймаңдар».

«Ниса» сүресінің 38-аятында:

وَالَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُمْ رِئَاءَ النَّاسِ وَلَا يُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ وَلَا بِالْيَوْمِ الْآخِرِ ۗ وَمَن يَكُنِ الشَّيْطَانُ لَهُ قَرِينًا فَسَاءَ قَرِينًا

«Олар сондай Аллаға, ақырет күніне сенбей малдарын адамдарға көрсету үшін жұмсайды. Ал біреудің сыбайласы шайтан болса, ол жаман сыбайластық».

Ал енді «Әнфәл» сүресінің 47-аятында Алла Тағала:

وَلَا تَكُونُوا كَالَّذِينَ خَرَجُوا مِن دِيَارِهِم بَطَرًا وَرِئَاءَ النَّاسِ وَيَصُدُّونَ عَن سَبِيلِ اللَّهِ ۚ وَاللَّهُ بِمَا يَعْمَلُونَ مُحِيطٌ

               «Жұрттарынан шендене адамдарға мақтанып шыққандар, сондай-ақ Алланың жолынан тосатындар тәрізді болмаңдар!».

Осы үш аяттың алғашқы екі аятында құлшылық ниетінсіз, Алланың ризалығын көздемей, тек сырт көз көрсін деп садақа бергендер, ал үшінші аятта көзге түсу үшін және атақ-даңқ үшін Алла жолында күрескендер қатаң сынға ілігеді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) және оның ізінен ерген дін ғұламаларымыз айтқандай дүние деп ақыретімізді, ақырет деп дүниемізді ұмытуға болмайды. Өйткені осы дүниедегі адал ниетімізбен жасаған ізгі амалдарымыз үшін ақыретте Алланың сый құрметіне лайық болып жәннатқа кіреміз. Ал арам ниетпен ақылсыз амалдарымыз үшін тозақ деген мекеннің бар екенінде білеміз.

 Дүние тіршілігінен түбегейлі бас тартуға да, не болмаса тек дүние үшін, атақ үшін қызмет етуге дінімізде, ділімізде бұл амалға оң қабақ танытпаған.

Құран Кәрімнің «Һуд» сүресінің 16-аятында бұл жайында Алла пенделеріне былай деп ескертеді:

وَحَبِطَ مَا صَنَعُوا فِيهَا وَبَاطِلٌ مَا كَانُوا يَعْمَلُونَ ۖأُولَٰئِكَ الَّذِينَ لَيْسَ لَهُمْ فِي الْآخِرَةِ إِلَّا النَّارُ

«Кім дүние тіршілігін әрі оның зейнетін қаласа, дүниеде олардың еңбектерін толық береміз. Сондай-ақ олар кемшілікке ұшыратылмайды. Соларға ақыретте тозақ отынан басқа еш нәрсе жоқ. Дүниедегі жасағандары жойылып кетті. Негізінде олардың істегендері босқа».

Абай Құнанбайұлының осы бір қара сөзі екі бөліктен тұрады. Біріншісі мақтан мен рияға бой алдырып, амал етуші пенде болса, екіншісі Аллаға кіршіксіз ғибадат етуші адамның һәлі баяндалады. Сол екінші топқа жататын адамдардың ақыреттегі жағдайы туралы отыз бесінші қара сөзінің соңында былай дейді: «Ана шын ниетіменен орнын тауып, бір құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар дейді: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар!» — деп айтар дейді».

Абай Құнанбайұлының «Сіздерге лайықты құрметті орным бар» деп меңзеп тұрғаны ол – Жаннат. Қияметте ақырет күнінің есебінен абыроймен өткендер сырат көпірінен де жеңіл өтіп, өздеріне уәде етілген мекендері жәннәтқа кіреді. «Жаннат» сөзі – бау-бақша, жанға жайлы саяжай деген ұғымды білдіреді. Ол – мүміндердің мәңгілік мекені болғандықтан, онда Алланың мүмін құлдарына сыйлаған шексіз нығметтері бар. Жәннәтта астынан өзендер ағып жататын зәулім сарайлар, түрлі-түсті жеміс-жидектер, сан алуан тағам түрлері, яғни адам қажеттілігін қанағаттандыратын ғажайыптардың барлығы бар. Жаннаттың басты ерекшелігі онда өлім жоқ, тек мәңгілік жалғасатын ләззатты өмір, бақыт һәм қуаныш бар. Мұншалықты нығметті Алла өзіне иман етіп, әмірі мен тыйымдарын бұлжытпай орындаған пенделеріне ғана нәсіп етеді. Жаннаттағы Жаратушының ұлы сыйы жайында көптеген аяттарда баян етілген.

Жаннаттағы адамның қиялы жетпейтіндей өте әдемі де сүйкімді, қараған сайын көздің нұрын алатындай тартымды өзге де нығметтердің бар екендігін Имам Бухари мен Имам Муслимнің хадистер жинағынан білеміз: «Алла былай дейді: «Мен салих құлдарым үшін жәннәтта ешбір көз көрмеген, бұрын-соңды ешбір құлақ естімеген, ешбір адамның ойына кіріп-шықпайтын кей-бір нығметтер дайындадым».

Мүміндер үшін жәннәттағы ең үлкен нығмет –  Алланың разылығын алу мен Оның дидарын көру. Бұл жайында Құранның «Тәубе» сүресінің 72-аятында: «Алланың разылығы –(жәннәттың барлық нығметтерінің) ең үлкені. Міне, осы – ең үлкен табыс, қол жеткізушілік» — деп баяндалады.

Сонымен қатар жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, тозақ пен жаннат секілді қос ұғымдардың түсінігі іспеттес Абай Құнанбайұлының бұл қара сөзінің мағынасы тереңде жатыр. Жоғарыдағы келтірілген барша ислам қайнарларынан, Құран мен сүнеттен келтірілген мәселелердің барлығын һәкім Абай қара сөзіне жинақы сидыра алды деп толық сеніммен айта аламыз. Бұл біз оқып, танып жүрген Абай еңбектерінің бір қыры, парасы ғана…

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
директорының орынбасары,
дінтанушы Медет Халықов

centre-tur.kz