Ислам — бейбітшілік діні

0
1250

Ислам — араб тілінде бейбітшілік, тыныштық  деген мағына береді. Аты айтып тұрғандай Исламның бейбітсүйгіш дін екенін атауынан байқауға болады. Әлемдік діндерден  християн,буддизм діндері  сол діннің негізін саушы адамдардың атымен байланысты болып жататынын байқаймыз. Мәселен Християн діні Иисус Христостан ал Буддизм діні Буддадан алынғаны белгілі. Ислам дінінің аты не пайғамбарға не жерге не руға не адамның атына еш байланысы жоқ. Асыл дініміздің атын әлемдердің Жаратушысы ұлы Раббымыздың өзі қойған. Сан ғасырлар бойы жер бетінде қан төгіс, жанжал, әділетсіздік жайлап, адамзат баласы небір ауыртпашылық пен азапты бастан кешіруде. Алла  адамзатты жаратқаннан  соң олардың қалай тұрып қалай жүру керек екенін білдіру үшін пайғамбарлар арқылы дін жіберді. Ислам діні 14 ғасыр бұрын келді. Яғни  екі дүние  сардары болған Мұхаммед с.а.с пайғамбарымызға  23 жылда қасиетті Құран кәрим кітабы түсті. Құран – адамзатқа тура жол көрсетуші , ақ пен қараны айырушы кітап. Исламның әлемдік дінге айналуының сыры неде? Ол адамзатқа Алланың бар және бір екендігін, барша әлемді бір Алланың жаратқандығынан хабар беріп, адамдар арасында тәртіп орнатып, бауырластыққа бастайды. Адамммен адамның жаратылысының  тең екендігін корсетіп, бақытты болудың жолын көрсетеді.       

Ислам діні келгенге  дейін араб түбегінде зорлық зомбылық, қан төгіс белең алған еді. Әйел баласы зат сияқты сатыла беретін. Қыз бала туса тіріде» көме салатын. Өлтіру керек болса өлтіре салатын, оның құны сұралмайтын болған. Осындай сорақылықтан басқа да көптеген адам айтқысыз жайттар етек алған. Ислам діні келген соң ер де әйел де, бай мен кедей де оның түр тұлғасы, атақ-даңқы, дүние- мүлкі емес, Алланың алдында  адамзаттың барлығы тең екенін көрсетіп, жер бетінде бір-біріне тек жақсылық жасап,  жамандықтан қайтаруға шақырды.

Алла Құран кәримнің Мәйда сүресі 2-аятында «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, жаулыққа жәрдемші болмаңдар. Құдайдан қорқыңдар, Оның қаһары тегінде тым қатал»-дейді. Сондай-ақ өзге дін өкілдерімен де жақсы қарым-қатынаста болуға шақырады. Ол жайында Ғанкабут сүресі 46 аятында «Бұрын кітап түсірілген адамдармен өте сыпайы сөйлесіңдер»- дейді.

Ислам діні келгелі араб түбегінде бұрын-соңды болмаған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туды. Содан бері 14 ғасыр өтсе де хақ дініміз өзінің асыл құндылықтарын жоғалтқан емес. Алайда, кейбір батыс шығыстанушылары мен басқа да дін дұшпандары тарихты бұрмалап, Ислам қылыштың жүзімен таралған деп теріс оқытты. Бақара сүресі 256 аятында «Дінде зорлық жоқ»-десе, Нахл сүресі 125 аятында «Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр»-деп, адамдарға сыпайы түрде насихат жасау керектігін баян етеді. Өкінішке орай қазіргі кезде жамандық атаулыдан пәк дінімізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ислам терроризмы, экстремизмы деген жалған атаулар пайда болды. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с өзінің бір мүбарак хадисінде «Нағыз мұсылман — басқа бір мұсылманға тілімен де қолымен де зияны тимеген адам»- дейді. Алла Тағала «Кім бұрын-соңды кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең»-дейді Майда сүресі 32 аятында.

Әлемде ең тез дамып жатқан дін – ол Ислам діні. Жылдан жылға жүздеген тіпті мыңдаға басқа дін өкілдері хақ дін Исламды қабылдауда. Осыны көре алмаған дін дұшпандары асыл дінімізге барынша күйе жағып, Исламды  құбжық қылып көрсетуге тырысып бағуда. Алайда Алла Тағала өзі түсірген  дінді сақтайтыны хақ. Қазіргі таңда қолына қару алып, Сирияға аттанып, жиһад жасап, халифат құрамыз деп өздерін өздері жарып  жүргендердің  діни білімі жоқ, сайқал саясаттың құрбандары екенін өздері де білмесі анық. Әйтпесе Құранды оқып, хадисті жаттаса, ондай бассыздыққа еш бармас еді. Бұл дертпен ел болып күреспесек, ел тыныштығы мен болашақ ұрпағымызға үлкен қауіп тудырары сөзсіз.

Жиһад- белгілі бір мақсатқа қол жеткізу жолында күресу дегенді білдіреді. Қасиетті Құранда жиһад сөзі 35 жерде келсе, оның төртеуі ғана қарумен соғысуға шақырған. Оның өзінде қарумен соғысу тек елге қауіп төнгенде, патшаның рұқсатымен ғана еліңді, жеріңді, отаныңды қорғау үшін болады. Ал, Исламдағы ең үлкен жиһад ол өз нәпсіңмен күресу яғни бойыңдағы жамандыққа тартатын жаман қасиеттермен күресу, олардан арылу үшін әрекет амал жасау.

Соңғы уақытта әлемдік ғаламторда,  БАҚ өкілдері тарапынан исламға қатысты таңылып жатқан қара дақтардың бұл дінге ешбір қатысы жоқ. Ислам  терроризм,  экстримизммен, сондай-ақ күштеп жаулап алумен  түбегейлі байланыспайды. Бұл асыл діннің негізгі құндылықтарына мән бермегеннің, діни сауатсыздықтың белгісі. Әу баста  Ислам — әлемге тек бейбітшілік әкелу үшін жіберілген соңғы дін. Кейбір қаламгерлердің Исламның тек қылышпен жайылды деген негізсіз сөздері бұл дінге деген жала жабу, Исламның адами құндылықтары жайында хабарсыздығы.

Шымкент қаласының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы Айнабек Ерболат