Конфессиялар арасындағы келісім нығая бермек

0
323

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б. Сәрсенбаев Австрия, Ирак, Иран, Ливан, Латвия, Мысыр, Пәкістан, Түркия және басқа мемлекеттердің шетелдік дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларымен кездесті.

Кездесу қатысушыларына алғысөзінде Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Қазақстан Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, барлық діндер мен конфессиялар арасында әрекеттестік мәселелері бойынша ашық және сындарлы диалогқа ұмтылып, әлемде төзімділік идеяларын жылжытуға барынша ықпалдасып жатқандығын атап өтті.

Өзінің баяндамасында Болат Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу арқылы өркениетаралық диалогты күшейту ісінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың рөлін аса ерекшеледі.

Сонымен бірге, Болат Сәрсенбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың жүйелі саясатының арқасында Қазақстан діндер және өркениеттер диалогының жаһандық орталығына айналып, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту бойынша кең және тиімді серіктестікке ашық екендігіне назар аударды.

Шетелдік дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары Елбасы Н. Назарбаев және Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың конфессияаралық диалогты күшейтудегі рөлдерін, сонымен қатар, мәдени-ағартушылық мәні бар және бейбітшілік пен келісімді қолдаудағы ортақ жауапкершілік қалыптастыратын халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру маңыздылығын жоғары бағалады.

Кездесуді қорытындылай келе, Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев осы сынды кездесулер бейбітшілік, ниет адалдығын білдіріп, рухани құндылықтарының тереңдігін ашып, ең жоғары адамгершілік қағидалар – мейірімділік, қайырымдылық және рақымшылдықты ту ететіндігіне сенім білдірді.

Кездесуге қатысушылар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай галереяда ұйымдастырылған фотосуреттерді тамашалады.

Алда болатын басқа да халықаралық фотокөрмелердің хабарламалары Н. Назарбаев орталығының сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады.