Рухани келісім – тұрақтылықтың іргетасы

0
1647

Тәуелсіз Қазақстанның 30 жыл ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық болып табылады. Егемендік алғаннан бері  еліміздегі 18  конфессия мен 130-дан астам ұлт өкілдіренің басын біріктіру, тұрақтылық пен тыныштық орнату еліміздің басты мақсаттарының бірі. Бүгінгі таңда рухани келісім көптеген елдер үшін бірінші кезектегі міндетке айналды. Осы жағдайда Қазақстан ұлттық бірлігіне негізделген тұрақтылықты көрсетіп отыр. Елімізде өмір сүретін этностардың ауызбірлігі мен төзімділігі қазақстандықтар үшін егемендік құру жолындағы күрделі кезеңдерден өтуге жәрдемдесті және әлі күнге дейін ел дамуына үлкен күш-қуат беріп отыр.  Бүгінде Тәуелсіз мемлекет атанып, ел-халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан.

Өркениеттің рухани әлеуетіне немқұрайлы қарау бүгінгі әлемдегі жаһандық деңгейдегі рухани және адамгершілік дағдарыстарға алып келіп отырғаны баршамызға  аян. Осынау үдеріс адамның өзінің ұлттық тамырынан, тарихынан және адамзатты сан ғасырлар бойы ұйытып келген Бейбітшілік, Келісім, Мейірімділік, Қайырымдылық және Жанашырлық тәрізді құндылықтардан бой алыстатумен қатар көрініс табуда.

Қазақстан халқының дәстүрлі мәдениетіне және қазақ халқының болмысындағы сан ғасырлардан бері жасасып келе жатқан этикалық кодекстен бастау алатын рухани мұраттарға тұғырланатын негіздер біздің елімізде қайта тыныс ала бастады. Сондықтан басқа идеялар мен көзқарастарға төзімділік танытудан, әртүрлі діндер мен этнос өкілдерінің дәстүрлі рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтарды ұқыптылықпен қабылдауынан көрініс табатын халқымыздың ділі мен рухының ашықтығы бүгінгі Қазақстан қоғамындағы рухани келісімнің тұғыры болып табылатыны сөзсіз.

Шынында да, этносаралық және конфессияаралық келісім осын­дай қысқа мерзім аралығында саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларда ауқымды өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Осы ретте, біздің мемлекетіміздің жаңа тарихы түрлі мәдениеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүре алатындығына ғана емес, сондай-ақ олардың қоғамның дамуына оң ықпал ете алғандығына шынайы дәлел болғандығын атап өткен жөн.

Қазақстанда жасақталған мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қатынас моделі діндарлардың құқықтары мен бостандықтарын сыйлауға, өзара түсіністікке қол жеткізуге және әріптестік қатынастар орнатуға негізделген. Елімізде ар-ождан, діни сенім бостандығын және ой еркіндігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалған. Мемлекеттің дін саласындағы үйлестірілген әрі пәрменді саясатының нәтижесінде, діни және этномәдени бірлестіктердің рухани келісімге қосқан үлестерінің арқасында біздің елімізде этностық және діни негіздегі шиеленістердің жолына берік тосқауыл қою қамтамасыз етілді. Еліміздің Конституциясында Қазақстан Республикасы дін мемлекеттен бөлінген зайырлы мемлекет екендігі нақты айқындалған. Дегенмен, мемлекеттің дінге қатынасы туралы айтқанда, дін саласындағы өзекті мәселелер мем­лекет тарапынан тыс қалмайтындығын атап өткен жөн.

Қазақстан қоғамында берік орныққан рухани келісім халқымыздың мәдени және рухани өмірінің дамуындағы ханафи бағытындағы ислам мен православиелік христандықтың тарихи рөлін мойындауға, сондай-ақ, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін өзге де діндерді сыйлауға үндейді. Қазіргі таңда еліміздегі діни бірлестіктер тарапынан қайырымдылық көмектер көрсету, отбасылық құндылықтарды нығайту, қылмыстың алдын алу секілді көптеген маңызды әлеуметтік жобалар іске асырылуда.

Бүгінгі таңда Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуда қол жеткізген бірегей тәжірибесі күн өткен сайын әлемдік қоғамдастықтың сұранысына ие бола түсуде. Бүгінгі таңда әлем картасында елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру жөніндегі  мәдениетаралық және дінаралық үнқатысу орталығы ретінде танылуда. Әлем елдерінің дінбасылары мен саяси лидерлері Еуразия жүрегіндегі қазақ жерінде рухани келісім негізі қаланып, діндер үнқатысуы шын мәнінде жүзеге асқандығы жөнінде ортақ пікірді ұстанады.

Діни лидерлер съезін өткізу арқылы жаһандық деңгейде рухани келісімді қамтамасыз етудегі Қазақстанның және оның көшбасшысының рөлін Үндістанның аса көрнекті жазушысы және қоғам қайраткері Рабиндрант Тагордың «Әрбір ұлт өзінде бар жақсылықты жалпының игілігі етуі тиіс» деген сөздерімен білдіруге болады. Асыл рух – ұлт байлығы, ал оның жетістігі – біржақты жеке мүдделерді жеңе отырып, әлем елдерін рухани келісімді асқақ­татуға шақыру болып табылады. Қазақстанда заманауи мемлекеттіліктің қалыптасу тарихы әуел бастан-ақ даму жолымыздың дұрыс таңдалғанын көрсетеді. Бұл біздің мемлекеттілігіміздің тұғыры ретінде анықталған саяси тұрақтылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, әлеуеті күшті экономиканы қалыптастыру мақсатын ұстанған еліміздің саяси көрегендігінің арқасы екендігіне күмән жоқ.

Тәуелсіздік жылдары ішінде өзімізге тән тамаша дәстүрлер қалыптасты. Рухани келісім – біздің ұлттымызға тән  үлкенді сыйлау, отбасына құр­мет, балаларға  қамқорлық, қонақжайлылық, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ізгі ортақ құндылықтар берік орнықты. Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.

Шымкент қаласының дін істері басқармасы 
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» 
КММ маманы Айнабек Ерболат