Рухани саладағы толеранттылық

0
1231

ХХІ ғасырда әлем жұртшылығы бейбітшілікті қамтамасыз ету тұрғысынан ұлтқа, тілге, нәсілге, дінге бөлінуден гөрі бірігуге көбірек көңіл бөле бастады. Бұған мәдени ықпалдастық, экономиканың өсімі, жаңа бай-ланыс жүйелерінің пайда болуы, көші-қон жағдайлары, қоғамдық санада жүріп жатқан күрделі трансформациялаулар сияқты т.б. да мәселелер себеп болуда. Бірігу әскери, саяси салада ғана жүзеге аспай, рухани, мәдени салада да негізге алынуда. Осы орайда өзара түсіністік пен рухани келісім, толеранттылық ұғымдарының мәні күн өткен сайын артып келеді.

Мультимәдениет пен жаһандану ғасыры зорлықшыл әрекеттерге жол бермеуді, ешкіммен жауласпауды, өзгелерді тыңдап, пікірін сыйлауды, плюрализмді (саяси, этикалық, мәдени, діни, идеологиялық) жақтап, өзге мәдениеттерді бөтенсімеу қажеттігін сездіруде. Бүгінгі күні толеранттылық рухани-өнегелі категория ретінде қазіргі қоғам үшін өзінің тарихи, діни, психологиялық, педагогикалық, социомәдени өзектілігін айқын аңғартуда.

Өткен ғасырда қырғиқабақ соғыстар мен талай теперішті көрген ұлттар ендігі беталыста уақыт сынынан өткен, тексерілген, тиімділігі тарихпен дәлелденген осы ұғымдарды қоса басшылыққа алуда. «Толеранттылық» ауыз толтырып айтарлықтай өзіндік тарихы бар көнеден келе жатқан сөз болса да, оны жаңа заман мәдениетінің сөздері қатарына қосуға болады. Бүгінгі күні әлеуметтік гуманитарлы ғылымдардың ең өзекті тақырыптарының біріне айналып отырған бұл ұғымның маңызы соңғы он жылдықтарда тіптен артқаны байқалады. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы халықаралық қатынастардағы жаңа тәртіп, мемлекетті басқару формасының демократиялана түсуі, халықаралық және мемлекеттік деңгейдегі даулы мәселелерді шешудің құқықтық механизмдерінің жетілуі, азаматтық қоғамды дамыту, жаһанданудың ықпалымен алыстың жақындап, арақашықтықтардың азаюы, әлеуметтік мәдени қатынастардың жиілеуі, адам құқы, сөз бостандығы, ар-ұждан мен наным-сенім еркіндігі және т.б. әлемдік деңгейдегі өзгерістер мен жаңаша түсініктерге жол ашты. Халықтар ендігі жерде әлемнің мульти мәдениеттілігін аңғарып, бұндай жағдайда бір-бірінің пікірін, бұрыннан қалыптасқан наным-сенімімен көзқарастарын, салт- дәстүрі мен ғұрыптарын, өзіндік дүниетанымы мен құндылықтарын жат көріп жатырқамай, мүмкіндігінше құрметтеу керектігін, өзіңмен өзің оқшауланбай, ойда, пікірде, көзқараста ашықтық қажеттігін түсіне бастады.

Сондықтан да бүгінгі күні бірқатар салаларда жиі естілетін сөздің бірі толеранттылық болып отыр. Толеранттылық көпжақты сөз ретінде қоғамдағы демократия, адам құқықтары мен бостандығы, диалог мәдениеті, мәдениет аралық байланыс, саяси плюрализм, этикалық плюрализм, мәдени плюра-лизм ұғымдарымен тығыз байланысты. Ол сондай-ақ мына салаларда да кең қолданыста: әлеуметтік, жеке, саяси, құқықтық, идеологиялық, коммуникативті, этикалық, дүниетанымдық, психологиялық, медикобиологиялық, діни конфессиялық, ұлттық этникалық, гендерлік, нәсілдік, педагогикалық, тұрмыстық т.б.

ЮНЕСКО-ның «Толеранттылық қағидаларының декларациясында» бір-бірімізді тұлға ретінде сыйлауымыз керек, әр адамның түр келбетіне, әлеуметтік жағдайына, құндылықтарына, жүріс-тұрысына қарамастан, ол өмірде өз даралығын сақтауы керек. Әлемде бейбітшілік пен мейірбандықта өмір сүруі керектігі жайлы айтылған.

Өткен ғасырдың соңындағы посткеңестік кеңістіктегі саяси жүйенің өзгеруі қоғамдық санаға терминологиялық мән-мағынасы әрқилы сипат беретін жаңа ұғымдар легін әкелді. Сондай ұғымның бірі – толеранттылық ұғымы болды. Толеранттылық ұғымының мән-мағынасы  бүгінгі күні мазмұны жағынан әлемді өзгертуші идеялар арнасында тарихи негіздерін сақтай отырып толысуда.

Қазақ дүниетанымында толеранттылыққа байланысты ұлттық ұғымдар мен түсініктер жүйесі көне дәуірлерден бар.  Олар заманның ағысына қарай мағыналық мазмұндары ішінара өзгерістерге түскенімен, негіздері сақталды. Тіпті ұғымдық-терминдік атаулары да сол ретпен өзгеріске түсіп отырған. Оған байланысты айтар пікір біреу-ақ: терминдік ұғымға қатысты ұстаным ұлттық-мемлекеттілік өреміздің биік санатынан көрінуі тиіс. Бүгінгі күні толеранттылық қағидаттарын ұлттық таным-түсінікте тез қабылдауымыз сол тарихи қайнар көздерден деп білеміз. Біздің қоғамда толеранттылық ескіден сақталып жеткен мұраларымыз — имандылық пен ізгілікке негізделген сипатта санамызға қайыра сіңісуде.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев толеранттылы қазақстандық парасатты үлгісі — Қазақстан халқы ассамблеясы қызметінің және қоғамдағы құндылықтардың күретамыры болуына үнемі ерекше маңыз беруде.    Оның сан қырлы астарында әлемдегі  бағыт-бағдар, пікір-идеялар мен құндылықтарға деген көзқарастың өзгермелі сипаты жатыр. Сондықтан Елбасы осы факторларға орай  халықтық даналықты ескере отырып, ел басқарудың өрелі өрістерін қоғамның даму тенденцияларымен ұштастыра жаңа қазақстандық қоғамды қалыптастыра өркендетуде. Толеранттылықтың мазмұнды мән-мағынасын еліміздегі татулық пен келісімі жарасқан халқымыздың бірлігі арқылы әлемге әлдеқашан айқындап бердік. Осы санатта Мемлекет басшысының бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» -Ұлттық жоспарының «Біртектілік пен бірлік» бөліміндегі алты қадам қазақстандық толеранттылы қоғамды қалыптастыруда сөзсіз шешуші қадамдар болатыны ақиқат.  Толеранттылы қоғам –мемлекет тірегі қағидасы біздің өміріміздің бас арқауы болмақ.

Толеранттылық – көп конфессиялы және көп ұлтты мемлекеттің үйлесімі дамуының маңызды шарттарының бірі. Барлық мекен етуші этностардың этникалық және мәдени теңдігін сақтау стратегиясы көпұлтты қоғамдағы неғұрлым табысты стратегия болып табылады. Бүгінгі таңда өркениеттің дамуына мәдениеттер мен діндердің диалогы ғана жағдай туғызатынын уақыт дәлелдеп отыр.

Еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар әр-түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып терең білімді, ізденімпаз, барлық іс-әрекеттерінде шығармашылық бағыт ұстанатын толерантты әрі креативті жеке тұлға тәрбиелеу ісіне ерекше мән берілуде.

Еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде «Қазақстандық патриотизм» ұғымы қолданылып келеді. «Қазақстандық патриотизм» арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, мемлекет, туған өлке, халқы туралы түсініктер оқу-тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс- шараларда Отан сүйгіштік сезімді дамыту, ұлттық салт-дәстүрді сақтау, мемлекттік рәміздерді құрметтеу, ана тілін қадірлеу сияқты сезімдерді оқушылар бойында қалыптастыру, қазақ қоғамы үшін рухани жаңғыру әрбір азаматтың міндеті болуы шарт.

Нұржан Әбдікәрім,
Шымкент қаласы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бағдарламашы маманы