ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ

0
3231

ӘЛ-ФАРАБИ (миләди 872-950 ж.ж.) Қазақ топырағынан шыққан ұлы данышпан. Аты-жөні, шыққан тегі: Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан әл-Фараби.

Әл-Фараби қазіргі Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Фараб (Отырар) қаласында түркі тектес әулетте туылған. Оның әкесі әскербасы болатын. Зерттеуші ғалымдар әл-Фарабидің балалық, жастық шақтары туралы тұщымды әңгіме айтпайды. Себебі ұлы ғалымның өмірінің бұл кезеңі туралы мағлұматтар жоқтың қасы. Сондықтан да зерттеушілер ұлы ойшылдың өмірбаянын оның елуден асқан шағында Бағдат шаһарына қоныс аударуынан ғана бастайды. Оның ғылым жолындағы қызу ізденістері мен ұзақ сапарлары нақ осы кезден басталса керек.

Әл-Фараби жастайынан түрлі ғылымдарды оқып үйренді. Оның ақыл-ойының ұшқырлығы мен білімінің молдығына тәнті болған талай жан еріксіз таңдай қаққан. Ол бірнеше тілдерді әсіресе араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерді.

Ұлы ойшыл біраз жылдар Бағдат шаһарында ғылыми ізденістермен айналысып тұрақтап қалады. Содан кейін Шам аймағына қоныс аударады да сексен жасқа жетіп, өмірден өткенше сол өлкеде қалады.      
Алғашқы сапарында әл-Фараби Бағдат шаһарында логика, математика ғылымдарын терең зерттеп, араб тілін игереді. Ол елден асқан зерек еді. Дүниенің өткінші қызықтарынан, ойын-сауықтан алыс болатын. Тұрмысына жетерлік аз дүниеге қанағат етіп, уақытының барлығын ғылым жолына арнайтын. Ол алдыңғы толқындағы даналардың ізін қуған данышпан философ. Сондай-ақ, ол медицина ғылымын да толық меңгерген.

Ал Шам аймағына келген кезде әл-Фараби алғашында Дамаск қаласындағы бір бақта бағбан болып жұмыс істейді. Мұнда ол жеміс ағаштарын баптай жүріп ғылыммен айналысуын әрі қарай жалғастырады. Ол әсіресе, логика ғылымын терең зерттеді. Осы бұрын-соңды салада жазылған еңбектердің бәрін парақтап оқып шықты. Тұрмысының жұпынылығына қарамастан қолындағы бар қаражатын кітап сатып алуға жұмсап, күні-түні ғылыммен айналысты. Ол бақ қарауылшысы ретінде берілетін май шамның жарығымен талай томдарды оқып түгесті. Өзінің еңбектерін де жазып шықты. Ақырында оның есімі әлемге жайылды.

Еңбектері шартарапқа тарағаннан соң есімі дүниеге әйгілі болды. Уақыт өте келе оны білім иелері мойындап, өз заманының бірегей ғұламасына, біртуар дара тұлғасына айналды. Әл-Фарабидің аса парасаттылығы туралы естіген Халеб қаласының әкімі Сәйф әд-Дәулә әл-Хамдани оны басқа да мұсылман ғалымдармен бірге сарайына шақырып құрметтеп, қонақ қылады. Ұлы данышпанның даналық сөздерін ден қойып тыңдаған әмірші оны өзіне жақындатуды ойлайды. Оны қазылыққа тағайындайды.

Әл-Фараби киетін киімі мен тұрмысына аса көп назар аудармайтын. Оның қарапайым тіршілік кешкені сондай, кейде тіпті, тек қана қара сумен күнелткен кездері де болған.

Ұлы ойшыл қазылық қызмет атқарып жүрген тұсында да ғылымнан қол үзген емес. Бірде таным өрісін одан әрі кеңейтіп, білімін молайта түсуді көздеген данышпан қазылық мансаптан бас тартады. Одан кейінгі өмірінде ғылымның алуан түрлерімен, өнермен шұғылданады. Саз өнерінің қыр-сырларын тексеріп, терең игерген ғұлама көп ішекті ғажайып аспап ойлап табады. Бұл цитра атты музыкалық аспап болатын.

Бірде әл-Фараби Сәйф әд-Дәуләның мәжілісінде отырғанда әмірші оған: «Тағам алдырайын, ас ішесіз бе?» – деп сұрайды. Ғұлама: «Жоқ, ішпеймін», – дейді. Әмірші: «Сусын ішесіз бе?» – деп сұрағанда одан да бас тартады. Сосын Сәйф әд-Дәулә: «Олай болса бірдеңе тыңдарсыз», – деп ұсынады. Әл-Фараби: «Тыңдайық», – деп келісімін береді. Сонда әмірші қолдарында музыкалық аспаптары бар әншілер тобын алдырады. Бұлар патшаның ең талантты өнерпаздары болатын. Олар орындарына жайғасқан соң қолдарындағы аспатарының күйін келтіріп, алуан түрлі сазды әуендерді ойнай бастайды.

Алайда олардың өнеріне әл-Фарабидің көңілі толмай, қателіктерін айтып сынайды. Сонда одан Сәйф әд-Дәулә: «Өзің жақсы ойнайтын ба едің?» – деп сұрайды. Әл-Фараби: «Иә, ойнай аламын», – деп өзінің саз аспабын алып, құлақ күйін келтіреді де көңіл көтерер әуездерді төге жөнеледі. Бұл әуен мәжілісте олтырғандарды көңілдерін шаттандырып, жүздері жайдарылық ұялатады. Олар бір-бірлеріне жымия қарасып, шад-шадыман болысады. Әл-Фараби бұл әуенін аяқтаған соң, қолындағы аспабының құлақ күйін басқаша келтіреді. Сиқырлы сазды ішектерден енді адамның жүрегін жылатар мұңлы әуен сарнап қоя береді. Құлақтан кіріп, бойларын билеп алған қайғылы күйге еліткен жиналған жұрт кірпіктерін жас шалып, кемсеңдей бастайды. Бұл қайғылы әуенді аяқтап болған соң әл-Фараби аспабының құлағын басқаша бұрып, енді құлаққа жағымды, мамыражай, баяу күйді тарта бастайды. Жиналған жұрт күйдің әсеріне беріліп, жастықтарға жантая кетеді де, сәлден кейін көздері жұмылып, ұйқыға кетеді. Сол кезде әл-Фараби әуенін аяқтап, аспабын бір шетке сүйеп, сарайдан шығып жүре береді.

Шығармалары Әл-Фараби жетпіске тарта кітаптар мен зерттеу жұмыстарын жазып кетті. Оларда философия, астрономия, логика, геометрия, музыка сынды ғылым мен өнердің сан алуан түрінің мәселелері талқыланады. Алайда оның еңбектерінің көбі аумалы-төкпелі замандарда жоғалып кетті де бізге осынау мол мұраның аздаған бөлігі ғана жетті.

Әл-Фараби еңбектері һижраның төртінші, бесінші ғасырларында мұсылман әлемінің шығыс бөлігіне таралып, одан соң Андалузияға жетті. Андалузиялықтар әл-Фараби еңбектерін оқып-үйреніп, олардан көршілес европалықтар оқып, көпшілігін өз тілдеріне аударады. Әл-Фараби ғылымдарды мынадай басты екі бөлімге бөлген: Бірінші: теориялық ғылымдар. Бұл топқа жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізген. Екінші: практикалық ғылымдар. Бұл топқа этика, фиқһ, кәләм ғылымдарын жатқызған.

Данышпан бұл пікірін Ихса әл-Улум («Ғылымдардың классификациясы») атты еңбегінде келтірген. Осы кітап әл-Фарабидің түрлі танымдар мен ғылымдарды энциклопедиялық тәсілмен алғаш рет жүйелеген ғалым екендігін дәлелдейді. Аталмыш еңбегінде ғұлама оқырманды әрбір ғылым саласының қыр-сырымен таныстыруға тырысқан.

Европалық шығыстанушылар мен тарихшылардың пайымдауынша әл-Фараби сондай-ақ Шығыс философияның да негізін қалаушы. Олар ұлы кемеңгердің келелі пікірлерінің астарларына үңіліп, көп зерттеген. Әл-Фарабидің ойшылдығына тәнті болысқан. Ғұламаның пікірлерінің құндылығы сонда – ол философиялық ой-толғаныстарын ежелгі грек философтары Аристотель, Платондардың пікірлері негіздерінде өрбіте отырып, сол пікірлерді ислами негіздерге орайластырған.

Сондай-ақ, әл-Фарабидің Ара’у әл-Мәдинат әл-Фадила («Ізгі қаланың пікірлері») атты атақты кітабы бар. Бұл еңбекте ұлы философтың этика, қоғамтану, саясат, теология, психология салаларындағы құнды пікірлері жинақталған. Әл-Фараби ізгі қала деп идеалды билік жүйесін атайды. Ол қаланың тұрғындарының осы дүниеде де, ақыретте де бақытты болуларының жолдарын іздейді. Әрбір халықтың осы бақытқа жетуі үшін керекті жайттардың ғылыми негіздерін жасап шыққан.

Мысырдың жиырмасыншы ғасырдағы ойшылы Аббас Махмуд Аққад әл-Фарабидің аталмыш кітабы жайында: «Әл-Фарабидің басқа мұсылман филосфтарынан ерекшелігі сол ол саясатты таза философиялық таным тұрғысынан қарастырып, зерттей білген. Биліктің ең идеалды түрін елестетіп, оның жүзеге асуы үшін қажетті этикалық нормалар, саяси принциптерді белгілеген. Билеуші мен биленушінің мақсаттарын нақты түрде айқындаған. Жамандық пен азғындық жайлаған қоғамды қатты сынаған. Айналып келгенде мұның бәрі әл-Фарабидің кемеңгерлік деңгейі мен пікірінің еркін екендігін дәлелдейді», – деп ой тербейді.

Әл-Фараби Бағдат шаһарында әл-Муқтадир билләһ атты халифаның тұсында логика ғылымын оқып-үйреніп, жетік меңгереді. Бұл салада алдына жан салмайтын майталманға айналады. Логика тақырыбында жазылған еңбектерге түсіндірмелер жазып, оны оқып-үйренудің жаңа жолдарын, әдістемелерін енгізеді. Өзінен бұрынғы араб философы әл-Кинди және тағы басқа ғалымдар ескермеген көмескі мәселелерді жарыққа шығарып, айқын дәлелдермен өзіндік жаңаша үрдіс қалыптастырады.

Ғұлама логиканың зерттеу объектісін айқындап, бұл ғылымды үйренудегі мақсаттарды ашып көрсетті. Қолдану аясын кеңейтті. Осындай жаңашылдық қабілеттеріне байланысты оның логика тақырыбында жазылған еңбектері үлкен сұранысқа ие болды.

Жалпы әл-Фарабидің ғылымның логика, философия салаларында жазған еңбектері көп болған. Әрі нақ осы салалардағы тың пікірлері оның атын асқақтатып, төрткүл дүниеге әйгілі етті. Сол еңбектердің бірі жоғарыда атап өткен Ихса әл-Улум кітабы. Ол аталмыш кітабында түрлі ғылымдардың басын тоқайластырып, олармен таныстырып өткен. Әл-Фарабидің бұл жаңашылдығы бұрын-соңды болмаған жаңа ғылыми әдіс болатын. Сондықтан бұл кітап әл-Фарабидің жаңашылдығына жарқын дәлел бола алады. Платон және Аристотель философияларының негіздері атты кітабы. Бұл кітап әл-Фарабидің философия ғылымындағы керемет білімдарлығын, даналық атаулының қыр-сырын жетік меңгергендігіне айғақтайтын еңбегі. Бұл кітап логикалық дәлел келтіру мен ғылыми зерттеудің негіздерін үйрететін және түрлі ғылымдардың құпия-сырларын ашып көрсететін таптырмас құрал.

Ұлы данышпан жаратылыстану, логика салаларындағы өзінің алдына қойған мақсаттарына жетіп, олардың әрқайсысына жеке-жеке кітап жазып шыққан. Осылайша ғылым-білімнің әу бастағы қайнар бұлағы Алла Тағала тарапынан келетіндігіне жаратылыстану ғылымдарынан нақты дәлелдер келтірген. Мұндай пікірін ұлы ойшыл өзінің Платон философиясының негіздері атты кітабында айтып өткен. Аталмыш кітап философия ғылымына ден қойған ізденуші шәкірт үшін өте пайдалы құрал болды. Өйткені бұл кітапта түрлі ғылымдарға тән ортақ мағыналармен бірге әрбір ғылымға жеке-дара түсіндірмелер берілген.

Сондай-ақ, әл-Фарабидің құдайлық білім мен адами білім туралы жазылған екі кітабы бар. Біріншісі әс-Сиясат әл-Мәдәния(«Азаматтық саясат»), ал екіншісі Ара’у әл-Мәдинат әл-Фадила («Ізгі қаланың пікірлері»). Бұл екі еңбегінде автор иләһи ілімді бірінші ұстаз Аристотельдің әдісімен ашықтап түсіндіріп, иләһи білім мұхитынан жарқыраған інжу-маржандарды қалай іліп алудың жолдарын ашықтап көрсетеді әрі хикмет-даналықты игерудің тәсілдерін тәптіштеп жеткізеді. Содан соң қабілеттілік пен рухани күш жағынан адамдардың дәрежелерін анықтап береді. Пайғамбарларға ғана түсетін иләһи уахи мен адами ақыл-ойдың жемісі – философияның ара-жігін айқындайды. Қалалардың ізгілері мен бұзықтарын да сипаттап береді. Ізгі қоғамды уахи мен ой-сананың негізінде ғана құруға болатындығын баса айтады.

Әл-Фарабидің бұдан басқа да талай шығармалары, өзінен бұрынғы философтардың еңбектеріне жазған түсіндірмелері бар. Атап айтар болсақ: Батлеймостың әл-Миджасти кітабына, Аристотельдің әл-Бурһан, әл-Хитаба, әл-Қияс, әл-Мақулат,  әс-Сәмә уа әл-Аләм, әл-Ахлақ, әл-Әсәр әл-Улуия кітаптарына жазған түсіндірмелері. Сондай-ақ, бұларға қосымша өзі жазған Шурут әл-Қияс, әл-Жәдәл, әл-Мауадиъ әл-Муғлита атты кітаптары да бар. Сонымен қатар түрлі қоғамдық құрылымдар жайында әл-Мәдинат әл-Фадила, әл-Мәдинат әл-Жәһилә, әл-Мәдинат әл-Фасиқа, әл-Мәдинат әл-Мубдәлә, әл-Мәдинат әд-Далла атты еңбектері және теология тақырыбында философ Ар-Разиге жазған жауабы,  Мәбәди Ара’и әл-Мәдинат әл-Фадила, Китаб әл-Мусиқа әл-Кәбир тағы басқа толып жатқан құнды туындылары бар. Білімінің осыншама молдығына таң қалған бір кісі әл-Фарабиден: «Сіз көп білесіз бе, әлде Аристотель көп біле ме?» – деп сұрағанда, данышпан: «Онымен замандас болған жағдайда мен оның ең мықты шәкірті болар едім», – деген екен. Әл-Фараби – араб тілінің білгірі әрі ақын Әбу Насыр әл-Фараби алуан түрлі ғылымдардағы біліктілігімен бірге араб тілінің білгірі әрі талантты ақын да болатын. Тіпті араб грамматикасының әл-Мубарридтен кейінгі ірі өкілі Ибн әс-Сарадж замандасы әл-Фарабимен бірге сұхбаттас болғанда ұлы данышпан оған грамматикалық қағидаларды жатқа айтып берсе, ал әс-Сарадж өз кезегінде логика ілімін оқып беретін болған. Сонымен қатар әл-Фараби даналық пен тақуалық мағыналарға толы өлең шығара білетін дарынды шайыр да еді. Ол пәни дүниенің жалған қызықтарынан бойын аулақ ұстап, саф таза рухани әлемге ден қойып, рух азығын тән азықтарынан биік қойды. Оның өлең туындылары жер бетіндегі тақырыптар емес, иләһи әлеммен байланыстылық бар. Сондықтан да оның өлеңдері басқа философтардың шығармаларына оқ бойы озық тұр. Солардың бірі төмендегідей:

Ей, достым! Жалғандыққа жуымағын,
Көтеріп ақиқаттың ақ туын алғын.
Бұл дүние бізге мәңгі болмас мекен,
Пенде һәм жерде бақи болмайды екен.
Сызықтармыз сызылған бар болғаны,
Шимақтар шыр айналған шарда ол-дағы.

Әл-Фарабидің осындай өлеңдері оның өресінің биіктігін, дүниелік жалған қызықтардан аулақтығын білдіреді, рухани әлемнің ұшар биігіне жеткендігін паш етеді. Дүние мәңгілік мекен емес өткінші, жалған әлем, сондықтан да әрбір ақылды жан осынау жалған пәни дүниені тәрк етіп, рухани тазалыққа, бекзатттыққа бет бұруы тиіс, шыншылдар мен шәһидтердің шың-мәртебесіне шарықтап шығуы тиіс деп тұрғандай автор.

Әл-Фараби әрдайым пәни дүниелік пендешілік қасиеттерден қалыс қылуын сұрап шынайы түрде Алла Тағалаға жалбарынатын, күндіз-түні дұға қылатын. Жаратқаннан күнә-қателіктерден тазартып, айқындыққа бастайтын таза ақыл нәсіп етуін сұрады. Тегінде тылсым дүниенің құпия-сырларын білуге деген зор ынтықтық оны түрлі білімдерге жетеледі, даналық пен хикметтің саф бұлағынан сақи сусындауға апарды. Осылайша әл-Фараби адамның әу бастағы жаратылыс материясы – топырақ пен төмен деңгейлерден бойын аулақ ұстап, рухтық рахатқа, ақыли биік дәрежелерге жетті. Оның дәйім аузынан тастамайтын мінәжат-дұғаларының бірі мынадай болатын:

«Уа, Алла! Уа, болуы сөзсіз міндетті һәм болуының ешбір себеп-салдары жоқ, әзәлдән (басталуы жоқ мәңгіліктен) бар әзіз Иләһім! Пендеңнен надандық пердесін сыпырып, пәнилік кінәраттардан пәк ете гөр. Өзің разы болатын іс қылуыма нәсіп ет!

Уа, Алла! Мәртебемді биік ет! Әр ісімнің соңын қайырлы қыл! Мақсат-мұраттарымды асыл қылып, іске асыр!

Уа, шығыстар мен батыстардың Иесі!

Уа, Раббым! Бойыма тектілік пен бекзаттықты сіңіргейсің, пайғамбарлардың кереметтерін көрсеткейсің, байлардың бақытын бергейсің, данышпандардың даналығын дарытқайсың, тақуадарлардың тақуалығын танытқайсың!

Уа, Алла! Пәни жалғанның ғапылдығынан сақтап, таза ақылдың иелерінен қылығайсың! Аспан әлемінің тұрғындарының әулиелігіне, шыншылдар мен шәһидтердің мәртебелеріне жеткізгейсің. Шын мәнінде Сенен басқа ешбір құдай жоқ. Әр нәрсенің себеп-салдары Сенсің, аспан мен жердің нұры Сенсің! Маған ақиқатты ақ қылып көрсет һәм соның соқпағындағылардан қыл! Жалғанды жалған етіп көрсет һәм оның жолынан жырақ қыл!

Уа, Алла! Өзіңе деген тақуалығымды адасудан арашалайтын алдаспаным қыл! Расында Сен әрбір нәрсені толық Білушісің!

Уа, Алла! Нәпсілік нақұрыс сипаттардан, надандықтан құтқара гөр! Өзіңнің биік дәрежелеріңе жеткізіп, дәргейіңе жақындат. Уа, Алла! Өзің сыйлаған рухымды тазартып, сол арқылы жарылқа. Даналықтың ең биік деңгейіне жеткізіп, пәкизат періштелеріңнің әлеміне жақындат.

Уа, Раббым! Өткінші қызықтарға қарсы күресімде өзіме ыстық қайрат, керемет күш-қуат бер!

Туралыққа бастап, иманымды тақуалықпен берікте! Жанымды дүниеге деген құштарлықтан құтқарып, пәнилік пенделіктен, ластықтарынан айықтыр. Жанымды биік рухтардың әлеміне бастағайсың! Шынында мені туралыққа бастап, қамқорлыққа алатын, пана болатын тек бір Өзіңсің!».

Расында да әл-Фараби қазақ халқының ғана емес, жалпы мұсылман үмметіне, барша адамзатқа ортақ тұлға, ортақ мақтаныш. Ұлы ұстаз һижраның сексенінші жылында Дамаск шаһарында дүниеден озды. Оған Алланың рахымы болсын!

Дереккөз: Mazhab.kz