Зайырлы мемлекеттің дінмен қатынасы

0
1199

Зайырлы мемлекеттегі діндар адам және оның тұлғасы қазіргі таңда дұрыс әрі толыққанды түсінігін айқындауды қажет ететін өзекті тақырып. Ол ең алдымен қоғамдағы дінге және діндар адамға қатысты таралған сан алуан фобиялық көзқарастарға тоқтау салады. Осыған орай бұл тақырыпты жан-жақты талқылап, тұшымды ой-пікірлер мен түсініктерді ортаға шығару үшін аталмыш тақырыпты талдау барысында бірқатар маңызды мәселелерді қарастырып алу қажет. Сол мәселелердің бірі – зайырлы мемлекеттің дінмен арақатынасы. Себебі бұл діндар адамның зайырлы ортада белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке тұлға ретінде тәрбиеленуінің, өсіп-өнуінің мүмкіндігін анықтайды.

Зайырлы мемлекетте өмір сүретін діндар тұлғаның қалыптасу үдерісіне әртүрлі тарихи, мәдени, діни-саяси, әлеуметтік және тағы басқа көптеген факторлар ықпал етеді. Мемлекет пен дін арақатынасының беріктігі, ұлттық және діни мүдделердің ұштасуы, мемлекеттік және діни ұстанымдар мен құндылықтардың сабақтасуы тұтас бір халықтың, ұлттың рухани-діни өміршеңдігін сақтаушы құбылыстарға жатады. Осы тұрғыдан алғанда «зайырлылық» және «зайырлы мемлекет» деген ұғымдардың дұрыс мағынасын түсіну бүгінде діндар адамның шынайы тұлғасын кескіндеп алуға көп көмектеседі.

Қазіргі таңда «зайырлылық» ұғымы кең ауқымды түсініктерді береді әрі жер бетіндегі әрбір ел оны өзіндік ерекше мазмұнмен қабылдайды. Дегенмен бұл ұғымның жалпы ортақ мақсаты ең алдымен адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыру секілді гуманистік құндылықтарға негізделген. Әсіресе көпконфессиялы және көпұлтты мемлекеттің зайырлы құрылымы қоғамда дінаралық мәмілегерлік пен діни төзімділіктің дамуына, әр діннің үйістіруші әлеуетін жандандыруға серпін береді.

Зайырлылық атеизмді немесе дінді оқшаулау, әйтпесе оны теріске шығару дегенді білдірмейді. Қайта ол діни таным мен құндылықтарды мойындай отырып, олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызын ескереді, әрі жеке адамның дүниетанымдық еркіндігі мен қоғамдағы ой-сана көптүрлілігін құптайды. Зайырлы мемлекет осы орайда конституциялық заңдардың шеңберінде мемлекеттік-конфессионалдық және конфессияаралық қатынастардың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді.

Ал дін – адам және қоғам өміріне жан-жақты ықпал ететін құндылық. Ол адамды Жаратушысымен байланыстыратын, адамның қоғаммен қатынасын түзетін, сондай-ақ жалпы өмір сүру дәстүрлерін құрайтын алтын өзек. Сондықтан діндар адамның тұлғасы зайырлы мемлекет және дін арасындағы өзара сенім мен ықпалдастық аясында ғана дұрыс бағытта қалыптасады.

Бүгінде Қазақстан үшін дәстүрлі саналатын екі діннің бірі – ханафи бағытындағы сунниттік ислам діні. Бұл діннің қағидаттары мемлекеттің зайырлылық қағидаттарымен көптеген мәселелер бойынша үйлеседі. Оған ислам дінінің адам құқықтарына құрмет көрсету мен қорғау, діни сенім бостандығын бағалау, өзгелердің ұстанымдарына мәмілегерлікпен қарау үндеулерін мысал ретінде келтіруге болады.

Яғни діни және зайырлы құқықтық негіздерге сәйкес әр адам құқық субъектісі болып танылады, әрі ҚР Конституциясының 14-бабы 2-тармағындағы нормада келтірілгендей ешкім тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемістуге болмайды.

Жалпы барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің заңнамаларында адам құқықтары жөніндегі кодекстің негізгі қағидаттары қамтылған. Зайырлы құқықтық заңнамаларды адамның ар-намысы мен абыройын сақтау, қысым көрсету мен әділетсіздікке жол бермеу секілді мәселелер діни нормаларда кездеседі. Бұл дегеніміз, діндар адам қай жерде жүрсе де құқық иесі саналады, әрі айналасындағы қоғамның әрбір мүшесін діни, ұлттық немесе әлеуметтік ерекшеліктеріне қарай бөліп-жармай, барлығының құқықтары мен бостандықтарын бірдей сақтайтын азамат болып табылады.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Икрам Айтаев