Толеранттылық – бейбітшілік кепілі

0
6931

Толеранттылық қай кезеңде болсын ізгілікті іс ретінде саналған. Ол – рухани бірлікке апарар жол. Толеранттылық, төзімділік түр­лі адамдар өмір сүретін ортада өзара сыйластық пен құрметтің ортай­мауына ұйытқы болады. То­ле­ранттылық бар жерде адамдардың құқығы мен бостандығы сақталады. Негізінен, әр адамның татулықты қалауы қоғамның тұтастығын қамтамасыз етудің бір тетігі. Жалпы, толеранттылық үрдіс қалыптаспай, өркениетті қоғам құру мүмкін емес. Ортадағы төзім­сіз­дік, шыдамсыздық түрлі дау-да­майға, тәртіпсіздікке, адам құ­қығының бұзылуына алып келеді. Кейбір қоғамдарда орын алып жатқан нәсілдік кемсітушіліктер, күмәнді таптаурын көзқарастар, дінаралық, ұлтаралық түйткілдер осы төзімсіздіктің салдарлары. Төзбеушілік орын алған жерде оған қарсы күш пайда бола­ды. Бұл өзара жанжалдың ушы­ғуы­на апарып соғады. Жеке адам өз бойындағы төзімсіздікпен күре­суі үшін, алдымен қоғамдағы жағымсыз құбылыстарға, кесірлі топтарға қатысты өзінің байсалды ұстанымын қалыптастыра білуі қажет.

Жер бетінде өзіндік ерекше мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар түрлі ұлттар тұра­ды. Жер жүзінің адамдары терең­нен үңілсең, бір-бірімен жіпсіз байланыста. Осы өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсу үшін, біріншіден, толеранттылық керек. Адамдар бір-бірінің нәсіліне, ұлтына, жынысына, жас ерекшеліктеріне қарамай, өзара сыйласуға ұмтылуы адамзаттың үлкен жетістігі деп бағалануы тиіс. Толеранттылыққа, төзімділікке, ынтымақтастыққа, өзара келісімге ұмтылу – Жер жүзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адамдардың бос­тандығы мен құқығын сый­лауға, бақытты өмірге қадам ба­суға мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстан көптеген ұлттар өкілдерінің ортақ үйі, қа­сиетті Отаны болып отыр. Діні, мә­дениеті, тілі, сал-дәстүрі әртүрлі ұлттардың елімізде тату-тәтті өмір сүріп келе жатқаны абыройымызды арттыра түсуде. Бұл мәселеде Қазақстанды әлем үлгі тұтады. Ұлы Даламызда бұрыннан қалып­тасқан толеранттылық, төзім­ділік үрдістері бүгінгі Қазақ­стан қоғамындағы азаматтық тату­лық пен келісімнің, ұлтаралық, дінаралық теңдіктің бастауында тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Қазақстан-2050» бағдар­ламасында: «Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған», деп атап көрсеткенін баршамыз бі­леміз. Толеранттылық пен дін еркіндігі еліміздегі дінаралық келісімнің орнауын қамтамасыз етуде. Бұл өз кезегінде Қазақстанның қай салада болсын дамуына тікелей әсерін тигізуде. Мұны қазақстандықтар жақсы түсінеді. Адамзатқа қауіп төндіретін қандай да бір ықтимал жағдайларға қарсы амал ету ешқашан артықтық етпейді. Бұл бағытта әрбір істі өзара келісіммен, бірлікпен шешкен жөн. Қазіргі таңда уақыт біздің ғана емес, бүкіл әлемнің алдына толеранттылықтың, төзімділіктің мән-маңызын түсінудің қажеттігін алға тартуда. Онсыз әлем қауіп-қатерден арылмайды.

А.Оралбаев,
Шымкент қаласының дін істер басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ «Оңалту және діни психологиялық көмек көрсету» бөлімінің басшысы.