Зайырлылық – дін емес. Ол – мемлекеттік ұстаным. Бірақ оның қоғаммен, адаммен қатысты тұсы да бар. Себебі мемлекет те, дін де адамсыз бос ұғым. Мемлекеттің де, діннің де мақсаты мен мұраты – адам және адамдардың мүддесі. Осы тақырып төңірегіндегі сұрақтарға назар аударайық. Діндар адам зайырлы бола алам ма? Жалпы зайырлылық ұстанымы адамның жеке тұлғасына қаншалықты қатысты? Мемлекет зайырлы болса, сол мемлекеттің азаматтары, яғни тұлға да зайырлы бола ма?

Зайырлы мемлекет барлық наным-сенімдерге, идеологияларға бейтарап қарайды. Зайырлылық мемлекет пен діннің бір-бірінен бөлінуі, мемлекеттің әлеуметтік, саяси және құқықтық негізгі жүйесінің діни ережелерге сүйенбеуін білдіреді. Осы анықтамаларға қарап, зайырлылықтың мемлекет болмысына қатысты қағида, ұстаным екендігін көруге болады. Байқасақ дінді мемлекеттен бөлетін, діни негізге сүйенбейтін, діндерге бейтарап қарайтын жеке тұлға емес, мемлекет екен. Ал, жеке тұлға барлық діндерге тарапсыз қарай ала ма?

Расында осы мәселеде идеологиялық ғылыми негізі жоқ анықтамаларға негізделген түсіндірмелермен шектелу дұрыс болмайды. Бұл – мемлекетіміздің тарихи болмысын, құндылықтары мен дүниетанымын ескермегендік болады. Сондықтан анықтамалармен қоса, сол ұстанымның сатылары мен ерекшеліктеріне салыстырмалы талдау жасау керек. Себебі батыста дін қызметкерлеріне клерикал, ал қарапайым адамдарға зайырлы деп қарайды. Яғни зайырлы адам деген сөз дін адамы яки діни қызметкер емес дегенді білдіреді. Ал мұсылмандарда бұл түсінік бөлек. Исламда діни қызметкер, діни адам деген ұғым жоқ десе де болады. Кез келген мұсылман діни білімі жетіп тұрса діни қызметті атқара алады. Мысалы жамағатқа имам болып намаз оқыту, жаназа шығару сынды.

Европада демократиялық мемлекет институты негізінен зайырлы болып келеді. Ал, адам немесе жеке тұлғаға зайырлы сипаты қолданылмайды. Бүгінгі таңда біздің қоғамда зайырлылықты атеизммен шатастыратындар бар. Олар зайырлылықты дінге жат әрі оған қарсы құбылыс деп біледі. Себебі оларда зайырлылық туралы білім жоқ, немесе дұрыс түсінік қалыптаспаған.

Егер зайырлылық құбылыс не идеология болса онда дінмен салыстыруға болады. Және зайырлылық өз алдына дін болса, онда да жастарымыздың оған қарсы шығуы дінін қорғау мақсатында жасалған тұлғалық қасиет деп есептеуге болар еді. Бірақ зайырлылық дін де, идеология да емес. Ол – ұстаным, бағыт. Сол себепті зайырлылықтың ұстанымы, қызметі, қоғамға тигізер пайдалары қандай соны анықтап алу қажет. Яғни алдымен зайырлылықтың мәні мен болмысын танып алуымыз шарт. Сонда ғана бұл туралы бір сөз айтуға болады.

Зайырлылық дін болмағандықтан Исламға да, басқа дінге де бейтарап қарайды. Енді зайырлылық бір идеология болса кез келген дінге бейтарап қарай алар ма еді? Әрине жоқ. Демек бұл тұрғыдан қарасақ жеке тұлға зайырлы мемлекеттің азаматы бола отырып, белгілі бір дінді ұстанушы немесе діни қызметкер бола алады. Зайырлылық бұған кедергі болмайды. Олай болса атеист те зайырлы әрі атеист болуы мүмкін. Себебі жоғарыда айтылғандай зайырлылық дін емес. Егер зайырлылық дін болса онда жеке тұлға бір уақытта әрі діндар әрі атеист бола алмайды.

Біздегі кейбір адамдар зайырлылықты кешегі коммунистік кезеңдегі атеизммен шатастырады. Ол режимде барлық нәрсе, ғылым да, өнер де, әдебиет те атеизмге қызмет етті. Сондықтан кешегі коммунизм атеистік мемлекет болды деп айта аламыз. Кейбір зерттеушілер оны зайырлы, соның ішінде секуляризм, яғни шектен шыққан зайырлы жүйе болған дейді. Бұл қате түсінік. Себебі зайырлылықта әр адамның Құдайды тану тәжрибесі рухани психологиялық процесс ретінде нақты шаблондарға сүйенеді. Кеңестік кезеңде мұндай мүмкіндіктер болмады.

Мемлекеттің діни қысымды болдырмауының өзі оның демократиялық және зайырлы ұстанымының басты қызметі. Ал кеңестік жүйеде мұндай қызметтер болмаған. Бұған заңымыздағы «ар ождан бостандығы», діни сенім еркіндігі» дәлел болады. Ал қазіргі мемлекеттің демократиялық, либералистік және зайырлылық сипаты ешқандай сеніммен, діни қағидамен қайшы келмейді.

Қорыта айтқанда зайырлылық дін емес, мемлекеттің ұстанымы. Ол дінге тыйым салмайды. Зайырлы қоғамда өмір сүре отырып діндар болуға, діни қызмет атқаруға мүмкіндік бар.

Қабылбек   Әшірәлиев
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы                                                                   

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *