Зайырлы мемлекет қоғамның дамуы мен өркендеуінің кепілі

0
882

Биыл тәуелсіз мемлекетімізге отыз жыл толады. Осы отыз жылдың ішінде халқымыз қиындықты да, жақсылықты да тәуелсіз шаңырақтың астында ел-жұрт болып көріп келеді. Ең алғаш тәуелсіздікті алғанда мемлекетіміз тәй-тәй басқан сәби секілді еді. Өйткені орыс патшалары мен жетпіс жылдан аса атеистік «Құдайсыз» жүйедегі мемлекеттің отарында болу,  сан ғасырдан бері қалыптасқан қазақи мұсылмандық дүниетанымның жойылуына әкеп соқтырды. Шын мәнінде қазақи мұсылмандық діни дүниеатаным зайырлылыққа, толеранттылыққа, гуманизмге негізделген еді. Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында санасы бос, қазақи дүниетанымы қалыптаспаған көптеген орта буын ағалар, кіші буын інілер атадініміз исламды үйренеміз деп шетел асып оқуға кетті. Бес-он жыл шетелдегі күмәнді діни оқу орындарынан оқып келген азаматтар, дінді енді үйреніп жүрген адамдарға деструктивті діни ағымның улы уағыздарын айтып саналарын улады. Деструктивті бүлдіргіш діннің уағызымен уланған адамдар ең бірінші қазақтың өткен тарихын, діни тәжірибесін, болмысын, жалпы ұлттық құндылығын жоққа шығарды. Екінші Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабы 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары», – делінген бапқа қарсы діни насихаттар айту арқылы діни мемлекетті орнатуды көздеді. Осындай улы уағызбен улаған адамдар Тараз, Ақтөбе, Алматы, Ақтау қалаларында лаңкестік әрекетке барып қаншама жазықсыз адамдардың өмірін қиды. Мұндай лаңкестердің зұлымдығы асыл дініміз исламға тиіп, діннен шошитын елдің саны көбейді. Бұл қазіргі қоғамның қауіпті дертінің бірі. Оның алдын алу жолы Ата-Заңымызда жазылғандай, демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетіміздің орнығуын ел-жұрт болып қолдау және дәстүрлі дінімізді түсіндіру қажет.

Жалпы адамзат тарихына үңілетін болсақ, дін мен мемлекет қатынасын реттейтін тетіктер болған. Солардың ең басында келетіні — зайырлылық (лаицизм) – демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет жүйесінің дін құбылысымен қарым-қатынасын реттейтін ұстаным. Лаицизм терминін зайырлылық ретінде қолданып келеміз. Бұл ұғымның шығу төркінін талдап қарасаңыз, сөздік тұрғыдан «діни емес адам», «діни емес зат», «діни емес ой», «діни емес мекеме», «діни емес жүйе», «діни емес ұстаным» т.б. мағыналар келеді. Христиандар атап айтқанда, католиктерде «дін адамы еместерге, яғни аскет, папалардан басқа жалпы христиандарға зайырлы яғни, лаицист делінеді». Осы негізде зайырлы құқықтан мақсат, дінге сүйенбеген құқық, ал зайырлы мемлекет дегенде діни сенім, яғни ақидаларға негізделмеген мемлекет ұғынылады.  Бұрыннан Батыста шіркеу адамдарына клерикалдар,ал олардан басқа христиандарды зайырлы, яғни лаицист деп танылғандығы белгілі. Яғни, христиан әлемінде адамдардың өзі осылай екі жікке бөлініп келген. Ал ислам әлімінде мұндай «дін адамы» немесе «дін адамы емес» деген жік болмаған. Сол сияқты біздің мемлекетте де кез келген адам өзінің дінін ұстанып, құлшылығын орындап немесе ешқандай дінді ұстанбай өмір сүруіне құқылы. Оның діни ұстанымы үшін «зайырлы адам» немесе «зайырлы емес» адам деп бөлмейді. Яғни  зайырлылық — «атеизм» немесе «дінді жоққа шығару емес», керісінше – адамның ар-ождан бостандығына, діни сенім еркіндігіне кепілдік беруді білдіреді. Бұл анықтама «ар-ождан бостандығы», «төзімділік» және «толеранттылық» сияқты құқықтық, моральдық түсініктермен тығыз байланысты. Зайырлылық – мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады. Зайырлылық – қоғамның кез келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни, бұл ұстаным – адамның ар-ожданының, моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік беретін, мемлекет азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз ететін бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесінің ең басты тетігі. Зайырлы елде мемлекет дінге араласпайды деген сөз, діннің иман (сенім), құлшылық, діни оқу және оқыту істеріне кедергі болмайды, сонымен қатар белгілі бір діннің жетегінде де кетпейді дегенге саяды. Себебі діндер көп, ал Құдай түсінігі бір. Адамдардың Құдай түсінігі ортақ болғанмен, олардың Құдай туралы сенімі, танымы, сезімі, құлшылығы, оның мына әлеммен қатынасы, яғни дүниетанымы, ақырет туралы сенімдері де әртүрлі. Сондықтан мемлекет өзінің азаматтарының діни сенімдеріне араласпайды, құрметтейді, бейтарап ұстанымда болады және зайырлы мемлекет діни басшылыққа, яғни діни биліктен тәуелсіз. Оның себебі, республикалық, демократиялық саясатта діни басшылыққа тәуелді болу, мемлекеттегі тұрақтылық пен тыныштықты баянды етудің кепілі бола алмайды. Дін көп болған соң, діни басшылар да көбейеді және  бір діннің ішінде  де көптеген ағымдар мен топтар барын естен шығармағанда жөн. Мәселен біздің мемлекетте заңды тіркелген 18 конфессия болса, 22 экстремистік және террористік деп танылған діни ұйымдар бар. Сондай-ақ тыйым салынбаған саясиланған деструктивті діндер ағымдар да жетерлік. Аталған ұйымдардың әрқайсысының басшылық туралы діни тұжырымдары әртүрлі және қарама-қайшылыққа толы. Егер де аталған ағымдардың бірі билік басына келетін болса, тек бір діннің үстемдігін орнатуға тырысатыны сөзсіз дүние. Осы себепті мемлекет кез келген теологиялық діни нормалардан азат болады. Себебі теологиялық діни нормалар қанша көп болса, сонша құқықтық ұстанымдар мен оның қызметтік нормалары да қайшылыққа түскен болар еді. Сондықтан мемлекет азаматтарының тыныштық пен татулықта, келісім мен бейбітшілікте бақытты болуы үшін зайырлылық прициптерін ұстанады. Мұраты-азаматтарының ары, намысы-сенімі, жаны және мүлкінің қауіпсіздігіне, амандығына т.б. құқықтарына кепілдік беруді көздейді. Дегенмен кейбір діни фанаттық және фундаменталистік көз қарастағы азаматтар зайырлылықты атеистік мемлекетпен шатастырып жатады. Шын мәнінде, зайырлылық – атеистік мемлекет дегенді білдірмейді. Себебі зайырлылық идеология емес, танымдық, болмыстық ағым да емес, құқықтық ұстаным. Ол-мемлекеттік билік пен дін билігінің ажыратылуы. Зайырлылық ұстанымы бойынша мемлекет осы дүниедегі, қоғамдағы осы әлемдегі нақты құқықтық қатынастарды реттейтін басқару ұстанымы болып табылады. Тоқсан ауыздың, тобықтай түйіні,  Тұңғыш Президентіміз Елбасы Н.Назарбаев: «Біз барша діндердің теңдігі мен Қазақстандағы конфессияаралық келісімді қамтамасыз етеміз және бұған кепілдік бере аламыз. Біз исламның, өзге де әлемдік және дәстүрлі  діндердің ең үздік дәстүрлерін дамытудамыз және оларды сыйлаймыз. Сондықтан біз заманауи зайырлы мемлекет құрып жатырмыз» деп, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ сьезінде айтқан сөзінің елміздің тұрақтылығы мен бейбітшілігін баяндылығынын жемісі екенін түсінгеніміз абзал.

Жамбыл облысы әкімдігінің
«Дін проблемаларын зерттеу орталығының»
дінтанушы, магистр
Жақыпов Ерзат Жасқанбайұлы