«Дәстүрлі дін» ұғымын түсіндірудің кейбір қырлары

0
1228

Аталған ұғымдық тіркесті түсіндіруден бұрын «дін» ұғымы бойынша зерделеудің кейбір қырларына тоқталып өтеміз.

Жалпы алғанда теология мен әр түрлі ғылым салалары арасындағы негізгі ғылыми қайшылықтар«дін» ұғымына байланысты. Теология ғылымында «дін» ұғымына қатысты екі жүзден астам анықтамалар бар, олар әр түрлі түсініктер мен сенімдердің, діни ағымдар мен діни секталардың барлығын қамтиды. Алайда, әр түрлі ғылым салалары арасындағы «дін» ұғымына қатысты зерттеулер әлі де аз. Көбінесе бұл құбылысты философия, әлеуметтану, тарих және психология салаларының өкілдері зерттейді. Ақиқатында «діни экстремизм» ұғымына байланысты теология мен әр түрлі ғылым салалары арасындағы ғылыми қайшылықтар «дін» ұғымының ғылыми тұрғыдан зерттелмегендігімен түсіндірілсе керек. Ендеше осы тұрғыда біз «дін» ұғымына қатысты біршама ой қорытындыланған дұрыс деп санай келе танымның «ішкі», «сыртқы» және «ортақ» қырлары жиынтығының нәтижесінде қалыптасқан түсіністік аппаратына көңіл бөлейік. 

Танымның «ішкі» қырлары бойынша «дін» ұғымы туралы түсініктік аппараттың қалыптасуын төмендегідей дәлелмен түсіндіруге болады: ол дін негіздеріне сәйкес келмейтін діни ұйымдар мен секталардың діни сенім негіздеріне тән. Осындай құрылымдардың діни сенім негіздері, діни сенім бойынша көзқарастары, ұстанған діни тәртіптері мен салттары шынайы діннің сенім қағидаттарына сәйкес келмейді, керісінше оларға қайшы, сондықтан олар «дін» ұғымына толыққанды және дұрыс, бұрмаланбаған анықтама бере алмайды. Шынтуайтына келгенде діни ұйымдар мен секталардың негізі діни харизмалық тұлғалар тарапынан, олардын сенімі мен ой-пікірлері арқылы негізделіп құрылатындығы және бекитіндігі белгілі. Демек, діни харизмалық тұлғалардың субъективтік өзіндік сенімі мен ой-пікірлері бойынша діни сенім негіздері қалыптасатындықтан, танымның «ішкі» қырларына қатысты арнайы түсініктік аппарат та пайда болады. Бірақта ғылымның, әсіресе позитивтік теология ғылымының мұндай түсініктік аппаратты қолдану мәселесін объективті түрде шешуге ешбір әлеуеті жетпейді. 

«Дін» ұғымы жөнінде танымның «сыртқы» қырлары бойынша түсініктік аппараттың орнығуы былайша дәлелденеді: бұл түсініктік аппарат бойынша «дін» деген ұғымға саяси көзқарас «әсер» етеді. Қазіргі уақытта көптеген ғылым салаларының зерттеушілері «дін» ұғымыныңғылыми мәнін, шығу тегі мен себебін, негізін және діннің өзіндік жүйесін толыққанды түсіндіре алмай жатыр. Олар діннің қоғамдағы әлеуметтік, психологиялық, идеологиялық, философиялық және өзге салдарын қарастыруға бейім, бірақ діннің қоғамдағы аталған салдарының өзінен-өзі пайда болмайтындығын және оларды жүзеге асыратын қоғамдағы адамдар екендігін жан-жақты ескере бермейді. Өз кезегінде бұл салдардың бәрі де дерлік шынайы діннің жүйесімен үйлесімде деуге де болмайды, себебі қоғамды құрайтын адамдар қанша діншіл болса да, олар ұстанатын дін көп жағдайларда діннің дәл өзі болып табылмайды. Яғни діннің шығу тегі мен себебі және оның негізі тек Жаратушы тарапынан ғана. Егер де адамдардың діни сенім негіздері мен іс-әрекеттері ақиқат діннің өзіндік жүйелеріне сәйкес жүзеге асатын болса, онда діннің қоғамға салдары да жақсы болады. Керісінше діни сенім негіздер мен іс-әрекеттер шынайы діннің жүйелеріне сәйкес жүзеге аспай жатса, онда шынайы діннің салдары емес, дінге қайшы іс-әрекеттер қоғамда орын алып отырады. Сонымен, танымның «сыртқы» қырлары бойынша түсініктік аппаратта да «дін» ұғымы жөнінде қисынды анықтама беруге толық мүмкіншілік жоқ деп есептеуге болады. 

«Дін» ұғымы жөнінде танымның «сыртқы» қырлары бойынша түсініктік аппараттың орнығуына қатысты мысал ретінде оған берілген мына анықтаманы тілге тиек ете кетейік: «Дін — жаратылыстан, адам мен адамзаттан тыс трансценденталдық, құдіретті күшке сенуге негізделген дәстүрлі қоғами сана формасы» [1, 3 б.]. Философ Н.Н. Иманқұл берген бұл анықтаманың мазмұны «дін» ұғымының тек танымның «сыртқы» аспектісіне негізделгенін айқындайды, себебі кейбір адамдардың діни сенімдері ауытқыған, ал кейбіреулерінің діни сенімі әлсіз де болуы мүмкін. Егер сенім шынайы дін негізіне сәйкес келсе, ол дұрыс діни сенім. Демек, діни сенім адамның өз ойы мен сенімі негізінде орнықса, онда ол шынайы діни сенім болып табылмайды. Сондай-ақ «дін» ұғымының тек танымның «сыртқы» аспектісімен ұштасып жатқандығын профессор Т. Ағдарбеков те өзіндік анықтамасында алға тартады. Оның ойынша «дін (латынша «religio» -құдайшылдық, аса ұлкен құрмет көрсететін нәрсе, ерекше нәрселер) дүниетаным және дүниені сезіну, сонымен қатар соған сай келетін тәртіп және арнайы әрекеттер (культ), сенімге негізделген құдайдың не құдайлардың барлығын және оның табиғаттан да жоғарылығын мойындау» [2. 28-29 б.]. 

Осы жерде ескерте кетер жайт — «дін» ұғымына қатысты берілген анықтамаларды шартты түрде мынадай үш топқа бөлуге болады. 1) Қасиетті кітаптардың мазмұнынан шығатын анықтамалар; 2)Әр түрлі ғылым салаларының зерттеушілері берген анықтамалар; 3) Діни секталар мен ағымдар өкілдері және ойдан шығарылған дінсымақ жақтаушылардың анықтамалары. Дегенмен, қазіргі кезде мемлекеттік, нақты айтқанда, құқықтық тұрғыдан «дін» ұғымына әлі құқықтық анықтаманың болмауы да жалпыға белгілі. Бұл жағдайдың өзіндік себеп-салдары бар. Негізгі себебі, көптеген мемлекеттердің конституциялық құрылысының зайырлы сипаты болуынан. Сол себептен зайырлы мемлекеттер ресми ұстанымдарда болатындығы да түсінікті. Біздіңше, осы мәселе түбінде егжейлі-тегжейлі қарастырылып, одан кейін оны рационалды, әсіресе ұлттық құқық пен халықаралық-құқықтық тұрғыдан шешілуі тиіс. Өйткені, діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңның жүзеге асыру барысында, сондай-ақ діни экстремизммен күресу аясында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың күрделі мәселелері бар екендігі жалпыға белгілі. 

«Дін» ұғымы туралы танымның «ортақ» қырлары қасиетті жазба кітаптарда шынайы дін және негізі бұзылған, ойдан шығарылған діндердің бар екендігі мәселелерімен байланысты. Қасиетті жазба кітап — Құран Кәрімде шынайы дін — Жаратушы тарапынан шыққан, оны жеткізушілер періштелер мен пайғамбарлар деп анықкөрсетілген, яғни дін олар арқылы адамзатқа баяндалған бұйрықтар мен тыйымдардыңжиынтығы. Кезінде шынайы дін ретінде адамзатқа жеткізілген, алайда кейін адамдар өзгерткен, демек негізі бұзылған діндердің қалыптасып, орныққандығы да қасиетті жазба кітапта ашық баяндалады. Сондай-ақ ол кейбір харизмалық тұлғалар тарапынан ойдан шығарылған дін және оның адамзат арасында таралуы туралы дәлелді негіздермен айғақталады. Сонымен, сенім негіздері бұзылған діндер мен ойдан шығарылған діндер ешбір «дін» ұғымы жөніндегі танымның «ортақ» қырлары бойынша негізделетін түсініктік аппарат болып қалыптаса алмайды. Бұл дегеніміз, тек қасиетті жазба кітапта баяндалған шынайы дін ғана жоғарыда аталған түсініктік аппараттың негізі бола алады деуге болады. 

М. Исаұлы мен Қ. Жолдыбайұлы бұл мәселеге байланысты бірігіп жазған еңбектерінде «нағыз дін — ақыл иелерін өз еріктерімен ізгілік пен туралыққа жеткізетін иләһи заңдар жиынтығы» [3, 12 б.], — деп нақты ой қорытындылайды. Авторлардын бұл анықтамасы өте дұрыс әрі әділ тұжырымдалған, өйткені дін — Иләһи, Құдай заңдар жиынтығы. Ислам діні бойынша, Құдай заңдардың көрінісі — Қасиетті Құран мәтінінде ғана бекітілген. 

«Дін» ұғымын қарастыруымыз бен оған анықтама берудегі басты мақсатымыз мына төмендегі негіздерді басшылыққа алуымызбен байланысты: біріншіден, ол «дін» ұғымын құқықтық тұрғыдан анықтауға көмектеседі, яғни «дін» және «діни экстремизм» ұғымдарынын өзара арақатынастарын, ерекшеліктерін, айырмашылықтарын талдауға мүмкіншілік береді. Екіншіден, «дін» мен «діни экстремизмнің» шығу тегін анықтап, ажыратуға да түрткі болады. Үшіншіден, «дін» мен «діни ағым», «діни бірлестік», «конфессия», «секта», «діни аз топ» сияқты жеке ұғымдардың да өзара арақатынасын,айырмашылығын, шығу тегін, құқықтық өздеріне тән анықтамаларын тұжырымдауға ерекше қолғабыс жасайды. Төртіншіден, осы аталған ұғымдар мен «діни экстремизмнің» ортақ және ерекше тұстарын саралауға мүмкіншілік туады. 

«Дәстүрлі дін» делінген ұғымдық тіркесті естігенде көптеген адамдар, әсіресе дәстүрлі емес діни ағымдардың жақтаушылары өзіндік эмоциясын көрсетіп, осы тіркесті қолдануға қарсы шығып жатады. Олардың өзіндік пайымдаулары бойынша, кезінде шынайы дін мен салт-дәстүрлер араласып кеткен, сонымен бірге кейінгі кезде адамдар дінге өзіндік жаңалықтарды да енгізіп жіберген деп есептейді. Бұл жаңсақ әрі қате пікірге қатысты мынадай діни, тарихи және логикалық негіздерді басшылыққа алып жауап беруге болады. 

Діндердің негізгі қайнар көздері болып табылатын қасиетті жазбаларға сәйкес, ғалымдардың жіктеуі бойынша жалпы діндерді үш топқа бөледі. 

l. Өзіндік генезисі (шығу тегі) қасиетті жазбалар арқылы көрініс беретін, сол діннің жалпы негіздері мен қағидаттарының, тиісті ережелерінің адамдардын тарапынан ешқандай да өзгеріске ұшырамаған дәстүрлі дін. 

2. Кезінде дәстүрлі дін болған, алайда кейіннен кейбір адамдардың әрекеттеріне байланысты, яғни діннің негізіне өзіндік қисынсыз тұжырымдар мен ережелерді қасақана. енгізіп жіберудің нәтижесінде мәні мен мазмұны бойынша дәстүрлі дін негізінен айырылған діндер. 

3. Дәстүрлі діннің өз табиғатына қайшы келетін, кейбір адамдардың тарапынан ойлап табылған, құрылған діндер. 

Дәстүрлі діннің белгілері. 

1. Дәстүрлі діннің генезисі — Жаратушы тарапынан деп саналады. Оның дәлелі әрі негізгі қайнар көзі, сондай-ақ формасы ретінде қасиетті жазбалар танылған. 

2. Аталған қайнар көздердің мазмұнынан анықталғандай, қасиетті жазба берілген, сондай-ақ қасиетті жазба берілмесе де пайғамбарлық міндеттерін атқарған тарихи тұлғалардың болуымен дәлелденеді. 

3. Тарихи кезеңдерімен дәстүрлі діндердің көптеген халықтардың, оның ішінде, әуелі отбасылық, әулеттік, рулық, тайпалық құрылымдардың, сондай-ақ өзіндік тарихыменқалыптасқан ұлттардың тарихында, өмірінде орын алуы. 

4. Дәстүрлі діндердің негізгі қайнар көздерінің мазмұны, негіздері мен қағидаттарының адамдардың тарапынан өзгеріске ұшырамауы. 

5. Барлық тарихи кезеңдерде қоғамдық қатынастарды реттеуде өзіндік ықпалының болуы. 

6. Қоғамдағы әлеуметтік нормалардың туындауы, қалыптасуы мен өзіндік дамуына әсерінің болуы. 

7. Дәстүрлі діннің қоғам мен адамға пайдасы болмаса, өзіндік зияндық және зардаптық салдарының болмауы. 

«Әлемдік дін — бұл дін, яғни белгілітерриторияда кең таралымға ие болады және белгілі әлеуметтік қауымдастықта, әр түрлі әлемніңелдері мен түрлі континенттерінде сипат алады. Әлемде белгілі нақты өлшемдер орын алған, яғни әлемдік діннің белгілі біp түріне лайықтандырылады. Бұл стандарттар ЮНЕСКО тарапынан ұсынылады: 1. Адамдардың іріқауымдастығының бірлестігі; 2. Көптеген елдердегі әр түрлі халықтардың  арасында ізбасарларының болуы» [4] .

Жоғарыда тілге тиек етіліп, ұсынылған материалдардың мазмұнынан анықталғандай, дәстүрлі діндердің туындауы, қалыптасуы мен дамуының өзіндік тарихи негіздерімен, тарихи кезеңдерімен ерекшеленетін құбылыс екендігімен байқалады. Осы орайда, БҰҰ ЮНЕСКО тарапынан үш дін әлемдік дін ретінде саналады. 1. Христиан. 2. Буддизм. 3. Ислам. Аталған діндер әлемдік діндер болуымен қатар, дәстүрлі діндер ретінде есептеледі. Сонымен бірге ұлттық дін болып табылатын діндерді (мысалы, иудаизм) дәстүрлі дін ретінде саналады. Сондықтан әлемдік және дәстүрлі діндер деп аталған діндерді атайтындығы жалпыға белгілі. Осы орайда, айтар жайт, Қазақстан Республикасында өткізіліп жүрген әлемдік және дәстүрлі діндер съездері халықаралық деңгейдегі  маңызды  іс-шаралардың қатарына жатады деуге болады. 

Сонымен, жоғарыда жасалған талдаудан байқалғандай, «дәстүрлі дін» ұғымын түсіндірудің негізгі екі жолының қалыптасқан деуге болады. Яғни, теологиялық және саяси-кұқықтық тұрғыдантүсіндірудің әдістемелік негізі бар. 

Теологиялық түсіндіру бойынша «дәстүрлі дін» дегеніміз, оның генезисі Жаратушы тарапынан бастау алатын, тиісті пайғамбарлар арқылы адамзатқа жеткізілген, діннің негізгі қайнар көзі жалпы танылатын әрі формасы ретінде көрінісі табатын, барлық тарихи кезеңдерде көптеген халықтардың өмірінде дәстүрлі түрде орын алған, негіздері мен қағидаттары, сондай-ақ мақсаты мен міндеттері жалпы адамзаттың өзіндік игілігіне арналған Жаратушының  заңдарының жиынтығы. 

Саяси-кұқықтық түсіндіру бойынша «дәстүрлі дін» дегеніміз, бірнеше әлемдік және дәстүрлі діндер ретінде БҰҰ ЮНЕСКО тарапынан тиісті түрде мойындалған, саяси-құқықтық, тарихи, мәдени, әдеби ескерткіштер ретінде танылған, саяси-құқықтық жүйеде, түрлі қоғамдар өмірінде әлеуметтік норма болып орын алған, дәстүрлі діндердің белгілерін  сипаттайтын құбылыс. 

Осы орайда, айта кетер жайт, «дін» ұғымыныңүш түрлі мағынасы бар деуге болады. Яғни, жалпы, негізгі және арнайы мағыналары баршылық. Дін — Жаратушының заңы деген анықтама аталған ұғымның жалпы мағынасын білдіреді. Тарихи негіздері бойынша бұл мағына «туындау», яғни генезистік (шығу тегі) негіздері арқылы түсіндіріледі. Бұл ретте, Жаратушы абсолюттік субстанция ретінде, яғни оның өзіндік (құдаи) заңы философиялық және теологиялық тұрғыдан алып қарағанда, барлық нәрселерді қамтиды әрі барлық жаратылыстарға қатысты делінген ой-тұжырымнан осындай мағына шығады. Ал енді «дін» ұғымының негізгі мағынасы барлық пайғамбарлардың өмірі, тарихы, мақсаты мен міндеттері, сондай-ақ олардың дәстүрлі дінді жеткізудің әдіснамасы, соған сәйкес занды әрі тарихи іс-әрекеттері арқылы түсіндіруге болады. Бұл ретте, аталған «дін» ұғымының арнайы мағынасы жалпы адамзатқа ортақ халықаралық ұйымдар арқылы ұғындырылады. Осы тұста, айта кетер жайт, аталған ұғымның үш мағынасын кеңінен түсіндіруді қажет етеді. Сондықтан осы ұғымның мағыналарын ашу келесі кезектегі бір мақалада мақсат етілді. 

Қорыта айтқанда, «дәстүрлі дін» деген ұғымдық тіркесті түсіндірудің екі жолдың бір-бірімен қайшылықты жағдайда емес. Керісінше тиісті түрде тарихи және саяси-құқықтық ұстаным тұрғысынан бір-біріне өзара қолдау көрсетуде. Бұл ретте, «дәстүрлі дін» ұғымына қатысты дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдерінің өзіндік түсініктерін келесі мақалада жеткізіп жазуға ниет еттік.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Иманқұл Н.Н. Философия әлемінде: болмысы мен тарихы. — Астана: ПолиграфИздат, 2006. — 232 б. 

2. Ағдарбеков Т. Мемлекет пен құқық теориясының негізгі мәселелері: оқу құралы. — Алматы: Заң әдебиеті, 2009. — 256 б. 

3.  Исаұлы М., Жолдыбайұлы Қ. Ислам ғылымхалы. -Алматы: Дәуір, 2003. 400 б. 

4 Дүние жүзілік дін: бастаулары мен қазіргі ахуалы.

                                                                                Бекбосынов Ермек Төленұлы                                        М.Әуезов атындағы ОҚМУ университетінің аға оқытушысы PhD докторы, Ақппараттық түсіндіру тобының мүшесі