БАС МҮФТИ ИМАМДАРҒА ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАРДЫ ҚАТАҢ САҚТАУДЫ ТАПСЫРДЫ (ФОТО)

0
1709

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен ҚМДБ-ның облыстардағы бас имамдарының қатысуымен онлайн режимдегі жиын өтті. Жиынға наиб мүфти Ершат Оңғаров және ҚМДБ өкілдіктерінің бас имамдары қатысты.

Онлайн жиында облыстық өкілдіктерге жүктелген тапсырмалардың орындалуы пысықталды. Жиында негізінен бес мәселе қаралды. Атап айтқанда, пандемия кезіндегі діни рәсімдерді санитарлық талаптарға сай ұйымдастыру; биылғы түлектерді жұмысқа орналастыру және жаңа оқу жылына талапкерлер дайындау; онлайн уағыз-насихат пен Құран хатым оқуды жандандыру; алдағы Құрбан айт мерекесіне дайындық жасау; халықты жұқпалы аурудан сақтандыру мақсатында онлайн садақа беруді қолға алу жайлы тапсырмалар берілді.

Бас мүфти сондай-ақ өңір имамдарына санитарлық талаптарды қатаң сақтауды, халыққа психологиялық қолдау білдіріп, көбірек истиғфар, салауат айту және садақа ниетімен құрбандық шалуды ұйымдастыруды тапсырды.

«Ел басына қауіп төнген осындай сын кезеңде Алладан дұға тілеп, құрбан шалудың маңызы зор. Қазақта қуаңшылық болып, қауіп-қатерге душар болғанда құрбандық шалып, Алладан дұға тілейтін жақсы дәстүр бар. Мәселен, Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» тарихи романында халықтың Алладан жеңіс сұрау мақсатында құрбан шалғаны жазылған. Демек Алладан рақым, медет, шипа сұрау мақсатында құрбан шалып, дұға тілеудің артығы жоқ. Бәрін беретін – Алла Тағала. Сондықтан ертең сағат 11:00-де еліміздің барлық аймағында құрбан шалып, Алладан көбірек дұға тілейік» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жиын соңында ҚМДБ Төрағасы «Елімізді бейбіт мекенге айналдырып, індеттен құтқара көр» дей келе, мемлекетіміздің, имамдар мен жамағаттың, ауырып жатқан жұртшылықтың амандығы үшін Алладан шипа сұрап, дұға жасады.