Алаш зиялыларының діни ұстанымы

0
4813

XX ғасырдың бас кезінде Алаш зиялылары өзекті мәселелерінің бірі –  Алаш партиясын құру болды. Олар бұл мақсат жолында ұлан байтақ жерімен бірге сақтап, қазақ ұлтының жойылып кетпеуін, елдің азаттығын, тілін, дінін, салт дәстүрін сақтау үшін өздерін құрбан етуге дайын тұрды.

Алашорда үкіметін құру 1905 жылдары басталды. 1917-20 жылдары аралығында алғаш болып Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған зиялы тұлғалар Алаш партиясын негізін қалап, Әлихан Бөкейхан төраға болып сайланды.

Алаш зиялылырының барлығының білімі, ұстанымы, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен ұштасып жатты. Сол кезде діни білім беріп жүрген дін қайраткерлері Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғұмар Қарашұлы ұлттың рухани бай болуын, діні мен тілінің жойылмай, ата-дәстүрін сақтау арқылы дамуын ең басты орынға қойды.

Осы күнде дінге қатысты біраз шиеленістер мен дау-дамайлар белең алып бара жатқаны жасырын емес. Оның басты себебі, әлемдік діндердің өзара тармақтарға бөлініп, өзгеше ағымдардың пайда болуы. Адам қанша жерден діндар, тақуа болса да оған ең алдымен иман керек. Абай Құнанбаевтың: «Имансыздың сыртын қанша жусаң да, іші оңбайды», – деуі тектен тек емес. Қожа Ахмет Иасауи бабамыз да: «Ең алдымен иманды түзеу арқылы адамды, сосын ортаны, содан кейін заманды түзетуге болады», – деп, иманды алғашқы орынға қояды. Иманы, ары, адамгершілігі бар адам ешқашан да опасыздық жасамақ емес. Отанды сүю шынайы иманнан көрініс табады. Имансыз адам Отанның қадір-қасиетін де, маңызын да білмей өтеді. 

Ислам діні ең алғаш Қарахан мемлекеті мемлекеттік дін деп жариялағаннан кейін қазақ даласында тарай бастады. Қызыл империя салған 70 жылдық зобалаңнан кейін, атеистік көзқарастардан бізді дін мен дәстүрдің сабақтастығы алып шықты. Әсіресе, қазақ елі үшін салт-сана, тіл мен дінді насихаттауда алаш зиялыларының ықпалы зор болды. Қылышынан қан тамған Ресейдің саясаты жүріп тұрған заманда дәл сондай азаматтардың болуы қажет еді. Бүтін бір елді боданына айналды­руды көздеген отаршыл үкімет халқымыздың дәстүрлі діні мен мәдениетіне ауыз сала бастады. Қазақ даласында және Түркістан өлкесінде миссионерлік жолды басты қару етіп, шоқындыру, орыстандыру әрекеттерін жүзеге асыруды көздеген-ді. Олар    мұ­сыл­мандық мектептерді, медреселерді жауып, орнына аралас қазақ-орыс мектептерін ашуға үлкен күш салды.

Қазақ қанша мұсылмандықты ұс­танса да, атеистік көзқараста болса да дәстүрін ұмытпаған. Дәстүр мен діннің біте қайнасып, қатар жүретінін уақыт әлдеқашан дәлелдеп қойған. Белгілі дінтанушылардың өзі «дін – кеңес үкіметі тұсында дәстүрдің сақ­талып қалуының арқасында жойылып кетуден аман қалды» деген тұжырымдаманы алға тартады. Сол сияқты, Алаш зиялыларының көптеген еңбектері ағартушылыққа бағытталды. Діни бағытта болсын, ғылыми бағытта болсын қазақ азаматтарының сауатты болып шығуы аса қажет еді. Оған себеп, Ресейдің орыстандыру мен христиандандыру саясаты болғанын жоғарыда тілге тиек еттік. Тілі мен дінінен айырылған халықтың тарих сахнасында аты өшпей қалуы мүмкін емес-ті. Дәл осы себеп үшін де зиялы қауым өкілдері барынша күресіп бақты. Сол кезеңдердің жаршысы саналған қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары «Дала уалаяты», «Түркістан уалаяты», «Қазақ», «Сарыарқа», «Айқап», «Шолпан» сынды газет-журналдардың ел ара­сында қоғамдық пікірді мыңдаған оқырманға жеткізу барысында айрықша маңыз­дылыққа ие болғаны шындық. Ол туралы «Алаш көсемсөзі: дін мәсе­лесі» атты кітапта Л. Н. Гумилев атын­дағы ЕҰУ профессоры Қайрат Сақ: «ХХ ғасырдың басында Қазақ елінің өркендеуі жолында діннің алатын орны туралы Алаш зиялыларының арасында екі жақты көзқарас қалып­тасты. «Айқап» журналында: «егер, қазақ мемлекеті құрылатын болса, Ислам дінінің заңдылықтарына, яғни, «шариғатқа» негізделу керек» деген пікір басымдық танытса, «Қа­зақ» газетін шығарушылар қазақ мемлекетін Европалық жүйемен бас­­қару керек деген пікірде болды. Сөй­те тұра, олар ата дініміз исламды, салт-дәстүрді халықтың маңыз­ды рухани құндылығы ретінде көздің қара­шығындай сақтауды ұстанған. Осы екі идея халық арасында қоғамдық пікір тудырды. Бұл мәселе – бүгінгі күні де өзекті», – деп жазған болатын. Алаш зиялыларының көздеген мақсаттарының ең өзектісі қазақ баласына, еліне жан­ашыр­лық таныту, ұлттың еркіндігі мен азаттығын алу, діні, тілі, мәдениетін сақ­тау екендігіне шүбә келтірмегеніміз жөн.

Алаш қозғалысының өрістеуінде Ис­лам дінінің орнын айрықша атап өт­кен дұрыс. Оған үш түрлі себеп бар: біріншіден, алаш зиялыларының иман­дылығы, екіншіден, мұсылманша тәр­бие көріп, білім алуы, үшіншіден, ұлтқа деген шынайы жанашырлығы. Қозғалыстың қарқынды жүргізілуіне Мұсылман съез­дерінің, Мұсылман фрак­циясының, «Шура-И-Ислам» сияқ­ты қоғамдық саяси ұйымдардың ықпалы зор болғандығын байқаймыз. Аты аталған ұйымдардың ішінде «Шура-И-Ислам» саяси ұйымы 1917 жылы мамырда Мәскеуде өткен бүкілресейлік мұсылман съезінің шеші­міне сәйкес құрылды. Бұл ұйымның негізгі қызметі: біріншіден, мұсыл­мандардың, екіншіден, олардың қоғамдық ұйымдарының Құрыл­тай жиналыстарына дейінгі іс әрекеттерін қадағалап отыру. Ұйым өз жұмысын тек Қазан төңкерісіне дейін жүргізді. «Алаш»    партия­сы­ның    бағдарламасына да дін ісі же­ке тарау ретінде енгізіліп, күн тәр­тібіндегі басты мәселелердің бірегейі ретінде қарастырылды.

«Шынында да бұрынғылар дінді сыртқы формаға қарап өлшегендіктен, орысша оқығандарға салқын қарайтын еді». Бұл «Айқап» журналына  шыққан  «Үлкен кісілерімізде кішкене мінез» атты мақаладан үзінді. Қазіргі формалистер сияқты, сырт киімге қарап, оның имандылық дәрежесін өлшеп-пішетіндер ол заманда да табылған екен. «Қазақ қарындастарыма» атты мақалада Файсәлірахман Жиһандар шариғатпен харам деп отырмай, газет-журнал оқып,  қоғам өміріне араласуға шақырады: «Бұл заманда халықтың ғылым, өнер дәрежесі, һәм кітаптардың көптігі-аздығымен байқалады.

Бағызы бір молдалар газет-журнал шариғатта жоқ, оны оқуға болмайды деп атайды.  Бұлар бұрын газет көрмегендіктен, оны не екенін біле алмай қапаланып айтады. Болмаса газет шариғат қосуы бойынша  пайдалы саналады» деп жастардың санасына саңылау түсіргісі келеді. Байқасақ, бүгінгі кейбір әсіредіншілдер де теледидар көруді харам деп, тіпті далаға лақтырып  тастап жүргендерге де, бүгінгінің адасқан «молдалары» оны харам, шариғатта жоқ деп ұғындырғанының әсері екені айдан анық дүние.

Байқап қарасақ, бір ғана дін тақырыбына қатысты ондаған мәселелер қазақ жұртшылығын алаңдатқан екен. Ал енді Алаш көсемсөз шеберлері осы  діни мәселелерді қалай шешпек болды деген сұрақтың жауабына келсек.

Мерзімді баспасөзде жарық көрген мақалаларға жүгінсек, Алашорда үкіметі мен ұлт лидерлері бұл мәселеде қол қусырып, қарап қалмаған, түйіткілдерді бірнеше жол арқылы шешпекші болған. Мәселені шешу барысы зайырлылық пен демократиялық принциптерге арқа сүйеп, ұлттың ауызбірлігіне үміттене отырып, бірнеше тарапта қатар жүрген.     

Қазақтың төл мүфтиятын құру нәтижесінде Алаш белсендісі Ғұмар Қарашұлы алғашқы қазақ мүфтиі болды. Мүфтият діни құқық туралы кеңестер өткізу, мұсылмандар мүддесін қорғар саяси ұйымдар құру, елдің даму бағытына сай діннің идеологиялық рөлін анықтау бағытында жұмыстар жүргізді.

Осылайша  ұлттың діни тұтастығы елдің жарқын болашағының кепілі екенін терең түсініп, осыған қатысты мәселелерді шешуде аянбай тер төгіп, ұлтшылдарымыз өздерінің қайтпас қайсарлығы мен табандылығын көрсетті. Діни құқық туралы кеңестердің нәтижелері де баспасөзде жарияланып тұрды. Мәселен, «Айқапқа» шыққан «Қазақтардың діні, құқық һәм жер хақындағы өзара кеңестерінің қорытындысы» туралы мақала осыған дәлел.

Мұстафа Шоқай Түркістан мұсылмандары (яғни орыс емес халықтары) құрылтайын өткізуді қолға алған екі саяси ұйымның бірі «Шура-и-ислам» саяси ұйымын (“Мұсылмандық кеңесі”) басқарды.

Зайырлылық жолына түстік деп жүргенде, әлемдегі діни жағдайдың күрделенуімен, діни фанатизм мәселесі  бүгінгі таңда қайта күн тәртібіне шығып тұр. Қазақ қоғамындағы Ислам факторы туралы сөз қозғағанда, біздің елде ол  бұрын ешқашан экстремизм мен фанатизм сипатын алмағанын ескеруіміз керек.

Нұржан Әбдікәрім
Шымкент қаласы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің әлеуметтанушысы