Дінаралық татулық – басты байлығымыз

0
1453

Қазақстан Республикасы биыл өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Осы жылдар арасында еліміз әлеуметтік-эконмикасы дамыған, ішкі бірлігі нығайған көпұлтты, көп конфессиялы мемлекет ретінде күллі әлемге танылды. Түрлі ұлт мекендеген еліміздін аралықта татулық пен келісім отаны десек, әлем жұртшылығы конфессияаралық диалог алаңына айналған егеменді мемлекет деп танитыны анық.

Қазақ халқының сан ғасырлар бойында тағдыры тауқыметке толы тарих. Қазақ елі қаншама белестерді бағындырған, топырағын түртсең тарихы сөйлейтін құт мекен. Қазақ халқының қаны мен жаны бөлек, жанына ешкімді жат тұтпай, баршасын бауырына алған. Оның дәлелі елімізде екі жүзден астам көпэтностың бір шаңырақ астында өмір сүруі. Олардың татулығы мен ынтымағы жарасқан. Бірін-бірі бауырына басқан.

Сан ғасырлар бойы мәңгілік ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тапқан қазақ халқындағы осы бір қасиетті түсінік  бүгінгі егеменді еліміздің басты қағидасына айналды.  Қазақ халқы әлемге өзінің қонақ жайлығы мен дархан көңілінің, бейбітшілік сүйгіштігінің бастамашысы екендігін дәлелдеген мемлекет.  Этносаралық татулықты сақтап, ел басына қандайда бір ауыртпашылық күн туса да, бір-біріне қайырымдылық жәрдемдерімен қол ұшын созып, ынтымақта өмір сүріп келеді.

Мұндай сананың бойға сіңуі ұрпақтың тәрбиесінен екендігіне ешкім дауласа алмайды.  Ал ұрпақтан-ұрпаққа жететін асыл дүниелердің бірі, әрі бірегейі наным-сеніміне қатысты екендігін білуіміз қажет.

Еліміздің Конституциясына сәйкес тілі мен дінге көзқарасына қарамастан барлық азаматтардың заң алдында теңдік қағидаттарына және әрбір азаматтың жеке наным-сеніміне құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлы моделі қалыптасты.

Жалпы қабылданған әлемдік нормаларға сәйкес мемлекет азаматтарының құқықтары мен қоғамдық қауіпсіздіктің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында діни ұйымдардың қызметін реттеуге құқылы екендігі айтылған.

Мәселен, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы халықаралық құқық пен еліміздің Конституциясында көзделгендей әркімнің ар-ождан бостандығы құқығын іске асыруға бағытталған, ол дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың және ұлттық мүддені қорғаудың құқықтық негізі болып табылады.

Қолданыстағы заңнама аясында діни бірлестіктердің қызметі реттелген, миссионерлік қызметті жүзеге асыру, діни іс-шараларды, дінтану сараптамаларын жүргізу, ғибадат үйлерін салу, діни әдебиетті тарату тәртібі айқындалған.

Елімізде дінаралық келісімге келу, дін мәселесінде тағатты болу мәдениетінің қалыптасуы, азаматтардың діни сенім бостандығы, ұлтаралық татулықтың маңыздылығы Қазақстан Республикасының Конституциясымен негізделеді. Ата Заңның 14-бабының 2-тармағына «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды», 39-баптың 2-тармағына сай «Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады» деп нақты көрсетілген, яғни кез келген азаматтың құқықтарын сақтай отырып, соның ішінде діни сеніміне байланысты еркіндік бере отырып, келісімге келудің заңнамалық негіздері көрсетіледі.

Елімізде тәуелсіздік жылдарында келісім, бейбіт қатар өмір сүру құндылықтарының бағалануы халықаралық ұйымдар тарапынан да оң бағасын алып келеді. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалық етуі, ел тарихының бұл кезеңі де толеранттылықты басым бағыт ретінде бекітумен өтіп, «Сенім. Дәстүр. Транспаренттлік. Толеранттылық» негіздерін анықтады, 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына мемлекетіміздің төрағалық етуі қазақ жеріндегі бейбіт ымыраласудың тиімділігіне көрсетілген сенім белгісі болып табылады.

Елімізде 2003 жылдан бері қарай әр үш жыл сайын өткізіліп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің конфессияаралық келісімді нығайтуда халықаралық деңгейде орны ерекше. Әр съезд өз алдына күрделі мақсаттар қойып, соны жүзеге асыруда қыруар жұмыстар атқарылуда.

Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы тапсырған міндеттерге сәйкес, елімізде ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, соның ішінде лаңкестікке қарсы тұруға бағытталған мемлекеттік саясат жүзеге асырылып келеді. Мемлекетімізде ұлтаралық және этносаралық келісімді, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, жастардың мүдделерін қорғайтын мемлекеттік саясат жұмыс істеуде.

 Осыған байланысты Қазақстан Республикасы қоғамды терроризм және діни экстремизмнен келетін қауіптен қорғау жүйесін жасады, және оның тиімділігі уақыт өткен сайын күшейіп келеді.

 Соңғы жылдары елімізде терроризмнің алғышарттарын анықтау және оны жою үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық базаны құруда және оны жетілдіру бағытында айтарлықтай шаруалар еңсерілді.
Терроризм және діни экстремизмге қарсы күрес бағытындағымемлекеттік бағдарламаның жүзеге асу кезеңінде лаңкестік қауіптің алдын-алуға бағытталған заңнамалық, ұйымдастырушылық және идеологиялық шараларды күшейту, терроризмнің тамырына балта шабу үшін әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастырушылық, насихаттық және өзге де тетіктер жасалып, оны одан әрі дамыту жұмыстары жүргізілді.

 Елдегі терроризм мен діни экстремизмге қарсы іс қимылда мемлекеттік органдардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың қосқан үлесін жоғары бағалай отырып, сонымен қатар бұл зұлымдықтармен күрес мемлекеттің және қоғамның барлық институттарының, барша қазақстандықтардың басты міндеті болып отыр.

Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде Қазақстан билігі елімізде ең ірі жетістіктердің біріне жетті. Ол – діни-сенім бостандығы мен дінаралық татулықтың толық орнығуы дер едік. Иә, біз тәуелсіздігімізді алдық. Қазақстан қазір әртүрлі діндер мен этностар мекен еткен ел. Басты байлығымыз да  осы тұрақтылық.

Аружан АТЫМТАЕВА

Шымкент қалаcының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық

мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін уақытша атқарушы.