Діни білім беру жүйелерінің жұмысы жанданып келеді!!!

0
2189

Діннің қоғамдағы рөлі артқан сайын, бүгінгі қоғамның сұранысын қанағаттандыра алатындай дін мамандары мен діни қызметшілерді даярлайтын орта және жоғары оқу орындарын құру мен қолдауға көңіл бөлінуде. Тәуелсіздік алған бастапқы жылдармен салыстырғанда бүгінгі күні Қазақстанда дінтанушы және теолог мамандарды даярлау біршама алға басқанын атап өту қажет. Қазіргі кезеңде тәуелсіз Қазақстанның діни білім беру орындары сапалы білімнің үлгісін көрсетіп отыр. Бүгінгі күні елімізде Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Имамдардың білімін жетілдіру институты және де 9 медресе (Сарыағаш медресесі, Астана медресесі, Әбу Бәкір Сыддық медресесі, һибаттулла Тарази медресесі, Үшқоңыр медресесі, Шымкент медресесі, Әбу Ханифа медресесі, Ақтөбе медресесі, Орал медресесі) бар.

Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде «Дінтану», «Исламтану», «Шет тілі: екі шет тілі» мамандықтары бойынша мамандар әзірленуде. Университет жоғары білікті исламтанушы мамандарын дайындауға, болашақ дін қызметкерлеріне практикалық мәселелерді білікті түрде шешуге дағдыландыруға барынша мән беріп отыр.

Қазіргі таңда Қазақстандағы діни білім беру жүйесінің дамуына Имамдардың білімін жетілдіру ислам институты өз үлесін қосуда. Аталмыш оқу орны ҚМДБ жанынан Ислам даму банкінің қолдауымен бұрынғы Ислам институты негізінде 2002 жылдың 10 сәуірінде құрылған. Институттың оқу бағдарламасы төрт айлық оқыту курсынан тұрады. Қазақ елінің имамдарының біліктілігін көтеруге үлес қосып отырған мемлекет аумағындағы медреселер де діни білім саласындағы озық жетістіктерімен көзге түсуде. Сонымен қатар дінтанушы, теолог мамандарды әзірлеуді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті де жүзеге асырып отыр. Елімізде 2017 жылы 5ВО20600 – Дінтану мамандығына 90, 5ВО21100 – Теология мамандығына 10, 5ВО21500 – Исламтану мамандығына 179 мемлекеттік грант бөлінді. Отандық діни оқу орындарының материалдық-техникалық базасының күшеюі, білім сапасының артуы ел азаматтарының діни білімді өз елінде алуға мол мүмкіндік барын анық көрсетеді.

Қазақ елінің рухани қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен тікелей сабақтас. Осы себепті діни білім алуды таңдаған ұл-қыздары бар ата-аналар перзенттерінің жарқын болашағы үшін оларды өз отанында оқытуға барынша мән беруі тиіс. Отандық діни оқу орындары халықтың діни танымынан, ұлттық ерекшеліктерінен терең хабары бар азаматтарды тәрбиелеп шығарады. Қазақы рухани қайнаркөздерден сусындаған және олардың қадірін білген шәкірт діни саладағы істердің жандануына мол үлесін қоса алады.  

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек» деп атап көрсетті.  Иә, осы қағиданы жадымызда ұстап, санамызға бөтен идеядан селкеу түсірмесек біз руханият әлемінде төрт құбыламыз түгел болып ұлы көштен қалып қоймаймыз.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
исламтанушы Тойшиев Нұртаза