Зайырлылық — заман талабы

0
788

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік көзқарас дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз» деп атап көрсеткен болатын.

«Зайырлылық» түсінігінің ауқымы кең. Зайырлылық талабына  гуманистік құндылықтар, соның ішінде адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін пайдалануы кіреді. Яғни зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, қоғамның рухани саласындағы көптүрлілікті мойындау.

Діннің мемлекеттен бөлектігіне байланысты мемлекет дін істеріне араласпайды. Зайырлы мемлекеттегі барлық діндер тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылған. Мемлекеттік органдар діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпайды және діни бірлестіктер мемлекеттік міндеттерді атқармайды. Мемлекет тарапынан көмек немесе қолдау көрсетуге конфессиялық ерекшеліктер негіз бола алмайды.

Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлек болғанымен, халықтың  болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлек емес. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта болатынын, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетінін білдіреді. Мемлекет пен діннің арасында зайырлы және рухани құндылықтарға сүйенген жанды байланыстар орныққан.

Зайырлы мемлекеттің маңызды сипаттарының бірі – діни сенімдері мен көзқарастары әр түрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруі. Яғни зайырлы мемлекет рухани саладағы көптүрлі қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. Зайырлылық дін болмағандықтан Исламға да, басқа дінге де бейтарап қарайды. Енді зайырлылық бір идеология болса кез келген дінге бейтарап қарай алар ма еді? Әрине жоқ. Демек бұл тұрғыдан қарасақ жеке тұлға зайырлы мемлекеттің азаматы бола отырып, белгілі бір дінді ұстанушы немесе діни қызметкер бола алады. Зайырлылық бұған кедергі болмайды. Олай болса атеист те зайырлы әрі атеист болуы мүмкін. Себебі жоғарыда айтылғандай зайырлылық дін емес. Егер зайырлылық дін болса онда жеке тұлға бір уақытта әрі діндар әрі атеист бола алмайды.

Біздегі кейбір адамдар зайырлылықты кешегі коммунистік кезеңдегі атеизммен шатастырады. Ол режимде барлық нәрсе, ғылым да, өнер де, әдебиет те атеизмге қызмет етті. Сондықтан кешегі коммунизм атеистік мемлекет болды деп айта аламыз. Кейбір зерттеушілер оны зайырлы, соның ішінде секуляризм, яғни шектен шыққан зайырлы жүйе болған дейді. Бұл қате түсінік. Себебі зайырлылықта әр адамның Құдайды тану тәжрибесі рухани психологиялық процесс ретінде нақты шаблондарға сүйенеді. Кеңестік кезеңде мұндай мүмкіндіктер болмады.

Зайырлы қағидалар мемлекетіміздің баянды болашағының кепілі зайырлылық талабы өзгенің  діни сенімін өзгеге таптауға жол бермеуі. Дін ұстанушы азаматтың бейнесі – ол ең алдымен заңға бағынған, өз халқының салт-дәстүріне құрмет көрсететін және діни радикалды деструктивті идеологияны қолдамайтын азамат.

Бағжан Елтай,
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы