Отандық діни оқу орындарында білім алудың маңыздылығы

0
1063

Тәуелсіздік алған жылдан бастап еліміздегі жастардың жан-жақты білім алуы үшін көп мүмкіндіктер пайда болды. Бір ғана «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде мыңдаған қазақ жастары дамыған елдерге барып, білім алды. Дәл осы сәтте діни білім алуға ұмтылған жастардың да қатары көбейген. Болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге арнаған қазіргі жастарға өз отанында, кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалған.

Шетелге шыққан бірлі-жарым жастардың түрлі келеңсіз оқиғаларға тап болғанын да жоққа шығаруға болмайды. Осы ретте мемлекет жастарымыздың шетелдерде әр алуан сипаттағы қақтығыстарға ұшырамауына, олардың жапа шекпеуіне және басқа елдердің заңдарына қатысты мәселелер туындамауына мүдделілік танытып келеді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 11-бабына сәйкес, мемлекетіміз өз азаматтарының қорғанысы мен қамқорлығын ел шекарасынан тыс жерлерде де қамтамасыз ететіні белгілі. Сондықтан, еліміздің мемлекеттік органдары қазақ-стандықтарды шет мемлекеттердегі түрлі даулы жағдайларға немесе жат діннің идеологиялық арбауына түсу жолдарынан шеттетуге бар күш-жігерін жұмсап отыр.

Қазіргі таңда діни білім алу үшін тау асып, тас басып, өзге елге барудың да қажеті жоқ. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мен Дін істері комитеті ауыз толтырып айтатындай маңызды жұмыстар атқарып, муфтият жанынан жастарға діни тұрғыдан білім беріп, кадрларды даярлайтын медреселерді колледж деңгейіне көтеріп, мемлекеттік диплом табыстайтын ресми оқу орнына айналдырды. Иә, жер-жерде медреселер ашылып, өз бетінше имам-молдаларды дайындады. Діннің қоғамдағы рөлі артқан сайын, бүгінгі қоғамның сұранысын қанағаттандыра алатындай дін мамандары мен діни қызметшілерді даярлайтын орта және жоғары оқу орындарын құру мен қолдауға көңіл бөлінуде. Тәуелсіздік алған бастапқы жылдармен салыстырғанда бүгінгі күні Қазақстанда дінтанушы және теолог мамандарды даярлау біршама алға басқанын атап өту қажет.

Қазіргі таңда Қазақстан билігі сырттан діни білім алуға ұмтылған жастарды бөтен ойлы деструктивті ұйымдардан сақтандыру ісін қолға алып, түрлі талаптар қойып, олардың білім алу барысын қадағалауды күшейтті. Сондықтан талапкерлер алдымен өз елімізде базалық діни білім алып (бакалавр), содан кейін ғана

шетелдік діни білім беретін оқу орнына мемлекет тарапынан берілетін арнайы жолдама негізінде оқығаны дұрыс.

Осы орайда ата-аналар мен студенттер сапалы діни білім алу үшін Қазақстанның да мүмкіндіктері жоғары екенін білулері керек. Бүгінгі күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасысына қарасты бір Ислам университеті мен тоғыз медресе жұмыс істейді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев кезінде елдің қиын экономикалық жағдайларына қарамастан, Алматыда «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетін ашқызды. Алғаш құрылған жылдан қазіргі кезге дейін университет елдің белді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Бүгінде аталған білім ошағы қазіргі күннің талаптарына жауап беретін жоғары білімді әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады. Қазіргі кезде елімізде 9 медресе, соның ішінде 5 медресе-колледж жұмыс жасауда. Сапалы маман даярлау мақсатында Түркістан облысындағы «Шымкент» медресе-колледжі мен «Сарыағаш» медресе-колледжіне жылына 175 грант бөлінуде. Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған.

Еліміздегі ислами білім беру жүйесі бес деңгейде қызмет атқарады. Атап айтқанда, олар: діни сауат ашу курстары, Қарилар дайындау орталықтары, медреселер, білім жетілдіру институты, университет.

Қазақ елінің рухани қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен тікелей сабақтас. Отандық діни оқу орындары халықтың діни танымынан, ұлттық ерекшеліктерінен терең хабары бар азаматтарды тәрбиелеп шығарады. Қазақы рухани қайнар көздерден сусындаған және олардың қадірін білген шәкірт діни саладағы істердің жандануына мол үлесін қоса алады.

Шетелге білім алуға барған жастардың жат діннің ықпалына түсіп кету қаупі қашанда жоғары екенін естен шығармауымыз керек. Сол себепті өз отанымызда білім алып оны жетілдіру өте маңызды. Мамандардың айтуынша, мұндай келеңсіз жайттарға аты беймәлім ұйымдар, бауырластық, достық атын жамылған түрлі діни қауымдастықтар ашқұрсақ жастарды арбап, қатарына тартуға күш салады. Осы жайттарды назарға алатын болсақ, теологиялық ілімге бас ұрған жастар бірінші кезекте өз елімізде білім алғаны жөн. Жастар жергілікті оқу орындарында Ислам құндылықтарын ұлттық ерекшелікпен қатар бойына сіңіргеннен кейін олардың ой-санасында қорғаныштық қабілет қалыптасатыны белгілі. Елімізде білім алып, оңы мен солын таныған жастарды білімін одан әрі ұштау үшін сырт елдерге қорықпай жіберуге болады. Өйткені ұлттық тамыр тереңге

кеткен жастарды ешкім дұрыс жолынан адастырып, кері жолға түсіре алмайды. Сондықтан да, діни сауаттылығын көтеруге ұмтылған жастардың бастапқы діни білімді өз еліміздегі «Нұр- Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университеті мен тоғыз медреседен алғанын қалар едік .Қазақи салтпен қосарласа берілген діни білім болашақ дін мамандарына үлкен абырой әкелері сөзсіз.

Аружан АТЫМТАЕВА,
Шымкент қалаcының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін уақытша атқарушы